Арулардың парасат мектебі

0
2138

Уақыт көшінің сан белесіндегі түрлі сындардан абыроймен өтіп келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – республикамыздағы бірегей жоғары оқу орны. Ертеңгі ел анасын тәрбиелер бірден-бір ұлағатты ұйым. Еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. 77 жылдық тарихында өсу мен өркендеудің, жету мен жетілудің өнегелі үлгісін көрсетіп келе жатқан мәртебелі мекеме.

Ұлт ұясының қаракөз қарлығаштарын оқыту, тәрбиелеу ісімен ерекшеленетін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы ел басына күн туған сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарынан басталады. Ер біткеннің бәрі қан майданға аттанғанда, ел бейнетінің бүтіні туған жерде қалған әйелдер мен қыз-келіншектердің мойнына артылғаны белгілі.

Сол тұста, 1944 жылдың тамыз айында республика басшылары Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасынов дәйекті дәлелдерін алға тарта отырып, Мәскеуден өтіне сұрауының арқасында әсем Алматыда осы білім ордасы шаңырақ көтерді.   

Сондай қиын шақта осы институттың (қазір университет) ашылуын халқымыздың қалаулылары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, І.Омаров қызу қолдап, көмек қолын созды. Сонда заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік», – деп, ақ батасын береді. Тек қазақтың қыздарына арналған қазақ тілінде жоғары білім беретін, оларды жатақханамен, тегін тамақпен қамтамасыз ететін институтты ашу бастамасы сол кездегі республика басшылары мен зиялы азаматтарының батыл қадамы, өз ұлтына деген шынайы жанашырлығы еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аумалы-төкпелі кезінде ашылып, ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясынан осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын негізгі орталықтың біріне айналып отыр. Қазақстандағы ұлағатты ұстаздар мен талантты ғалымдардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етіп жатыр.

Қазіргі кезде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі – білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде.

Біздің университеттің ғана емес, барлық жоғары оқу орындарының мақтанышы – ол адами қор, интеллектуалдық байлық. Салтанат сәні парасатқа ұласқан Қыздар университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Ресей Федерациясы Педагогикалық білім берудің халықаралық ғылым академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Ресей Жаратылыстану академиясының, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академиктері, ғылым докторлары бар. Олар туралы шын мәніндегі бірегей интеллектуалдық әлеуетпен қатар нағыз элита ретінде ұзақ толғауға, шежіре жазуға болады.

Республикада бірнеше педагогикалық жоғары оқу орындары  бар екеніне және бәсекелестік болғанына қарамастан, біздің университетке оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлердің саны азайған емес. Ол – қазақ қыздарының 77 жылдық тарихы бар оқу орнында сапалы білім беретініне сенгендігі. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік және оны да абыроймен атқару алғышарттары бар. Оның ең бастысы білікті профессор-оқытушылар құрамы қалыптасқандығында.

Қыздар университеті жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Заманауи білім беруді қолға алып, озық білім беру жүйелерін енгізіп, қос дипломды білім беруді жүзеге асыруда. Қазіргі кезде «Арулардың ақ мекені» атанып кеткен салтанат сәні парасатқа ұласқан білім ордасы болашақ ұстаздардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына және еліміздің әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің деңгейіне көтерілуіне өздерінің сүбелі үлесін қосып жүргендігін кейінгі шәкірттерімізге үлгі-өнеге етіп келеміз. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл тарихы терең қарашаңырақтың әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауға бағытталған іргелі қадам болды. Елбасының сенімі оқу орнының әлеуетін көтеріп, бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін береді және ұжымға зор жауапкершілік жүктейді. Университет 77 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында алпыс мыңнан астам білікті маман даярланды. Бүгінде университет әлемнің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті, Ұлыбританияның Western international сollege, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті және Польшаның Катовицахтағы Силез университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Халықаралық және республикалық рейтингтік агенттіктердің қорытындысы бойынша Қыздар университеті қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді және бірқатар көрсеткіштер бойынша жыл өткен сайын жоғары сатыға көтеріліп келеміз.

Университет түлектері ұлан-ғайыр Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, сауатты да білімді ұрпақты даярлауға зор еңбек сіңірді. Ұлт педагогикасының дамуы жолында қажырлы қызмет атқарды. Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары бірнешеу ғана. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу.

Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білуін кез келген білім ордасынан кездестіре бермейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады. Бұған себеп те жоқ емес. Еліміздің өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр.

Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйене отырып, біз ұстаз дайындаумен ғана шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлаймыз. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз-маман дайындауды мақсат етіп келеміз.

Халқымыздың даңқты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі», – деген дана ой қалдырған. Ұлы ақынның ұлағатты сөзі техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін жойған емес. Отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар университеті осы уақыт ішінде мұғалім мамандарын даярлау мен педагогтардың біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып, білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Білім беру – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, нәтижесі бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Көпшілік қауымға ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсуде. Бірегей білім ордасының ұжымы осы жауапкершілік үдесінен шығу жолында, бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты маман даярлау мақсатында жұмыс істеуде. 

Біздің еліміздің  әлемнің ең дамыған елдерінің отыздығына табысты кіруі үшін әрбір жас адам негізгі оқиғалардан, жаңа ағымдардан және технологиялық үрдістен хабардар болып отыруы қажет.

 Соңғы жылдары университеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа нысандар ашылуда. Олардың қатарында Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталығы, «Art Дара» өнер галереясы мен «Дара» психологиялық-педагогикалық түзету орталығы бар.

Түркі халқының мәңгі мақсат-мұраттарын көздейтін Күлтегіннің «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Бұған жоғары білікті педагог кадрларды даярлайтын іргелі жоғары оқу орны, білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де өзіндік сүбелі үлесін қосуда.

Университет бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасап келеді. Симпозиум аясында «Түбі бір түркіміз» атты фестиваль ұйымдастырылады.

Қыздар университетінің оқу бағдарламасына өткен оқу жылынан бастап «Ұлы дала тарихы» атты таңдау пәні енгізілді. Мақсат – киіз туырлықты қазақ халқының аса бай рухани қазынасын өскелең жас ұрпақтың санасына сіңіру, жастарды нағыз отаншылдық сезімде тәрбиелеу, олардың тарихи санасын жаңғырту.

Аталған жайттар университеттің іргесі жаңа қаланған тұста заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың қазіргі және болашақтағы қазақ қыздары шамшырағының жарық сәулесі ешқашан сөнбейтіндігін тап басып тани білген көрегендігінің дәлелі іспеттес.

Ұстаздық мамандық ешуақытта ескірмейтін, қажеттілігін, маңыздылығын жоймайтын, жауапкершілігі де жоғары қасиетті мамандық. Себебі, ұстаздың алдында еліміздің болашағы, әр ата-ананың көз-қуанышы, үкілеген үміті отыр.

Әлемдегі бірден-бір тек қана арулар білім алатын Қыздар университеті – педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі. Бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дара жолы.

Ертеңгі ел аналарының тұлғаларын мәдени құндылықтарды игеру дағдысында тәрбиелеп, этномәдениеттік шығармашылыққа баулу арқылы ұлттық рухани биіктікке көтеруді мақсат етіп отырған, ұлттық ұжданымыз бен халықтық қасиетіміз дарыған Қыздар университеті келешегінің кемел боларына сеніміміз мол.

А.А. Сатбекова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі

С.А. Асанбаева, филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here