Жетпістің желкенін керген ұлағатты ұстаз

0
3539

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны болар аяулы ұстаздар. Бұл – дау туғызбас ақиқат. Өйткені, тың жаңалық ашқан ғалым да, ел қорғаған батыр да, темірден түйін түйген шебер де, тілінен бал тамған ақын да, адам жанының арашасы дәрігер де, егін еккен диқан да, мал бағып терін төккен шопан да – бәрі ұстаз алдынан өткен. Батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», – деп тегін айтқан жоқ. Неге десеңіз, ертеңгі ел тұтқасы болар жас буынды тәрбиелеу міндеті ұстаздарға жүктелген. Осы үлкен міндетті 45 жыл бойы абыроймен орындап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстазымыз Сейіткүл Мәдібекова биыл мерейлі 70 жастың желкенін керіп отыр.

Білікті ұстаздар – Сейітқасым Бекетаев пен Сейіткүл Мәдібекова

Парасат-пайымы терең, мінезге бай, ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен көрінер Сейіткүл апайым, Құдайға шүкір, жетпісінші жазын аман-есен қарсы алып отыр. Осынау мерейлі жасында ұстаз туралы айтар жүрекжарды сөздерім көп. Әріден қозғасам, Сейіткүл Шалабекқызы – 1951 жылы Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының Қызылту ауылында дүниеге келді. 1967 жылы сондағы қазақ орта мектебін үздік бағамен аяқтады. Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетінің түлегі.

Еңбек жолын 1971 жылы туған ауылының мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Осылайша, жас маманның ұстаздық жолы басталды. Ол – Мойынқұм және Шу аудандарында қызмет етіп, екі өңірге еңбегі сіңген мұғалім. 45 жылдам астам уақыт педагог болған ұлағатты ұстаз 9 мектепте жұмыс жасаған екен. Бұл туралы ұстазымыз: «Күйеуім Ақан Бейісбеков бар өмірін мемлекеттік қызметке арнады. Соның жұмыс орнының ауысуына байланысты менің де түрлі оқу ордасында еңбек етуіме тура келді. Мен 9 мектепте ұстаздық етіп, 18 директормен қызметтес болдым», – деп өткен күннен естелік айтты.

Жоғарыда жазғанымдай, Сейіткүл Шалабекқызы еңбек жолын өзі білім алған Қызылту орта мектебінен бастады. Алғашқы күндерден бастап білімімен дараланған жас педагог арада бір жыл өтпей жатып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл лауазымды 15 жыл атқарған ол бірнеше рет «Жас математиктер» семинарын ұйымдастырып, ұстаздардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады. Математика пәнін оқытуды тереңдете меңгерген ол облыстық педагогикалық оқуға қатысып, озық іс-тәжірибесі бастапқыда ауданда, кейін облыста насихатталды. Осы жетістігінің арқасында 1988 жылы Жамбыл облыстық білім беруді жетілдіру институтының аттестациялауы бойынша «Аға мұғалім» атанды. Ол жүргізген ашық сабақтар «Jambyl» телеарнасы арқылы көрсетіліп, «Халық тәлімі» газетінде жарияланды.

Ұстазымыздың ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Айталық, 1997 жылы «Қазақстан Республикасының білім озаты» төсбелгісімен марапатталды. Ал, 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына байланысты математиктердің үш жылда бір рет өткізілетін Жамбыл облыстық «Алтын кілт» байқауына қатысып, I-орынды иеленді. Білім саласындағы табысты қызметі үшін екі мәрте Шу ауданының әкімі мен маслихатының Құрмет грамоталарын иеленіп, Шу ауданының 80, Шу қаласының 50 жылдық мерейтойлық төсбелгілерін кеудесіне тақты. Білікті мұғалімнің есімі 2011 жылы жарық көрген «Жамбыл облысының ұлағатты ұстаздары» және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұлағат иірімдері» жинақтарына енген. Ардақты ұстаз зейнет демалысына шыққаннан кейін де Шу ауданындағы Төле би орта мектебінде өндіріс қажеттілігіне байланысты 10 жыл қызмет атқарды.

Сейіткүл апайды шәкірттері ғана емес, қос ауданның үлкен-кішісіне дейін ерекше құрмет танытып, қадірлейді. Бүкіл Мойынқұм мен Шу аудандарына абыройы асқақ апайымыз біздерге жаратылысынан ұстаз боп туғандай көрінетін. Ұстазымыз шын мұғалім болды. Оқушыға ұнай қоймайтын орынсыз қаталдығын көрсету, жекіріп сөйлеу, балаларды бір-бірімен салыстыра отырып бағалау сынды әдеттерден ада еді. Тек өзіне, өзінің ұстаздық қабілетіне кәміл сенетін. Және сол бойындағы тазалық қасиетін қиюластырып, онысын телегей біліммен ұштастыратын. Шәкірттеріне шынайы ұстаз, анасындай ақылшы, досындай сырлас бола білген бірегей мұғаліміміз болды.

Ана демекші, Сейіткүл апайымыз бүгінде 1 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, солардан немерелер сүйіп отырған бақытты әже. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, өз кірпіштерін қалады. Үлкені Майра Алматыда тұрады. Банкте бөлім басшысы. Ұлдары Жәнібек, Шәкірбек, Талғат бір-бір отбасының отағасы. Үшеуі де заңгер.

Осы жолдар авторының ұстаздары – Мүбарак Жинақбаева және Сейіткүл Мәдібекова

Ұстазым туралы шағын естелік жазар сәтте, ойым шартарапты кезді. Екі мыңыншы жылдар еншісінде қалған мектептегі жылдарыма ойша оралдым. Орала отырып, мақалама арқау болған апайымның жылы жүзін, бекзаттық болмыс-бітімін, биязы жүріс-тұрысын көз алдымнан өткіздім… Қаламыма қанат бітіріп, ойды тербеп, көңілді қозғаған сол ұстазым арқылы білім алғаным, шалғайда қалған Шудың өткені мен кеткенін қайыра еске түсірдім… Әрине, естеліктердің бәрін тізіп шығу мақсат та емес, бұл мақаланың көлемі тағы көтермейді.

Мен Шу қаласындағы Төле би орта мектебінің 2007 жылғы түлегімін. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Сейіткүл апай бізге математикадан сегізінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін сабақ берді. «Алгебра қиын, ашиды миым» десек те, осы күрделі пәннің қыр-сырын апайымыздың өзіндік сабақ беру тәсілінің арқасында меңгеріп шықтық. Есеп шығарудың сан тәсілін біледі. Соны біздерге үйретті.

Апайымыздың өтірік көлгірсуді білмейтін тік мінезі бар. Осы жақсы қасиеті біздерге де үлгі болды. Ойы да, сойы да биік, сөзі де, ісі де ірі. Өте талапшыл. Үшті де оңайлықпен қоймайтын. Түсіне білмеген адамға бұл сабақ терең бір тұңғиық теңіздей болып көрінеді. Ал, сол математика деген мұхитта желкенімізді тіктеуге Сейіткүл апайдың қосқан үлесі зор болды. Ұстазымыздың бұл қасиетін кезінде бала жүрегімізбен түсінбеуіміз де мүмкін. Бірақ, орда бұзар жастан асқанда сол талапшылдықтың еш зияны болмағанын түсінеміз. Талап – еңбек, ізденіс екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» дегенді дана қазақ тауып айтқан ғой. Сейіткүл апайдан сауаттанып білім алған, өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері жетерлік. Өйткені, ұстаздық еткен 45 жылда жүздеген шәкірт оның алдынан өтті. Олардың атын атап, түсін түстеу де мүмкін емес. Мәнді ғұмыр кешіп, ұстаздық дейтін өрісті әлемнің өрнегін салған ұстазымыздың сандаған шәкірттері бүгінде берісі – Жамбыл өңірінде, әрісі – Алаш жұртына адал қызметтерін атқарып келеді. Бұл да болса ұстаздың шәкірттерінің жүректеріне өз нұры мен шуағын төге білген көрегендігі болса керек.

Төле би мектебінің 2007 жылғы түлектері. Ортада Сейіткүл Мәдібекова, 2017 ж.

Алысқа бармай-ақ, шәкірттерінің арасынан өз замандасымыз Сабина Қыздарбекованың есімін ерекше атауға болады. Сабинамен он бір жыл бір сыныпта оқығанымыз өз алдына бөлек әңгіме. Сол Сабинамызды Сейіткүл апайдың қалай баулығанын, ұстаздық жолға қалай салғанын көзіміз көрді. Ал, сыныптасымыз Ұлы Абай айтқан «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» екенін дәлелдеді. Ұстазының жолымен қастерлі мамандықты таңдады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика факультетіне грантқа түсіп, оны үздік аяқтады. Сөйтіп, «Туған жерге туыңды тік» қағидасын басшылыққа алып, туған жерге оралды. Өзі оқыған мектепке жұмысқа орналасып, өзінің ұстазымен әріптес болды. Осылайша, Сейіткүл апайымыздың жолын абыроймен жалғап келеді.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев дәл айтқан. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Ол сонысымен де қастерлі. Оған артылған жүктің ауырлығын да жоғарыда жаздық. Осындай ауыр жүкті алып жүріп, біздерді терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау тек Сейіткүл Мәдібековадай білікті ұстаздардың ғана қолынан келеді. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», – десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім Абайды, Жамбыл Сүйінбайды ұстазы ретінде шексіз құрметтегенін тарихтан білеміз. Сол ұлылар жолымен мен де бүгінде жетпістің желкенін ұстап, сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған ұстазыма шәкірттік алғысымды білдіремін.

Иә, біз қашан да ұстаз алдында қарыздармыз. Көпшілік осыны ұмытпаса екен…

Өз дәуірінің оты мен суын бір кісідей кешіп, құрыштай шыңдалған Сейіткүл апайыма зор денсаулық, мықты күш-қуат тілеймін!

Мерей жасыңыз құтты болсын, Сейіткүл апай!

Жүз жасаңыз!

Құрметпен, шәкіртіңіз Жасұлан Мәуленұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here