«Өле жегенше, бөле же»: Гутерриш «үлкен жиырмалық» елдерін жомарттық танытуға шақырды

0
2633

Әлемде дамыған, дамушы және артта қалған елдер бар. Соңғылары коронавируспен күресте қауқарсыздық танытып келеді. Әлемдік пандемия бұл елдердің онсыз да әлсіз экономикасын тұралатқаны өз алдына, қолдың қысқалығы да оларға коронавирусқа қарсы екпе сатып алуға мұрша бермей отыр. Содан көзге көрінбейтін жаудан кедей елдердің халқы қынадай қырылып жатыр. Бұл күрделі мәселені БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Италия астанасы Римде өткен Денсаулық сақтау саласына арналған жаһандық саммитте көтерді.

Бас хатшының мәліметінше, бүгінде коронавирусқа қарсы әлемде өндірілген барлық вакцинаның 82 пайызын ауқатты елдер сатып алса, оның тек 0,3 пайызы ғана кедей елдердің еншісіне тиген. Яғни, екпе қабылдауда бай мен кедей елдердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан Антониу Гутерриш «үлкен жиырмалық» елдерін (G20-ға АҚШ, Аргентина, Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабия, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония және Еуропалық Одақ кіреді, – ред.) «өле жегенше, бөле же» қағидасын ұстануға шақырды.

«Өкінішке қарай, коронавирус ешқайда кеткен жоқ, керісінше мутацияланған штамдары кеңінен таралып жатыр. Бұл – коронавирус пен әлемдік қауымдастық арасындағы соғыс. Ал, соғыс жағдайында қарсы тарапты тізе бүктіретін барлық әскери тәсіл қолданылатындығы сияқты коронавируспен күресте де қол қусырып отыруға тағы болмайды. Оны жеңудегі басты «қару» – вакцинация. Бірақ, біздің қолымызда «қаруымыз» бар болғанымен, көзге көрінбейтін жаумен күресте дамыған мемлекеттердің «көрпені өздеріне қарай тартқыштап» жатқаны ащы шындық», – деп жасырмай айтты мәселенің мәнісін Антониу Гутерриш.

Рас, Антониу Гутерриш сөзінің жаны бар. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 24 мамырдағы мәліметінше, дамыған елдердің көшін бастайтын АҚШ-та халықтың 83,5%-ы екпе салдырған, бұл көрсеткіш Ұлыбританияда 87,6%, Канадада 52,6%, Германияда 52,1%, Италияда 48,6%, Францияда 45,7%-ды құрайды. Ал, кедей елдерде екпе салдырғандар жоқтың қасы. Айталық, 208 млн халқы бар Пәкістанда 4,7 млн адамның екпе қабылдауға шамасы келген, бұл халықтың бар болғаны 2,1%-ы ғана. Халқы көп Нигериядағы жағдай да тура Пәкістандағыдай. 210 млн халқының 1,9 миллионы ғана (0,9%) екпе салдырған. Тіпті, Сирия, Танзания, Чад, Судан сияқты тәуелсіз елуге жуық ел вакцинациялауды әлі бастамаған да. Алысқа бармай-ақ посткеңестік кеңістіктегі жағдайға тоқталайық. Көрші Қырғызстан халқы 54 мың доза (0,8%) ғана екпе алған. Бұл көрсеткіш Арменияда 0,6%-дан, Тәжікстанда 0,7%-дан, Украинада 2,4%-дан, Грузияда 2,9%-дан, Өзбекстанда 4,2%-дан аспайды.

Дамушы және артта қалған елдердегі вакцинация мәселесін шешу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVAX жобасын қолға алған болатын. Соған байланысты БҰҰ Бас хатшысы «үлкен жиырмалық» елдерін коронавирусқа қарсы вакцинаны әділ таратуды қадағалайтын бағдарламаны қолдауға шақырды. Яғни, «үлкен жиырмалық» елдері вакцинаны сатып алуға қалталары көтермейтін елдерге тегін екпемен демеушілік көрсетсе құба-құп. Ал, вакцина шығарып жатқан елдердің фармацевтикалық компаниялары кедей елдерге вакцинаның бір бөлігін тегін беруге немесе арзан бағамен сатуға міндеттеледі. Сөйтіп, ортақ жаумен күресте әлемдік қауымдастық бір жұдырыққа жұмылады.

Бай елдер жомарттық танытса, дәл қазіргі жағдайда COVAX бағдарламасы аясында екпеге мұқтаж елдерге оның 170 млн дозасын бөліп беруге мүмкіндік бар. Дегенмен, бүгінде соның 65 млн дозасын ғана кедей елдер алған.

Міне, жаһандық саммитте осындай күрделі мәселені көтерген Антониу Гутерриш «үлкен жиырмалық» елдерін COVAX бағдарламасын қаржыландырып, адам өмірін сақтап қалуға шақырды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебреисус та Антониу Гутерриштің айтқанымен толықтай келіседі. Оның мәліметінше, барлық вакцинаның 45%-ы «үлкен жетілік» (G7) елдеріне ғана тиесілі. Бірақ, бұл АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция және Жапония елдерінде әлем халқының 15%-ы ғана қоныстанған. Ал, әлем халқының тең жартысы қоныстанған елдерде 17% ғана вакцина бар. Осы теңсіздікті жою мақсатында COVAX бағдарламасы қолға алынды. Мәселен, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фордың есебінше, жоғарыда аталған G7 елдері өз халықтарына қажет вакцинаға ауыз салмай-ақ, қазірдің өзінде қоймаларында жатқан артық 153 млн доза вакцинаны мұқтаж елдерге берулеріне мүмкіндіктері бар көрінеді.

Әзірге «өле жегенше, бөле же» қағидасын ұстануға шақырған Антониу Гутерриштің бастамасын «үлкен жиырмалық» елдерінен алғашқылардың бірі болып Қытай қолдады. 21 мамыр күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин әлемнің бірқатар елдеріне коронавируспен күрес үшін 3 жылда 3 млрд доллар бөлуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Сөйтіп, «коронавирустың отаны» әлем елдерінің алдында «өз кінәсін» осылайша жуып-шаймақ.

Айта кетейік, арамызда коронавирустан көл-көсір пайда тапқандар да бар болып шықты. Күні кеше коронавирусқа қарсы вакцина шығарып жатқан фармацевтикалық компаниялардың тоғыз бірдей басшысы мен қызметкері миллиардерлер қатарын толықтырды. Қазір американдық Moderna басшысы Стефан Бансель қалтасында 4,3 млрд доллар бар. Немістің BioNTech басшысы Угур Шахиннің байлығы 4 млрд долларға жеткен. Жоғарыда аталған Moderna компаниясының инвесторы, иммунолог Тимоти Спрингер 2,2 млрд долларымен бұл тізімде алғашқы үштікті қорытындылайды.

Иә, «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы болар…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here