Мәуелі ағаш (Ұстазым Айтұрсын Тәжітаева туралы аз-кем толғам)

0
2625

Ұстазым туралы шағын естелік жазар сәтте, ойым шартарапты кезді. Өткен ғасырдың еншісінде қалған мектептегі жылдарыма ойша оралдым. Орала отырып, мақалама арқау болған апайымның жылы жүзін, бекзаттық болмыс-бітімін, биязы жүріс-тұрысын көз алдымнан өткіздім…

Қаламыма қанат бітіріп, ойды тербеп, көңілді қозғаған сол ұстазым арқылы алғаш мектепке барғаным, білім алғаным, шалғайда қалған ауылдың өткені мен кеткенін қайыра еске түсірдім…

Кей достарым, таныстарым немесе аралас-құраластарым бүгінімді білетін шығар. Ал, ұстазым мені бала күнімнен біледі. Ұстаз атаулының шәкірті үшін артықшылығы да осында. Бейнелеп айтар болсам, менің бүгінгі биікке жетуіме бала тәртібін қадағалайтын абыз ақсақалдар мен кимешекті әжелерден тыс осы ұстазымның сіңірген еңбегі зор. Бұл кісілердің барлығы да өмірдің өзіндей таза, қарапайым, қазақы бітімді, жаратылыстары ерекше жандар болатын. Сол ескінің көзіндей болған, өмірдің парқын білер ұстазым – Айтұрсын Тәжітаева туралы қалам тербеуімнің мәнісі осы еді…

Парасат-пайымы терең, мінезге бай, ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен көрінер Айтұрсын апайым тоқсанның төрінен асып, тоқсан бірінші көктемін қарсы алып отыр. Ғасырға жуық жасыңыз құтты да берекелі болсын!

Апай туралы айтар жүрекжарды сөздерім көп. Әріден қозғасам, ол кісі 1930 жылы Қызылорда облысында дүние келген, еңбек жолы Бәйгеқұм ауылындағы №401 Қазақ темір жол мектебінен бастау алады. Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз.

Апайымыздың өміріне көз жүгіртсек, тұғырлы тұлғаның қиын-қыстау кезеңнің тұсында өмірге келіп, қаршадай қыз болса да, өзінің табандылығымен, тиянақтылығымен айрықша дараланып, білімге ұмтылуы ерлікпен пара-пар еді. Сол дәуірдің талабы мен тапшылығына мойымай, дала қызының сауаттануға ұмтылып, халықшыл, көпшіл болып өсуі, ұстаз болып қалыптасуы – тектіліктің, білімге деген құштарлықтың нышаны деп бағалар едім.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегенді дана қазақ тауып айтқан. Айтұрсын Тәжітаевадан сауаттанып білім алған, өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген, бүгінде еліне елеулі тұлғаға айналған шәкірттері жетерлік. Айталық, белгілі кәсіпкер, құрылысшы, атымтай жомарт Темірхан Әлімқұлов, Икрамша Жүнісовтер және осы жазудың авторы өзім де ауылға ат басын бұрғанда, арнайы Айтұрсын ұстазымыздың қара шаңырағына кіріп, амандық-саулық сұрасып, апайымыздың әсерлі әңгімесін тыңдауды, батасын алуды ұмытқан емеспіз.

Сондай-ақ, жүз елуден астам ғылыми еңбектің және он оқу құралдарының авторы, тарих ғылымдарының докторы Хадиша Абжапарованың ұстазымыз туралы былай ой шерткені бар: «Тарих пәніне деген қызығушылығымды оятып қана қоймастан, оны егжей-тегжейлі түсіндіре білген Айтұрсын апайымыз болатын. Ол кісі сабақты өткізу барысында картамен өте жақсы жұмыс жасайтын. Картада көрсетілген қаншама қалалар болса, сол қалалардың тарихын өзіндік әдісімен оқушыларға әсерлі етіп жеткізетін. Білімнің бастауын, негізін қалаған ұстазымның мектеп қабырғасында сол үйреткендері кейінгі өмірімізге де ғұмырлық азық болды десем артық айтпаған болар едім. Абайдың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген қанатты сөзін оқушыларына жиі айтып, жігерлендіріп отырушы еді. Сөзі мен әдебі үйлескен ұстазымның анықтап берген бағыт-бағдарымен жүре отырып,  ұстазымның жолын жалғадым».

Айтұрсын апайды шәкірттері ғана емес, ауылдың үлкен-кішісіне дейін ерекше құрмет танытып, қадірлейді. Бүкіл ауылға абыройы асқақ апайымыз біздерге жаратылысынан ұстаз боп туғандай көрінетін. Ұстазымыз шын мұғалім болды. Оқушыға ұнай қоймайтын орынсыз қаталдығын көрсету, жекіріп сөйлеу, балаларды бір-бірімен салыстыра отырып бағалау, мақтану, тәкаппарлық сынды жаман әдеттерден ада еді. Тек өзіне, өзінің ұстаздық қабілетіне кәміл сенетін. Және сол бойындағы тазалық қасиетін қиюластырып, онысын телегей біліммен ұштастыратын. Шәкірттеріне шынайы ұстаз, анасындай ақылшы, досындай сырлас бола білген бірегей мұғаліміміз болды.

Ана демекші, Айтұрсын апайымыздың өзінің де ұл-қыздары бар. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, өз кірпіштерін қалаған. Екі қызы – Гүлжауһар мен Лаура аналарының жолын қуған, екеуі де мұғалім. Тұңғышы Гүлжауһар Жұмаділова «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағының иегері. Ал, қара шаңырақтың иесі, ұлы Марал Жұмаділов елімізге белгілі кәсіпкер, меценат.

Ақ жаулықты әжеге айналған Айтұрсын апайымыздың бүгінде он шақты немересі, отызға жуық шөбересі бар.

Мәнді ғұмыр кешіп, ұстаздық дейтін өрісті әлемнің өрнегін салған Айтұрсын Тәжітаеваның сандаған шәкірттері бүгінде берісі – Қызылорда өңірінде, әрісі – Алаш жұртына адал қызметтерін атқаруда. Бұл да болса ұстаздың шәкірттерінің жүректеріне өз нұры мен шуағын төге білген көрегендігі болса керек.

Тілімізді, ділімізді бұзбай, сарысүйек дәуірлерден аман жеткізген өзіңіздей ескінің көзінен біздің алар үлгіміз әлі көп.

Алпыс екі тамырыңызды айналып тұрған қазақы қаныңыздан үйренеріміз мол.

Өз дәуірінің оты мен суын бір кісідей кешіп, құрыштай шыңдалған Айтұрсын апайыма зор денсаулық, мықты күш-қуат тілеймін!

Жасыңыз құтты болсын, Айтұрсын апай!

Сөзімді аяқтай отырып, Өзіңіз секілді ұлттық рухы биік ұстаздарымыздың жаңа ғасырларда да, жаңа дәуірлерде де көбейеріне нық сенемін.

 Құрметпен, шәкіртіңіз Махмұт Нәлібаев

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here