TOURISMKAZ – технологиялық тренд

0
2531

Университетіміз кез келген салада инновацияның әлеуетін пайдалана отырып жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың арасынан TOURISMKAZ мобильді қосымшасын ерекше атап көрсетуге болады. Туристерге де, туристік қызмет көрсетушілерге де тиімді бұл платформа – еліміздегі тұңғыш цифрлық сауда алаңы. Қосымшаның қыр-сырын білу мақсатында жоба жетекшісі Әлия Ақтымбаеваны сөзге тарттық.

Ол – қарашаңырақтағы рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі. Маманның айтуынша, бұл саяхатшылар үшін ыңғайлы платформа. Өйткені мұнда қалтаңызға қарап, өз талғамыңызға лайық турды сатып алуға болады. Әрі қонақүйге тікелей тапсырыс беріп, жүргізушіні де таңдай аласыз. Сонымен бірге туристік нысанды онлайн картадан көріп, алдын ала танысуға, панорамалық 3D суреттерін көруге және QR кодын сканерлеп, осы объект туралы қызықты мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Мобильді қосымшадағы барлық ақпараттың құрылымы бір жүйеге келтірілген. Соның арқасында өзіңе ұнайтын турды іздеу, оны профильге қосып, сол жерде бірден сатып алу қиындық тудырмайды. Интуитивті деңгейде платформаның дизайны мен құрылымы өте түсінікті.

Сапарда серік болар

Турфирмалар, қонақүйлер, ұлттық парктер, курорттар мен санаторийлер осы цифрлық платформа арқылы өз өнімдерін сата алады. Демек, TOURISMKAZ мобильді қосымшасы туристік қызметтерді нарықта өткізудің тағы бір арнасы деуге болады. Сондай-ақ гид немесе экскурсоводты таңдау, тілді өзгерту, QR-кодты сканерлеу, билеттер сатып алу, виртуалдық тур сияқты мүмкіндіктері бар. Осыны ескере келе, мобильді қосымша халықаралық стандарттарға сәйкес деп сеніммен айта аламыз.

– Жобалауымызша, аталған мобильді қосымша шетелдік және өз саяхатшыларымыздың арасында отандық туризмнің танымалдығын арттыратын бірыңғай жүйе болмақ. Одан бөлек, тravel-бизнестің субъектілері осы платформаның көмегімен кейбір бизнес-процестерді автоматтандырып, бағалау мен рейтингтер жүйесі арқылы нарыққа мониторинг жүргізе алады, – дейді Әлия Сағындыққызы.

Жоба жетекшісі ішкі туризм нарығының дамуына мобильді қосымшасының әсері туралы да ойымен бөлісті.

– Туристік бизнес – бұл бизнестегі мобильді бағыт, – дейді ол. – Бұл саладағы кәсіпкерлер клиентпен үнемі байланыста болуы керек. Кез келген жағдайды қашықтан үйлестіріп, сұрақтар мен ескертулерге мүмкіндігінше тез жауап беруі тиіс. Аяқасты ұсыныс түскен жағдайда суыт турларды ұсынуға дайын болуы шарт. Айта берсең, бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Инновациялық технологиялар туризм нарығының құрылымын айтарлықтай өзгертті. Саяхатшыларға арналған кез келген сервис қазір мобильді қосымшаларды пайдалануда өте белсенді. Бұл туризмнің дамуына тікелей ықпал етуде. Нәтижесінде әлемді тануға құштар азаматтар үшін дайын ақпараттық орта қалыптасты. Уақыт өте келе мобильді «көмекшілерге» деген сұраныс арта түсері анық, онсыз туристік бизнестің қарыштап дамуын елестетудің өзі мүмкін емес. Өкінішке қарай, ақпараттық жүйелердің дамуына қарамастан, бұл технологиялар еліміздегі заманауи туристік бизнесте айтарлықтай маңызға ие бола алмай отыр. Ал шетелдерде ірі туристік және әлеуметтік-мәдени жобалардың ажырамас бөлігі болып табылады. Ақпараттық жүйелер өңірде туризмді дамытуды перспективалық жоспарлау жобаларын әзірлеу кезінде ерекше рөл атқарады.

– Біз әзірлеп жатқан TOURISMKAZ мобильді қосымшасы болашақта саяхатты іздеу және брондау тәсілдеріне үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін. Саяхатшылар үшін пайдалы функциялардың заманауи жүйесі мен пакетін ұсынатын біздің қосымша уақыт пен ақшаны үнемдеуге, көрікті жерлерді табуға көмектеседі. Демек, сапар барысында таптырмас көмекші болады десек, қателеспейміз, – дейді Ә.Ақтымбаева.

Қарап отырсақ, travel-менеджерлер аталмыш жоба арқылы клиентке ұсынатын қызметтер жиынтығын арттыра алады. Бұл қосымша ішкі туристік нарықта алғаш рет әзірленбек. Ол отандық туристік субагенттер мен агротуристік қызмет көрсететін шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, туристік қызметтерді дамытуға және кеңейтуге ықпал етеді.

Біріккен жерде береке бар

«Барлық туристік қызметтердің басын біріктіру идеясы қайдан келді?» деген сұрағымызға кафедра меңгерушісі былай деп жауап берді:

– Қазақстанның туристік нарығында саяхатшыға қажетті ақпараттың барлығын бір жерден алуға болатын мобильді қосымша жоқ. Қазіргі таңда туроператорлардың барлығы бірдей турпакеттер, яғни ең танымал көрікті жерлерге баруды ұсынады. Сонымен бірге креативті инновациялық шешімдердің көмегімен ұсыныстар спектрін кеңейту және ақпараттық қолжетімділікті арттыру қажет. Бұл елімізге қайта саяхаттап келушілер санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Маманның айтуынша, елімізде туристер үшін ыңғайлы ақпараттық орта құрумен байланысты проблема да жоқ емес. Мәселен, отандық заманауи туризм технологияларының бірігуі мен цифрландырудың төмен деңгейі. Екіншіден, елдің шынайы туристік құралдар жөнінде аз хабардар болуы. Үшіншіден, қолжетімді туристік сегменттер тұтас бір туристік өнім ретінде жұмыс істемейді. Әрқайсысы өз алдына бөлек қызмет көрсетеді. Төртіншіден, интернет инфрақұрылымының жоқтығын, сондай-ақ алыс өңірлерде интернетке қолжетімділіктің төмендігін көруге болады. Бесіншіден, нарық субъектілеріне цифрлық алаңды қолдану үшін кәсіби дағды жетіспейді.

Жоғарыда айтылғандар еліміз үшін өте маңызды. Әсіресе маркетинг пен брондау бойынша басты функцияларды біріктіріп, кәсіби мобильді қосымшаны пайдаланудың уақыты жетті. Ары қарай оны халықаралық нарыққа шығарудың жолдарын қарастыру қажет.

– Осылайша өңірге келушілерді барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін біз TOURISMKAZ мобильді қосымшасын әзірлеуге бел будық. Оның ішінде туристік объектілердің орналасуы, қызмет сипаттамасы және келушілерге арналған қызметтер тізімі туралы барлық деректі кездестіре аласыз. Қосымша екі бағытта: туристік қызметтерді жеткізушілер үшін және клиенттер үшін жеке-жеке дайындалатын болады, – дейді Әлия Сағындыққызы.

   Мобильді қосымшаның монетизациясы

– Біз туристік қызметті брондап немесе сатып алғысы келетін туристер мен осы қызметтерді жеткізушілер арасында делдал (агент) ретінде рөл атқарамыз. Мұндай бизнес-тәсіл «агенттік модель» ретінде де белгілі. Басқа туристік брондау/сатып алу қосымшаларынан айырмашылығы – туристік қызметтерді жеткізушілер мен саяхатшылар арасындағы келісімге қатыспаймыз. Бұл жеткізушілерге тарифтер мен орындардың немесе қызметтердің қолжетімділігін дербес басқаруға, сондай-ақ олардың ережелері мен жалпы ұсыныстары туралы ашық ақпарат беруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ болашақта кейбір туристік маршруттар мен ақпарат ақылы түрде жүзеге асырылады деп жобалануда, – дейді жоба жетекшісі.

Шекараға бағынбайтын цифрлық әлем

Оның айтуынша, мұндай кешенді мобильді қосымша сияқты бірдей қосымшалар әзірге кездеспеген. Алайда маман «мобильді қосымшалардың әсерін талдау кезінде цифрлық платформалардың шекаралары жоқ екенін ескеру қажет» дейді.

Мобильді қосымшалардың туризмді дамытуға белгілі бір елдің ғана емес, сонымен бірге аймақтың дамуына әсер етуінің көптеген жарқын мысалдары бар. Booking.com, Airbnb, TripAdvisor, 2Gis, Google maps, Aviasales, Anywayanyday, Skyscanner сияқты әлемдік платформалар туризмнің дамуына тікелей әсер ететіні даусыз. Өйткені билеттерді сатып алуды жеңілдету, түрлі маршруттар құру, имиджді қалыптастыру, қажетті ақпаратты тез алу нарыққа бейімделіп, оза шабуға көмектеседі. Ал турист мобильді болып, көбірек сапарға шыққан сайын кәсіпкердің кіріс көлемі де арта түседі.

– Туристер саны мен одан түсетін табыс бойынша көш бастайтын Франция, АҚШ, Испания, Италия, Қытай, Түркия сияқты елдер әртүрлі мобильді қосымшаларды белсенді қолданады. Сол себепті Қазақстанда туризмді әлемдік тәжірибеге сүйене отырып және түрлі цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту қажет, – дейді Ә.Ақтымбаева.

Өткен жылы мемлекет басшысы жаңа бағыт саналатын ІТ мен туризм секторына басымдық беру керектігін айтқан болатын. «Бұл салалар 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев. Расымен де, бұл секторлардың экономикаға берері мол, инновациялық әлеуеті де ұшан-теңіз. Тек пандемия аяққа тұсау болды дегенді жиі естиміз. Бірақ Covid-19 халықаралық туризмнің қарқынын баяулатқанымен, ішкі туризмнің дамуына леп бергенін де ескерген жөн.

Мәселен, бір ғана Маңғыстау облысына келген саяхатшылардың саны 177 мыңға жеткен. Бұл – соңғы жылдың көрсеткіші. Ал әуе рейстерінің саны ковидке дейінгі кезеңнен де асып түсті. Әрине, карантиндік шектеулер алынған соң. Жұртшылық табиғатта серуендеп, тауға шығуды көбейтті. Елімізде экотуризм серпін алды. Сэйдің экономикалық теориясына сүйенсек, сұраныс артқан жерде кез келген сапалы өнім тұтынушысын табады. Демек, қазір туристік нарықтың қажетін өтеуге жұмыс істейтін отандық өнімдерге барынша қолдау көрсету керек.

Кәмила ДҮЙСЕН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here