Ана сүтімен абақтыда ауызданған аға

0
2155

Соғыс қарсаңында, не оның қайнап жатқан жылдарында туып-өскен біз секілді талайлардың тағдырының ұқсастықтары да,тұрмыстық тауқы-меттерінің өзгешеліктері де өте көп. Олар Қоғабай Сәтенұлының өмір жолында да жиі қайталанады. Өзінің айтуына қарағанда, Қоқаң әке тәрбиесінен мен секілді ерте айрылған, оның түрі  есінде жоқ, суреті де қалмаған. Шешесі  Мәрзия бар жердің қызы екен. Бірақ, заманы сән түзеп, салтанат құруға мүмкіндік бермеген. Ол бой жетіп үлгермей, мал-мүліктері ортаға салынып, әкесі айдалып кеткен.

Мәрзияның ағасы нағыз жез таңдай әнші, құдіретті күйші болса керек. Бүкіл әулеті, көрші-көлемі бұрынғы әдеттерімен кештете сол үйдің қасына жиналып, ән-күй тыңдап,  шер тарқатады екен. Ол кісінің әсем сазы мен әуезді үніне аспандағы аққу да жіпсіз байланып, сол төңіректен алыс кете алмай, шыр айналатынын көрген кісілер ауылда әлі де бар деуші еді Қағабай ағамыз. Көп ұзамай бай баласы ретінде ұсталып,  хабар-ошарсыз жоқ болады.

Әкесі мен ағасы бірінен соң бірі айдалған Мәрзия шешеміз қатардағы колхозшылар күнін көріп, сиыр фермасының сауыншысы болады. Кезекпен бұзау қора күзетеді. Бір күні түнде сол қора өртеніп, 40 бұзау өледі. Іле ауданнан милиция келіп, бұзауларды байдың қызы Мәрзиядан басқа ешкімнің өртемейтіні «дәлелденіп», оны жаңа туған нәрестесінен айырып, аудан орталығындағы абақтыға апарып қамайды. Кейін баланы күніне екі рет түрмеге апарып емізуге рақым жасалады. Содан болуы керек Қоғабай ағамыз: «Ана сүтінің дәмін мен алғаш түрмеде татқанмын», –  дейтін.

Анасы Мәрзия кеудесін кернеген сүтін алғашқы кездерде «аяқ астына ағып, обал болмасын» деп түрменің қабырғасына бағыттап барып ағызып жүріпті. Кейін оның сүті қашып, нәрестені қоректендіру әжесінің міндетіне айналыпты. Жүре бара Қоқан әжесінің баласы болып, туған шешесінің атын атап кетіпті. «Қайдағыны айтпа, сендей адамнан мендей ұл қалай туады», – деп апасымен қалжыңдасқанын талай көрдік.

Сол Мәрзия шешеміз үлкейе келе көзінен айырылып, бірнеше жылдар бойы ештеңе көрмей қалған. Қоқаң оған Гүлбаршын жеңгейді арнайы жіберіп, Алматыға алғызып, операция жасатқызып, күн нұрымен қайта қауыштырды. Көңілін сұрауға ауруханаға күңгірт көзілдірік киіп барған баласына «Қарағым-ау, көзіңді бояп алғаның не қылғаның», – деп Қоқаңды таң қалдырыпты.

Қоғабай мен менің ағам Сайлау бала кездерінен дос. Екеуі бірге өсті, жиі араласып, қатты қалжыңдасатын. Күн сайын, әрі кетсе 4-5 күннен соң не телефон арқылы хабарласып, не кездесіп тұратын. Бірге сапарға шығып, демалыстарын да бірге өткізетін. Кейде менің қолымда көбірек болатын шешеме де салем беріп кетіп жүретін. Кейін шешеміз арнайы ет асып, оларға жеті сайын дәм беруді әдетке айналдырды. Қоқаң «Әжем пенсия алған шығар, сәлем беріп, сусындап қайтпаймыз ба», – десе, Сайлау: «әжем ет асып күтіп отыр, сен қайда жүрсің», – деп қыздыра түсетін. Осындай жағдайда мен де, қарындасым Рақыш та Қоқаң мен Гүлбаршынға өте жақын болып кеттік. Рақышқа «Менде қарындас болған жоқ, сен біз үшеумізге бірдей қызсың», – дейтін.

Ол ағайынды үшеуіміздің бірге жүргенімізді көріп, елде қалған інісі Қуанышты жиі есіне алатын. Көп ұзамай «Мына қиын заманда екеуіміздің екі жақта жүргеніміз дұрыс болмас» деп, нарық басталған кезде оны Алматы төріндегі Қарғалыға көшіріп алып, үй әперді. Ол жолы да арнайы барып, көш бастап келген Гүлбаршын жеңгеміз болды.

Қоғабай Сәтенұлы өз шығармаларын алдымен Гүлбаршын жеңгейге таныстыратын. Жеңгейдің осы ісіне жетпісінші жылдардың ортасында біз де қосылдық. Не біздің, не Қоқаңның өз үйінде оның шығармалары мен мақалаларын тыңдау әдетімізге айналды. Олардың ішінде Қоқаңның «Қызыл жалау», «Заманақырдың» кейбір тараулары, «Абайға шағыну», «Қазаққа қажет сөздер», Әли-хан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов туралы эсселер, «Жол үстіндегі әңгіме», «Қазақия» сияқты сүбелі еңбектері болғаны есімде. Кейде тығыз уақытта шығаруға арналған материалдарын маған ертелі-кеш телефон арқылы оқитын, ойымды біліп, пікіріммен сана-сатын.

Осының бәрі Қоғабай мен Сайлау бастаған екі әулеттің ынтымақты болуына әсер етті. Біріміздің тойымыз бірімізсіз өтіп көрген жоқ. Тек 1998 жылы ел астанасы Ақмолаға ауысқанда Сайлау алғашқылардың бірі болып сонда көшіп кетті де, Қоқаңнан досы, менен ағам алыстап кетті. Үшеумізге күн сайын түгіл ай сайын кездесіп тұру қиындап, барға қанағат етуге тура келді. Қоқаң ағалық, мен інілік жолымен бұрынғыдан да жақындасып кеттік.

Қоғабай Сәтенұлы менің әр жетістігіме қоса қуанып, ат салысты. Докторлық қорғауға бел буғанымда Мәскеуге дейін бірге барып, сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Оны нәтижелі қорғап қайтып келгенімде жолдас-жораларымды бірге шақырып, үлкен той жасады. Академияға сайланғанымда да қалай қуанғанын көзіммен көрдім.

Көп жыл қасында жүргенде Қоғабай Сәтенұлының шешімді, бірақ өз шешімін асығып-аптығып жасамайтын кісі екеніне көзім жетті. Мысалы, Қоқаң «Қазақ» газетін бір күн ойланып, екінші күні шығара бастаған жоқ. Бұл іске ол жүз ойланып, мың толғанып, көп ізденістер мен дайындықтар жасаған соң ғана кірісті.

Қоқаң бұл газеттің салмағын толық түсінді. Оған өзінің шығармашылық потенциалын ғана емес, бүкіл жинаған-тергенін де жұмсады. Сонда отбасы мүшелері «мұның не» деген жоқ. Жұдырықтай жұмылып, Қоқаңа жәрдемші болып, қолдау көрсетті.

Әрине, бұл жұмысты мойнына алғанда Қоғабай Сәтенұлы ең алдымен ел тәуелсіздігіне иек артты. Оған кәміл сенді. Соның арқасында осы күнге дейін атынан ат үркетін  газетке  қожалық   етіп, қол  қойды. Талай көкейкесті мәселелер көтерді, Алаш тарихының көмескілене бастаған беттерін оқушысына қайтарды. Көлеңкеде қалып қойған көп Алаш қайраткерлерінің ізін ашты. Хандар шежіресі, батырлар ерлігі, бұрынғы еларалық қатынастар, жер, су, экология, ауыл тұрмысы газеттің ерекше зер салатын нысандарына айналды.

Нәтижесінде «Қазақ» қанша сан ақпарат құралдарының арасынан өз орнын тапты, ел аузына ілікті. Газет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне де түсіп, жоғары бағасын алды. Оның бас редакторы мен шығарушысының да беделі күн сайын артып, ісі жөнге басты. Ол көп зиялылардың үзбей оқитын құралына айналып, мақала жазып, мәселе көтеретін трибунасына айналды. Оның редакция алқасында бір өзі бір газетке мақтаныш бола алатын Салық Зиманов, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев сияқты ірі ел зиялылары мен оқымыстылары тізе қосты.

«Қазақ» пен Қоғабай бір ұғымға айналды. Мүмкіндік молайып, Қоқаң тағы бір ертеден ойында жүрген істі жүзеге асырды. «Айқап» журналын жаңғыртып, 2012 жылы тұсауын кестірді.

Осы екі шешім Қоғабай Сәрсекеевтің журналист-жазушылық жолын жалпықоғамдық деңгейге көтерді. «Қазақ» пен «Айқаптың» бағыты мен сапасы жұрт көңілінен шығып, іздеп оқитын құралдарға айналды.

Қоқаңның көз алдымыздан ғайып болғанына бірнеше жыл болғанымен, әлі де дел-сал күйде жүргеніме, туған ағамдай жақсы көрген жақынымнан айырылғанымда жүрегім тозығы жеткен шүберектей жырым-жырым жағдайға душар болғанына, осы кезге дейін тарыдай шашылған, тарам-тарам ойымды жинақтай алмай әуреге түскеніме біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, шыным осы. Жоқтау сөзге қаламым  тұтығады.  Батылым бармайды, Қоқаңды  оған   қимаймын. Бірақ,  өткеннің  көбі  есімде, тіпті  кешегідей де емес – бүгінгідей. Әсіресе, өткен жылдардың оқиғалары «Мосфильмнің» бұрынғы мамандарының классикалық фильмдерінің көріністеріндей жадымда сақталыпты.

2014 жылы Қоқаң 75-ке толды. «Үлкен тойды  кейін өткіземін,  бүгін үйде  боламыз», – деді. Өзіміздің үйреншікті топ кеште сонда жиналдық. Қоқаң ерекше көңілді көрінді. «Осы кешті сен басқар», –деп бұйыра сөйлеген ағама: «Сайлау екеуің отырғанда мен стол басқармаймын, екі-үш сөзден кейін тізгінді бәрібір өздерің тартып аласыңдар», – деп қалжыңдағанмен әрі қарай тез көндім.  Той басталып кетті. Жақсы тілек пен жарасымды әзіл араласқан отырыс көпке созылды.

Қоқаңа, әсіресе, Гүлбаршын  жеңгейге айтылған алғыс пен ризашылық ағыл-тегіл болды. Ағамыз да көптің ықыласына риза болып: «Гүлбаршын менің жауласқанға жұмсар қылышым, қасымнан қорғанар қалқаным», – деп биік нотада кешті аяқтағаны естен кетпейді.

Кеш соңында мені алып қалып «Сәбитжан, жақында ауруханадан шыққанымды білесің. Оншақты күнге Алматы санаторийіне реабилитацияға 7 сәуірден жолдама алдым. Сол мезгілге сен де барсаң қандай жақсы болар еді», – деді.

Мен «Қоқа өзіңіз білетін жұмысым аяқталмай жатыр. Әрі ғылыми жобалардың жоспарлары уақытында орындалуы шарт. Мұрша болмай тұр», – деп Қоқаңның өзі бара беруіне көндірдім.

Жетінші сәуірде түске қарай Қоқаң телефон соқты. Кейіп тұрған қалпын жасырған жоқ. Мыналар «иттің үйшігіндей бір бөлме берді және оған тағы бір адамның ақшасын төлейсің, төлемесең қасыңызға бір адам жібереміз деп зіркілдейді. Не істесем екен? Үйге кеткім келіп тұр», – дейді.

Мен ағама асықпауын, басшыларына барып жағдайын айтуын, жұмыс істеуге жағдайлы бөлме қажет екенін түсіндіріп, көмек сұрауға кеңес бердім.

Ертеңіне өзім хабарласып, Қоқаңның кең бөлмеге шығып, көңілі жайланғанын естіп қуанып қалдым. Онда Жүрсін Ерманды, Олжасты көргенін айтты. Демалысының ойдағыдай басталғанына қуандым.

Арада үш-төрт күн өткен соң хабарлассам ағам тағы көңілсіз екен. «Екі күн түнде көзімді іліктіре алмадым. Тік отырып шықтым.  Бір жерім ауыратын сияқты. Әлгінде жедел жәрдем шақыртып едім, совминнің ауруханасына алып барады», – деді.

«Жайшылық шығар, ыңқыл-сыңқыл бола береді ғой», – деп жұбаттым ағамды. Ол «Әй-қайдам… кейін хабарласармыз», – деп сөзін тоқтатты. Сол кезден ауруы зорая берді…

Сәбит Байзақов, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here