ҚазҰУ ғалымдары антивирустық табиғи қоспа шығара бастады

0
2134

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанар Жеңіс жетекшілік ететін ғалымдар тобы адам бойында асқынған респираторлық-вирустық инфекциялардың таралуына қарсы антивирустық мульти-табиғи қоспа әзірлеп шығарды.

Антивирустық қоспа қазіргі таңдағы түрлі вирустық инфекциялар мен басқа да аурулардың таралуын азайту мен жоюға арналған. Әлем бойынша қалыптасқан бүгінгі күрделі жағдайда аталмыш жобаның аса өзекті әрі дер кезінде жүзеге асырылып отырғаны даусыз. Қазақ жерінде өсетін дәрілік өсімдіктерден тұратын қоспа құрамы жағынан таза әрі табиғи отандық өнім болып табылады. Оны даярлауда негізінен жалбыз, қалампыр, түймедақ және қызылмия өсімдіктері пайдаланылған.  

 «Табиғи қоспа тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекция кезінде асқыну қаупін азайтып, сауығуды жеделдетеді. Ауруға қарсы ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтеді. Өкпенің жұмысын жақсартып,  жөтелді тоқтатады», дейді жоба авторы, ҚазҰУ жанындағы Дәрілік өсімдіктер орталығының директоры Жанар Жеңіс. Оның айтуынша, 30-дан аса науқас пайдаланып, айығып шыққан қоспаның толық емделу курсы 15 күнді құрайды.   

Жобаны кең көлемде жүзеге асыру шикізат негізіндегі жаңа фармацевтикалық өнімдерді шығаруда негіз болып табылатын мульти-табиғи қоспа – тұмауға және асқынған респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы биобелсенді құрамды алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде елімізге шеттен импортталатын дәрілік өнімдердің санын азайтуға жол ашпақ.

Жобаны әзірлеушілер этноботаника, дәстүрлі медицина, фитохимия, дәрілік өсімдіктер химиясы, фармакогнозия және өсімдіктер экологиясы саласындағы зерттеулерді қаржыландырудың қоғам саулығы үшін өмірлік маңызы зор екендігін алға тартып отыр. Бұл шаралар барша адамзатты қазіргі және болашақтағы пандемиялардан қорғау үшін қажет.   

Айта кетерлігі, 2020 жылы профессор Жеңіс Жанардың жетекшілігімен «COVID-19-ға қарсы тағамдық қоспалардың әлеуетті формуласын әзірлеу» жобасы «Ғылым қоры» АҚ бастамасымен ұйымдастырылған «Стоп-Коронавирус» онлайн байқауының ақтық мәресінем өткен болатын. Ал «Адамдарда АРВИ таралуын басатын мульти­-табиғи қоспа» жобасы 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру байқауына ұсынылып отыр.

Университеттегі аталмыш орталықта емдік шөптердің қасиеттерін зерттеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. 2019 жылдың қараша айында ҚазҰУ Қытай Ғылым академиясының Синьцзян физика-химиялық техникалық институтымен бірлесе Қазақстан-Қытай дәрілік заттар зертханасын ашып, бүгінде онда университет ғалымдары елімізде дәрілік өсімдіктерге бай препараттарды өндіру технологиясын дамытуға үлес қосуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here