100 жаңа есім: Туған ауылына көпір салған сызу пәнінің мұғалімі

0
4292

Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші маусымының қорытындысы шығарылғанына айға жуықтады. 30 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның жеңімпаздарымен жолықты. Президенттің айтуынша, пандемияға байланысты барлық шектеулер мен қиындықтарға қарамастан, жобаға 2 790 адамның қатысуы рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, бұл жолы 30 адам «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шықты. Ал, биылғы жылы финалистер арасында дәрігерлер, мұғалімдер мен еріктілердің көп болғаны қуантады. Осылайша, «100 жаңа есім» бірегей жобасы төртінші жыл қатарынан қазақстандықтарға өз саласының көшбасшыларын білуге көмектесіп келеді. Айта кететін нәрсе, барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың арасында Шығыс Қазақстан облысынан ең көп қатысушы болыпты. Тек Үржар ауданынан жобаға 21 адам қатысқан. Бірақ, жобаның финалдық кезеңінде жеңімпаздарды қазақстандықтар онлайн-дауыс беру арқылы таңдады. Сол жеңімпаздардың бірі – шығысқазақстандық Ахат Рақышев. Осы жобаның арқасында бүкіл ел Үржар ауданындағы Көктал ауылының қарапайым мектеп мұғалімі Ахат Рақышев туралы білді. «Қоғам» номинациясы бойынша үздіктердің бірі атанған 38 жастағы Ахат Рақышев туған ауылында көпір салуға үлес қосқан. Айталық, 2019 жылы мектеп түлектері мен жергілікті тұрғындардың қаржылай қолдауымен сызу пәнінің мұғалімі Қатынсу өзені арқылы өтетін аспалы көпірді жобалап, оның құрылысына қатысты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Ахат Айтқұрманұлымен сұхбаттасты.

– Ахат Айтқұрманұлы, Cіздің ел аузында жүрген қайырымды ісіңіз туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Сіз туралы ізденісті жалғастырсақ дейміз. Туған жерге туын тіккен азаматтың бірі екенсіз. Туып-өскен ауылыңызға көпір салыпсыз. Сол ауыл туралы сыр шертсеңіз…

– 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының Көктал ауылында туып-өстім. Бұл Алакөл мен Қатынсу өзенінің жанында орналасқан қарапайым қазақи, алақандай ауыл. 750-800-дей тұрғыны, 150-160-тай түтіні бар. Балалық шағым осы құт қонған ауылда, құнарлы топырағына аунап-қунап, шаң-тозаңын жұтып, Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі Алакөлдің суына шомылып өтті. Біздің ауылдан есімі елге мәшһүр тұлғалар шыққан. Атап айтар болсам, КСРО бойынша Социалистік Еңбек Ері атағын Горбачовтан алған Ғиняттолла Байбазарұлы Рахимов, балалар хирургы Қапан Тұрсынов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Елемес Әлімханов.

Көктал орта мектебін бітірдім. Мектебіміз біз оқыған кезеңде көнелеу еді. Кейіннен екі қабатты жаңа мектеп салынып, 2011 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі күнде 130-140 бала сол білім ұясында білім алуда.

Семей Мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Бейнелеу өнері және технология» пәні мұғалімі мамандығын алып шықтым. Бүгінде өзім түлеп ұшқан алтын ұямда робототехика пәнінің мұғалімімін.

– Көпір салу идеясы қайдан келді?

– Бұл көпір салу идеясы ауылымыздың 1983 жылғы туылған азаматтардың 20 жылдық кездесуіне орай ауылға жасаған тартуы. Ауылда көпір салу туралы бұрыннан айтылып келген. Оның болмауы көптеген жылдар бойы, әсіресе су тасқыны кезінде ауыл үшін үлкен мәселе болды. 30 жыл бұрын мектепті бітірген жерлестер де игі іске қатысуға ниет білдірді. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, біз көпір құрылысына қажетті қаражат жинадық. Жергілікті билік біздің бастамамызды қолдады. Сызу пәнінің мұғалімі болғандықтан жол өтпесінің схемасын жобалау маған ұсынылды.

Әрине, көпірдің құрылысы есік алдындағы құрылыс емес, үлкен көпір салу үшін біршама қиындықтар кездескен шығар…

– Жұмысты бастағаннан кейін ақырындап алғашқы қиындықтар шыға бастады. Көпір саламыз дегенімізге сенімсіздік танытқан адамдар да болды. Ол жағы да түсінікті еді. Бұрын ауылда ешкімнің қолына алып көрмеген күрделі жұмыс еді. Бірінші қаражат жағы жетіспейтіні білінді. Соған қарамастан көпір саламыз деп ауылымызға уәде бергеннен кейін жұмысты жалғастыра бердік. Біздің расымен сала бастағанымызға ауыл адамдарының сенімі пайда бола бастаған соң тұрғындар өз еріктерімен 20-30 мыңнан «ауылымыз үшін игілікті іске қосқанымыз» деп шама-шарқынша бере бастады. Ауылымыздың ауылдағы, ауылдан тыс жердегі кәсіпкер азаматтары қаржылай көмектесті. Тіпті, қалада оқуда жүрген студенттер де «ауылымның көркеюіне қосқанымыз» деп шәкірт ақысынан бес-он теңгесін қосты. Мұны қазіргі жастардың туған жеріне деген сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Соның ішінде Дархан Есболов деген кәсіпкер азамат көпірге қажетті бүткіл тақтайды жеткізіп берді. Арасында қаражат жетіспегендіктен қаладан материал тасымалдауда қатты қиналдық. Сол кезде семейлік Дәулет Қожахметов деген кәсіпкер ауылымыздан қыз алған жездеміз болып келеді. Құрылыс материалдарын өз жүк көлігімен қаладан ауылға дейін тегін жеткізіп беріп, сауапты іс жасап, көмек қолын созды. Достық ауылының тұрғыны Мейірман деген азамат көпірге қажетті тростарды тауып беруге атсалысты. Осындай кәсіпкер азаматтар бар кезде Қазақстанның ауылдары көркейе беретініне сенімдімін.

Одан кейінгі қиындық көпірді салу барысында орын алды. Бұрын істеп көрмеген қалыпты жұмыс болмағандықтан, үлкен аумақтың сызбаларын дәл келтіру қажет болды және оған арнайы техника болмады. Ауылда бар қарапайым тракторлардың және қол еңбегінің күшімен жасадық. Қыста басталған пандемияға байланысты карантиндік шектеулер де көп кедергі келтірді. Соған қарамастан ауылдың 1973-1983 жылғы туылған азаматтарының және ауыл тұрғындарының көмегімен және де менің өзімнің сызба жұмыстарға біраз қабілетімнің арқасында алға қойған ісімізді бір жылдың ішінде аяқтап шықтық. Ауыл халқы қазір сол көпірдің игілігін көріп отыр.

Ауыл халқы Сізге дән риза шығар…

– Біз көпір салу арқылы атақ-даңқты болуды мақсат тұтпадық. Жай ғана ауылымыздың игілігі үшін пайдалы іс істегіміз келді. Қазір көпір жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Менің ойымша, көпір құрылысына тікелей қатысқан әрбір адам «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болуға лайық. Жобадағы жеңісімді Көктал ауылының барлық тұрғындарының жеңісі деп айтқан болар едім. Қазір көрші ауылдағы жерлестіріміз де көпір салу бойынша менен ақыл-кеңес алып жүр.

Алға қойған арман, жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

«Қазақстанда Илон Маск секілді адамдар шықса екен» деп армандаймын. «Экономиканы алға сүйрейтін мықты өнертапқыштар мен реформаторлар көп болса» деген тілегім бар. Елімізді дамытып, алға сүйрейтін солар болар еді. Сондай адамдардың ауылдардан шығатынына сенімдімін. Ал, өзім де ауылымыздың көркеюіне үлесімді қоса бермекпін. Соңғы тілек, ауылды ауданның күре жолына қосатын 60 шақырым жолға мемлекет асфальт төсеп берсе екен…

Әңгімеңізге рахмет! Ойға алған арман-мақсаттарыңыз орындала берсін!

Сұхбаттасқан Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here