Тарих – ұлы есімдерімен құнды

0
3330

 

Ұлылардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ағылшын философы Арнольд Тойнби: «Алып империялар ыдырағанда орнына келетін мемлекеттердің түсетін төрт жолы бар: біреуі – өткенге оралу; екіншісі – әсіре жаңалық, үшіншісі – өзімен-өзі тұйықталу, төртіншісі – түлеу, жаңару жолы», – дейді. Осы жолдардың ішінен біздер, Қазақ елі, соңғысына таңдау жасаппыз. Расында, үздіксіз түлеу, жаңару жолындамыз. Және осы жолмен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып, қауышқалы отырмыз. Тоба! Тоба делік. Исі мұсылман тоба мен шүкірін ұмытпаған.

Шүкір, тыныш елдің қатарындамыз. Ал, тыныштықтың қадірін тынышы кеткен елдер жақсы білсе керек. Сол тыныштықты өз қазанында асытып та, тасытып та алмастан, қайнауын баппен ұстап отырудың өзі даналық. Бұл да болса ел тізгінін ұстаған басшының көрегендігі болса керек. Көрегендік демекші, ел Тәуелсіздігі тарихындағы елеулі оқиғаның бірі – астананың Ақмолаға көшірілуі.

Иә, Алматыдан Астанаға (Нұр-Сұлтан) қырық шақты мекемелер мен министрліктердің түп қопара көшуінің өзі азаттығымызды әлемге айқындай түсті. Жаңа астанамызбен одан әрі биіктей түстік. Әсіресе, Сөздің биіктігіне куә болдық. Талай шаруа қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалғанына риясыз қуандық.

Демек, «орда бұзар отызға» толысқан Қазақ елінің жеңісі де, жемісі де жетерлік екен. Салмағы басым тарихи жылдарға мойын бұрсақ, өшуге айналған талай дүниелеріміз қайта жаңғырыпты. Жаңғыру мен жаңаруда еліміз төрткүл әлемге танылды. Қазақстан сынды мемлекет барын, қазақ сынды қайсар ұлт барын, бейбітсүйгіш ел екенін дүниенің төрт бұрышы білді, естіді, көрді де. Осы азаттықпен бірге Отанға алыстағы миллион қазағымыз оралды. Қазағымыз ғана емес, қаймағы бұзылмаған тіліміз, салт-дәстүріміз қоса оралды.

Біз, осы бейбіт өмір мен азаттығымызды айтар сәтте, сөз өрнегінде алдымен Елбасы есімі қатар айтылатыны шүбәсіз. Тәуелсіздік көшін бастаған осынау Тұлғамен бірге Қазақстанға жаңа рух келді! Атап айтсақ, Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі күллі қазақстандықтарды біріктіруші құжатқа айналды; Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдаулары да өміршең, кезең-кезеңімен атқарылатын асқаралы міндеттермен ұштасып жатты; сан алуан саяси-экономикалық тарихи сынақтардан абыроймен өтіп, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік;  ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету мәртебесін иемдендік. Бұл абырой-құрметтің бәрі өзі келе қалмады, мұның бәрі Елбасының тыңбай жүргізген қыруар еңбегі мен сындарлы саясатының жемісі болатын.

Мемлекетіміздің іргесі бекіп, шекарасы шегенделген осынау жылдар ішінде қаншама бағдарламалар мен тың жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылды, асырылып та келеді. Сондай игі бастаманың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарасымды жалғасы, төл тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғырту мәселесі алға қойылған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты маңызы зор дүние еді. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімді қамтыған мақалада  алты бірдей жоба ұсынылады. Әр бөлімнің өзіндік мақсатын Тұңғыш Президентіміз жан-жақты түсіндіріп өтеді.

Сонымен, біз, «Ұлы Даланың жеті қыры» аясындағы «Ұлы даланың ұлы есімдеріне» қатысты аз-кем ой қозғап, осы тақырыпқа лайықты деп, әр сала төңірегінен кейбір тұлғалардың есімдерін атап көрейікші.

Егер қаншама сырларын қойнауына бүгіп жатқан осынау Ұлы Далаға тіл бітсе, сонау скифтердің тұңғыш патшасы Тарғытайдан бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі аралықта тасқын судай сапырылған сақ, ғұн, түркі, оғыз-қыпшақ ұрпақтары ұзақ-сонар тауарихын, даналарымыздың ұлттық руханият үшін атқарған қадау-қадау іс-әрекеттерін қолмен қойғандай етіп айтар еді. Әуезовтің сөзімен айтқанда, «бір кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына: өз тұсына көрсетіп кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен енді бел ғана емес, биік тұрғы боп, асқар тау боп көрінеді… Бұлар анық қадірімен қымбаттылар. Өздері некен-саяқ, бірақ бір десең, бағыланың дерсің!»

Сол ұлы есімдердің қай-қайсысының да ғылым, техника, философия, өнер, діни ой-сана, ұлттық болмыс, сондай-ақ ел басқару ұстанымына дейін қосқан үлестері орасан зор. Әріден қозғасақ, олар: тарихымызда дала данышпаны атанған Анахарсис (Анарыс), қобыздың атасы Қорқыт, отырарлық ойшыл Әл-Фараби, дүниетаным дүлдүлі Жүсіп Баласағұн, тұңғыш тіл маманы Махмұд Қашқари, имани іліміміздің уағызшысы Қожа Ахмет Яссауи, кемеңгер кеңесші Кетбұға, айбынды қолбасшы, ақылды саясаткер Бейбарыс сұлтан, түгел сөздің түп атасы Майқы би, толғауымен тоғыз ханды тоқтатқан Сыпыра жырау, ұрпақпен үндес Бәйдібек би, елдің қамын жеген Едіге би, жерұйық іздеген Асанқайғы, қызыл тілдің шешені Қазтуған жырау, бағзы заманның баяншысы Бабыр, тарихты таңбалаған Мұхаммед Хайдар Дулати, жазбаша жәдігер Қадырғали Жалаири, үш жүздің басын қосқан Төле би Әлібекұлы, төбедегіні келтірген төрелік иесі Қазыбек би Келдібекұлы, қара қылды қақ жарған Әйтеке би Байбекұлы;  әйел-аналарымыз – Тұмар патшайымнан бастап, Айша бибі, Бабаджа хатун, Бапай ханымдар, Төле бидің келіні Данагүлдің ерекше өзіндік қазақ болмысындағы рөлі; ақылгөй абыз Бұқар жырау, азаттық күрестің алдаспаны Сырым Датұлы, қызғыш құс Махамбет Өтемісұлы, күй-құдыреті Құрманғазы Сағырбайұлы, Шығыстың жарық жұлдызы, тұңғыш ғалымымыз Шоқан Уәлиханов, дала қоңырауы Ыбырай Алтынсарин, әлемдік деңгейдегі ойшыл ақынымыз Хакім Абай, заманының дүлдүл ақыны Жамбыл Жабаев, саусағымен саз салған Дина Нұрпейісова, ақиқат жолының жаршысы Шәкәрім Құдайбердіұлы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, ұстаз ұлағаты Ахмет Байтұрсынов, қазақты оятқан қайсар қаламгерлер Міржақып Дулатұлы мен Мағжан Жұмабаевтар, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, кемел ақыл-парасатымен әлемдік өркениетке өшпес үлес қосып кеткен феномен тұлға Қаныш Сәтбаев, маңдайы жарқыраған марғасқа академик Әлкей Марғұлан, аты мен хаты бүкіл дүниежүзіне аңыз боп тараған қазақ елінің ақиық қыраны Бауыржан Момышұлы, тағлымы терең, ой өресі биік жан Дінмұхамед Қонаев, т.б.

Жоғарыда есімдері аталған және осы сынды тұлғалардың тағылым-ғибратын зердеге түймейінше, елдік руханиятымыздың төрт құбыласы түгел болмайды. Елбасымыз мақаласында Даланың осындай ұлы тарихи қайраткерлерінің өмірі мен мұрасын зерттеуді одан әрі тереңдете отырып, дәріптеу қажеттігін жазады. Бұл тұлғалар әр дәуірдің әр ұрпағына ұстаз, олар кешеден бүгінге, бүгіннен болашаққа жететін хат қана емес, ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі.

Бүгінде республиканың барлық аймақтарында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды, сонымен қатар, тұлғалар бейнесінің маңызды галереясы жоспарланған жұмыстары жүзеге асырылуда. Аталған іс-шараларға елімізден өзге шет елдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарын тарту да көзделген. Баспа мен баспахана мекемелері де осы тақырыпта «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік топтамасын дайындап, басып шығарып, алды кітапханаларға жеткізіліп, оқырмандарына жол тартты. Ал, Елбасы Қорының тапсырысымен жазылған «Ұлы Дала тарихы» кітабының келер ұрпаққа берері мол. Бірнеше мыңжылдық тарихтан сыр шерткен бұл еңбек Прагадағы (Чехия) «Card Couture Award-2019» фестивалінде «Үздік кітап» номинациясына ие болса, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты бас ақынымыздың 175 жылдық мерейтойына орай байқау ұйымдастырып, «Ұлы Дала данышпаны – Абай Құнанбайұлы» атты тұлғалық болмысы мен мұрасын түрлі қырынан қарастыратын құнды дүниенің жазылуына себепкер болды.

Елбасы тапсырмасы негізінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты ғылыми жоба дайындаған болатын. Сол маңызды жоба тізіміне сонау көне заманнан тәуелсіздігімізге дейінгі аралықтағы қазақтың жүз тарихи тұлғаларының есімдері енгені белгілі. Айтулы есімдерді тізімдеу жұмысы бір жыл бойы жүргізілгені көпшіліктің есінде болар. Бір қызығы, бұл бағыттағы жұмысқа шет елдерден мұрағат материалдар көптеп келіп түскен. Мәселен, қытай ғалымы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» төрт томдық кесек еңбегін атап өтуімізге болады.

«Ұлы Даланың ұлы есімдеріне» ел жадынан ұмыт қалып бара жатқан тұлғаларды көбірек насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Айталық, қазақ-қоқан соғысына қатысқан батырлардың, датқалардың, билердің аттары жиі айтылмайды, есімдері тарихтың түбінде жатыр, зерттеуді қажет ететін дүниенің бірі. Бұл енді тарихшыларымыздың еншісіндегі мәселе деп ойлаймыз.  

Жалпы, тарихымыз ұлы есімдермен және олардың бүтін-болмысымен құндырақ. Сол даналарымызды ұлықтау арқылы өткенге шолу жасауға бүгінде толық мүмкіндіктер бар. Белгілі ғалым-этнограф, тарихшы, географ, фольклортанушы Шоқан Уәлихановтың сөзімен айтқанда: «Өз бетімен ел болғаннан бері небір салмақты оқиғасын, не даңқты адамын естен шығармай, ел жадында жазылмай қалмаған. Біреуін ақын жырласа, басқасын ұрпақтарының жадында мәңгілік қалып, өзінің өшпес күйлерімен сыбызғышылар мен қобызшылар жазып кеткен. Әрбір ру басы, сыйлы қазақ өзінің руының шежіресін толық біледі. Өзі тәрбиелі, тәртіпті топ қатарына кіру үшін халық алдында абыройлы, билігі өтімді кәрі билер жетекшілігімен, әдет-ғұрып заңдарын ыждахатпен жаттайды. Өкінішке қарай, енді бір он жылдан кейін «мұның бәрі бұрын болған» деуден басқа амал жоқ».

Шоқанша «мұның бәрі бұрын болған…» деуге де болар. Алайда, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі құпиясы мен жұмбағы мол ойран-топыр заманалар тасқынында жоғалып кетпей, өз реңі мен бояуын, өз мінезі мен дәстүрін қызғыштай қорып, халықтың тағдырын сақтауға орасан қызмет еткен тұлғалары туралы мұнан да тереңірек ізденсек, кеңірек көсіліп айтсақ деген ниет қой.

Әрине, шағын мақалада Ұлы Даламызда ғұмыр кешкен ұлы есімдердің бәрін қамту мүмкін емес. Біз тек кейбіріне ғана тоқталдық. Әр мемлекеттің өз негізін қалайтын дара тұлғалары болады. Мәселен, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемал Ататүрік, Малайзияда – Махатхир Мохамад, т.б. өз елдерінің сол заман талабына сай көшін бастаған. Қазақстан халқын да сондай, батпандай ауыр сұрақтар туған, күрмеуі қиын кезеңнен алып шыққан тұлға, ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

«Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолы» Тәуелсіздік кезеңнің «Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» толықты. Үш қанатты сөз де «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының тарихынан сыр шертеді…

Ұлы тұлғаларды ұлықтауға үндеген Елбасы мақаласы көп ғасырлық рухани мұраларымыздың молынан толыға түсуіне сеп болды.

Ұлы есімдеріміз ұлт игілігіне, ұрпақ тағылымына айналғанына еш күмәніміз жоқ.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ, мәдени шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here