Қайраткердің құрметіне мемориалды тақта орнатылды

0
2421

Өткен аптада, 26 мамыр күні сәулет және құрылысты жобалау ісінің көрнекті инженері және ұйымдастырушысы, ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының президенті, ҚазКСР Еңбек сіңірген құрылысшысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Әбдісағит Тәтіғұловтың құрметіне орай орнатылған мемориалды тақтаның ашылу рәсімі өтті.

Алматы қаласында өткен еске алу шарасына марқұмның жақындары, үзеңгілес замандастары, әріптестері қатысты. Мемориалды тақта 1975 жылдан бастап 40 жылдан аса саладағы жетекші «Казгорстройпроект» жобалау институтын (қазіргі «KAZGOR» жобалау академиясы) үздіксіз басқарған қайраткердің ұзақ жылдар бойы тұрған үйінің қабырғасына орнатылды.

Мемориалды тақтаның ресми ашылуында марқұмды студент кезінен танитын замандастары – қоғам қайраткері, публицист Татамбаев Совет Алтайбекұлы мен ҚР ҰҒА академигі, профессор Ақбердин Тілес Жұматайұлы тебірене сөз сөйледі. Олар Әбдісағит Шаймұханбетұлының отандық құрылыс саласын дамытуға қосқан зор үлесі, оның Қазақстанда жобалау ісін ұйымдастыруда ғана емес, қоғамдық, публицистикалық, ғылыми және шығармашылық қызметте де көрініс тапқан көпқырлы таланты туралы әңгімеледі.

«Әбдісағит Шаймұханбетұлы «Қазақстан» қонақ үйін жобалауға тікелей қатысты. Ал, Алматының бойтұмарына айналған бұл ғимараттың салынуы – Қазақстандағы биік құрылыстың дамуына қуатты серпін берді», – деп атап өтті Совет Алтайбекұлы.

Тілес Жұматайұлы да замандасы туралы толғамды ой айтты. Оның айтуынша, Әбдісағит Шаймұханбетұлы еліміздің мәдени мұрасына зор үлес қосқан Қазақстанның көрнекті адамдарының қатарында лайықты орын алады.

«Әбдісағит Шаймұханбетұлының басшылығымен көптеген ерекше сәулет құрылыстары бой көтерді. Табиғи түйсігі арқылы ол ұлттық сәулет тарихын зерттеуге де ерекше назар аударды. Біздің ата-бабаларымыз мазар, мешіт түрінде ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй түрінде де күрделі құрылыстар салғанын дәлелдеді. Оның құрметіне мемориалды тақтаның ашылуы еліміздің тарихы мен мәдени құндылықтарына үлкен құрмет белгісі болып саналады», – деп ағынан жарылды Тілес Жұматайұлы.

Мемориалды тақтаның ашылуында Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Жәнібек Сәдуақасов пен «KAZGOR» жобалау академиясының өкілдері қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here