Отбасы күні: Жапырағын жайған бәйтерек

0
2518

Еліміз үшін биылғы жылдың орны ерек. Өйткені, қымбатты да қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ал, Отан – отбасынан басталады. Ұлы даламыздың құшағындағы мемлекетіміздің бар жақсылығы шалғай ауылдардағы әрбір отбасыдан құралады. Әрбір жанұя мемлекеттің соғып тұрған жүрегі іспетті. Осыған орай көп жылдардан бері Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Ауыл, аудан, облыстан басталған игі шара республикалық деңгейде қорытындыланады. Сөйтіп, жеңімпаздар лайықты мапаратталады. Оған әр облыс өзінен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үлгілі отбасыны қосады. Міне, бұл еліміздің басты байлығы – адам екенін тағы мәрте дәлелдей түседі. Ал, адам – әр шаңырақтың тынысы мен ырысы. Сондықтан туған елімізде әр адамның, әрбір отбасының амандығы, бақыты мен шаттығы аса маңызды.

Мынау жарық дүниеде өмірге келіп, бар мәнді де мағыналы ғұмырын еңбекке арнаған жүзі жарық, мерейі мен мәртебесі биік жандар жетерлік. Ауыл халқына сыйлы, отбасының өнегесі Кеген ауданының Жалаңаш ауылында тұратын Әріп Сыбанбаев солардың бірі. Ел-жұртының ортасында сексеннің сеңгіріне шығып отырған Әріп атамызды аудан тұрғындары жақсы біледі. Елінің қадірменді қариясы, артынан ерген жастардың батагөй ақсақалы. Бірсыпыра жылдардан бері Жалаңаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Әріп Сыбанбаев 1939 жылы тамыз айында Кеген ауданына қарасты Меркі ауылдық округінің Арал деген жерінде дүниеге келген. Әкесі Сыбанбай қарапайым шаруа адамы болған. Аталған жерге әкесі Сыбанбай, Есбай баласы Сыбанқұл, Тұяқтың баласы Өскенбай, тағы басқалары «ел болып өмір сүреміз» деп 1927 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе ауылынан 25-30-дай шаңырақ көшіп келген.

Кішкентай Әріп жастайынан малды ауылда еңбекпен өскен. Алғаш Тоғызбұлақ ауылында мектеп есігін ашып, кейін Жалаңаш қазақ орта мектебін бітірген. Малды ауылда өскен заңғар бойлы, кесек тұлғалы, қайратты жігіт мал маманы болуды армандайтын. 8-9 жасынан бастап ауылдағы мал азығын дайындайтын бригаданың құрамында еңбек еткенін ешқашан ұмытпайды. Мектептен кейін 2 жыл бұзау баққан. Тоғызбұлақ ауылынан 2 жыл Жалаңаш ауылына ат арбамен сүт тасығанын да ұмытпақ емес. Мұның бәрі жас жігітті өмірдің қиындығына төтеп беруге, қандай іске болсын дайын болуға үйреткені анық. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, сергек те сезімтал, өз ісіне тиянақты Әріптей азамат сенімге бөленіп, Жайдақбұлақта есепші болып қызмет атқарды. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы зоотехникалық және мал дәрігерлік институтынан жоғары білім алып, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Институттан кейін Жайдақбұлақ ауылындағы шаруашылықта ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған. Көп ұзамай Қарқара ет-сүт совхозында бас зоотехник, совхоз директорының орынбасары болды. Он жылдай Кеген ауданындағы Алғабас жылқы зауытының директоры қызметін жемісті жүргізді. Он жылға жуық уақыт Шелек ауданындағы Сөгеті қой совхозында бас зоотехник әрі совхоз директорының орынбасары, 1993-1996 жылдары Кеген ауданыдағы Тоғызбұлақ колхозының директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бері «Дарқан – А» шаруа қожалығының жетекшісі.

Шүкір, сексен жасқа келген фермердің жағдайы жақсы. Шаруашылықтардың түрлі жұмыстары арқылы шыңдалып, мол тәжірибе жинақтап өскен жан даланың бір академигі іспетті. Қарапайым еңбегімен, қажырлы іс-әрекетімен жұмысын істеп, даласымен сырласып, әр күні, әр айы, әр жылы, әр сәтімен көгеріп-көктеп келе жатқан жайы бар. Даласымен, тауымен сырлас, елімен етене атамыз сексен жасқа келсе де, аттан түскен емес. Өзі құрған шаруа қожалығының жұмысын сәтімен жүргізіп келе жатыр. Қазір «Дарқан – А» – өңірдегі маңдай алды, мақтаулы қожалықтың бірі. Оның ісі ілгері, шаруасы мығым.

Біз Әріп атаның үйінде болдық. Қатар-қатар қойылған жұмыс столының басы толған түрлі қағаздар. Әлі күнге дейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ», облыстық «Жетісу» және жергілікті «Қарқара» секілді бір топ газеттер мен журналдарды жаздырып алып оқиды екен. Қазыналы қарт оқырманымыз күнделікті теледидардың да хабарларын жібермей көреді. Білгені көп, түйгені жетерлік. Бір әңгіменің шетін шығарсаң болды, төгіліп сала береді. Күнде ерте тұрады. Бұл жастайынан, еңбекке араласқан күнінен жұққан қасиет. Көлігімен шаруа қожалығының науқанды жұмыстарының барысын көзімен көреді. Бір ғана қожалықтың 1 500 гектар жері бар. 900 гектарына жаздық бидай мен арпа өсірілсе, 120 гектар шабындық алқабы бар. Қырманы жұмыс істейді. Біз қожалықтың қырманындағы тау-тау болып үйілген алтын дәнін көзімізбен көрдік. Қожалық 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбеккерлерге барлық жағдай жасалған. Ретіне қарай астықпен, мал азығымен қамтамасыз етіліп тұрады. Қожалықта мал азығын дайындау мен алтын орақ науқаны қатар жүргізіліп жатыр. Сексенге келсе де, адал ісінен, қарапайым еңбегінен қалмаған Әріп ата барлық шаруаларды бақылап, тапсырмаларын беріп жүр. Әр істің жайын бес саусағындай біледі.

Қолы қалт еткенде мағыналы өмір жолы туралы жастарға үлгі боларлық естеліктерін жазып қоятын болып шықты. Атамыздың ел айта жүрер, артына ізгілікті ізін қалдырған дүниелері мол. Алғабас жылқы зауытын басқарған жылдары Құрметі мен Жіңішке секілді шағын ауылдарда 8 жылдық мектеп салдырған. Шелек өзенінің бойындағы жолды салдырдың негізін қалапты. Ал, Жайдақбұлақ фермасын басқарған жылдары сондағы клуб ғимараты мен 8 жылдық мектептің салынуына ықпалын тигізген. 

«Өткен жылы да алтын орақ науқаны сәтімен жүрді. 450 гектар жаздық бидай мен 250 гектар жаздық арпаның әр гектарынан орташа 18 центнерден өнім алынды. Көп жылдан бері «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жүргізіп келемін. Негізінен асыл тұқымды 60 бас «Әулиекөл» ірі қаралары, 1 200 бас «Архар-меринос» қойы өсірілуде. «Әулиекөл» ірі қараларының 30 бас аналығы бар. Жүзге тарта жылқымыз өсіп келеді. Жалпы, жағдайымыз жаман емес», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Әріп Сыбанбаев.

Буыны бекімей жатып шаруашылықтың мал азығын дайындау ісіне араласқан, мектеп бітірген соң ат арбамен сүт тасыған, екі жыл бұзау баққан ұл әлі де еңбектен қалған жоқ. Таң атқаннан күн батқанша шаруаларын қадағалап, егіс басында болады. Еңбеккерлермен бірге қырман басында шайын ішіп, емен-жарқын әңгімелесіп, орынды әзілін де қағытып қойып жүре береді. Қарауындағы жігіттерге орнымен тапсырмасын беріп, іске жігерлендіріп қояды. Бәрі жарасымды. Тау тұлғалы ағамыз көрікті, еңселі тауларындай асқақтап көрінеді. Ауылдастарын жетелі, жақсы ісіне жұмылдырып қояды. Реті келген жерінде түрлі мақамымен ақ батасын беріп, аталы сөзін айта жүреді. Өзі басқаратын ауылдағы ақсақалдар алқасының да жүргізіп келе жатқан жұмыстары ауқымды.

Біз сөз етіп отырған Әріп Сыбанбаев атамыз, сексендегі фермер қарт ұрпағымен өсіп-өнген, ауылдағы өнегелі шаңырақ, мактаулы әулет. 4 қыз, 3 ұлын өсіріп, қанаттандырған. Бәрі жоғары білімді. Жәмиладай қызы энергетик. Есенғалидай ұлы құрылысшы. Осы салада бір фирманы басқарады. Сәбирасы экономист. Елордада іргелі қызмет атқарады. Фаридадай тағы бір қызы да Нұр-Сұлтанда жұмыс жасап келеді. Дархандай ұлы Алматы қаласындағы медицина институтын бітірген. Медицина ғылымының кандидаты. Алматы облыстық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Есжандай ұлы заңгер. Сарыөзек қаласында әскери прокурор. Жазирадай кенже қызы «Самұрық-Қазына» мекемесінде белді қызметкер.

Әріп атамыз Ләтипадай жарымен 17 немере, 3 шөбере аялап сүйіп отырған бақытты жандар. Еңбекқор атамыз көп жылғы еңбектері үшін бірнеше орден, медалдармен марапатталған. Тәуелсіздік алған жылдарымызда «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалін кеудесіне таққан. Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары. Ауданның Құрметті азаматы. Екі мәрте облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты. «Өсетін елдің қарты – қазына болар» деп халық мақалында айтылғандай, сексеніне нық қадамымен, тау тұлғасымен, ерен еңбектерімен келген Әріп атамыздың елі мен жеріне, қарауындағы еңбек иелеріне тигізіп келе жатқан шарапаты аз емес. Сексеніне сергек қалпымен келген атамыздың көрер жақсылығы әлі алда. Күндері көрікті, таңдары арайлы бола бергей!

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here