Мемлекеттік тілді үйрену ешқашан кеш емес

0
434

Жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық», – деп жазды.

Рас, Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде барлық азаматтардың мемлекеттік тілді еркін және тегін үйренуіне барлық жағдай жасалған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық жасайды» деп нақты жазылған. Мемлекеттік тілді дамыту және пайдалану бағдарламалары (2001-2010, 2011-2020 жылдарға арналған), «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Заңның орындалуын қамтамасыз етеді. Қабылданған шаралар осыны айғақтайды, атап айтқанда, өңірлік тіл даярлау орталықтары ұйымдастырған тегін курстар жұмыс істейді. Осылайша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, қазақ тілін үйренетін басқа да этностардың үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл жұмысты жоспарлы орындауда өңірлік тіл орталықтары жоғары баға алды.

Мұны Мемлекет басшысы да өз мақаласында жазды: «Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты».

«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сыр өңірінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосуда. Орталық 2016 жылы құрылған және мекеменің барлық жұмыс кезеңінде тегін тілдік курстарда білім алғандардың жалпы саны 10 мыңға жуық адамды құрайды.

2018 жылы облыстың барлық аудандарында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқытатын мамандар жұмыс істейтін бөлімдер ашылды. Орталықтың жұмысы ғылыми-әдістемелік және оқу-әдістемелік бағыттар аясында жүзеге асырылады. Биыл үш тілді оқыту курстарымен 2 500 тыңдаушыны қамту жоспарлануда. Бұдан басқа, қала мен облыстың барлық ниет білдірушілері үшін «Сөйлеу мәдениеті және іскерлік қазақ тілі», «Латын негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі» курстары ұйымдастырылады. Карантин режиміне байланысты орталық өз қызметін онлайн-форматта жүргізеді. Қашықтықтан оқыту үшін интернет-портал құрылды. Қазіргі уақытта үш тілді курстардың барлық сабақтары порталда орналастырылған және тіл үйренгісі келетіндердің барлығына қолжетімді.

Орталықтың басшысы болған Нұрсәуле Мұсаева орталықтың өңірдегі ерекше орын алатын мемлекеттік мекеме ретіндегі беделін қалыптастыруға қомақты үлес қосты. Оның басшылығымен орталық айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мұнда білікті мамандар, өз ісінің шеберлері А.Бақытова, Б.Байділдаева, К.Ерімбетова жұмыс істейді.

Жоспарларға келетін болсақ, тыңдаушылар арасында Ел Президенті ұсынған 30 кітапты зерделеу, сондай-ақ оларға «Кітап әңгімесі» форматында талдау жүргізу көзделіп отыр. Әндердің, айтыстардың, шешендік диалогтардың аудиоматериалдарын жинап, оларды аудиторияға ұсыну жоспарлануда. Онлайн-офлайн форматтардағы орыс тілді тыңдаушылар арасында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – 30 ашық сабақ» ұранымен сабақ өткізуді жоспарлап отырмыз.

Президент өз мақаласында жазғандай, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».

Иә, тіл үйренгісі келетін жерлестерімізді біздің орталыққа шақырамыз.

Ләззат ОРТАЕВА,

Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here