Қайрат МӘМИ: «Қазақстандық элитаның ұстаханасы»

0
3252

Конституциялық Кеңес төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы президенті Қайрат Мәмимен сұхбат.

 – Қайрат Әбдіразақұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да алған іліміңіз үлкен жетістіктердің алғашқы баспалдағы болды. Биіктен көрініп жүрген өзіңіздей тәлімді шәкірттің ұстаздары да осал болмағаны анық. Үлгі тұтып, бағыт-бағдар алған ұстаздарыңыздан кімді атар едіңіз?

– Еліміздің жоғары білім ордаларының қарашаңырағы – Қазақ ұлттық университетіне ризашылығымды білдіре отырып,  ұстаздарым мен ғылыми жетекшілеріме алғысым шексіз екенін айтқым келеді. Алғашқы декандарымыз Қазий Үргенішбаев пен Қалимолла Халықов болды. Сондай-ақ әйгілі ұстаздар Юрий Басин, Сұлтан Сартаев, Асабай Мамытов, Алексей Худяков, Сағындық Байсалов, Еркін Жәкішев, Анатолий Диденко және тағы басқа көрнекті педагогтардан тәлім алдық. Бізді қайталанбас академиктер Салық Зимановтың, Ғайрат Сапарғалиевтің сабақтары тәнті етті. Олардың терең білімі, біліктілігі мен шешендігі болашақ мамандығымыздың құпияларын білуге жол ашты. Ғылымға шын берілген осындай тұлғалармен шығармашылық қарым-қатынас кәсіби шыңдалуымызға, болашағымызды айқындауымызға себеп болды.

– Студент кезіңізде кім болуды, қандай биіктерді бағындыруды армандадыңыз? Бүгінде сол арман-мақсатыңызға жеттіңіз бе?

– Әрине, жарқын болашақ туралы армандадым, алайда тағдыр маған қандай тосын сый дайындап қойғанын болжай алған жоқпын. Жасыратыны жоқ, сот не прокурор болу менің мақсат-арманым болды. Бірақ Жоғарғы соттың төрағасы, бас прокурор болу үш ұйықтасам түсіме кірмейтін арман болатын. Екі жыл бұрын студенттермен кездесулердің бірінде аудиториядан:  «Жоғарғы соттың төрағасы болу үшін не істеу керек?» деген сұрақ қойылды. Ол жігіттің сұрағы, әрине, жасандылықсыз, табиғилығымен ерекшеленіп тұрды. Осы тектес сұрақтар әрқашан алдымнан шығады. Қысқаша жауап берсем, біріншіден, ондай биіктерге апаратын жолдың ұзақтығымен қатар, ой-шұқыры да көп болады. Сол үшін кездескен сәттіліктер мен қиындықтарды бірде тез, бірде баяу еңсеру керек. Осындай сын сәттерде жолдан адастырмас, бағыт-бағдарымды айқындайтын компасым өз ұстанымым болды. Ол – ең алдымен таңдаған мамандығыңа адалдық және адамдарды жақсы көру. Менің жеткен жетістіктерімнің негізінде тек қана еңбек жатыр. Екіншіден, біліміңді үнемі ұштастырып, дамытып отыру керек. Ешкім бірден бәрін біліп тумайды, бұл үлкен және күрделі жұмыстың нәтижесі. Тіпті тереңіне үңілер болсақ, сәттілік өз-өзіңді қамшылаумен жеңуден басталады.

– Өзіңіз оқыған жылдарда курстастарыңызбен, ұстаздарыңызбен өткізген жылы естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

– Біз өткен ғасырдың 70-жылдары арман қала – Алматыға республиканың әр түкпірінен келдік. Алғашқы сәттен бастап сол уақыттағы ел астанасының ерекше энергиясымен бірге, өзіміз құжат тапсырған оқу орнында қалыптасқан үлкен конкурсты сезіндік. Әрқайсымыз армандағандай ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенті атандық. Заңгер мамандығының мәртебесі әр кезде де өзекті болатынына сендік. Біз бұл саланы саналы түрде таңдадық.

Курстастарымыздың басым бөлігі әскер қатарында қызмет еткен немесе зауыт-фабрика, колхоз-совхоздарда жұмыс істеген қыз-жігіттер болды. Сондықтан көптеген танымал заңгерлердің еңбек өтілі жұмысшы лауазымдарынан басталғанына таңғалмау керек. Ең бастысы, бұл ғана емес, бізді достық, өзара көмек және романтика біріктірді. Әлі күнге дейін сонау жастықтың жайлы кештерінде би билеп немесе гитарамен ән шырқайтын ыстық шақтар ұмытылған емес.

Биыл – ҚазҰУ дипломын алғанымызға 40 жыл. Барлық достарды осы айтулы күнмен құттықтаймын! Жылдар өте келе, тиянақты білімімізге тәжірибе мен даналық та қосылды. Сонымен бірге бізге жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау және нығайту бақыты бұйырды.

1981 жылы оқу бітірген біздің курсты заң факультеті тарихындағы «ең жұлдызы биік» курстың бірі деп бағалайтын пікірдің кейде қылаң беріп қалатыны бар. Оған негіз жоқ емес. Себебі біздің курстың түлектері арасынан әлеуметтік өмірдің білім және ғылым салаларында, мемлекеттік биліктің барлық тармақтарында биік лауазымдарға көтеріліп, қоғамымыздың ең танымал, беделді әрі сыйлы азаматтарына айналғандары көп. Біздің буынға қазақ білімінің қарашаңырағы – ҚазҰУ-да білім алу ғана емес, студенттер қалашығының іргесін қалау құрметі де бұйырды. Бүгінде үлкен қаланың бір шағынауданына айналған қалашықтың әр корпусы, әр жатақханасы, әр бұрышы біз үшін ыстық.

Осындай ұзақ еңбек жолында студенттік бауырластық қағидаттары мен өзара көмек көрсету әрі жылы сезімдерімізді сақтай білдік. Курстастарымыздың кейбіреуі ғылым жолын таңдап, кейін ғылым докторлары мен ректор қызметтеріне дейін көтерілді. Олардың ішінде Әбдіманап Бектұрғанов пен Зайлағи Кенжалиев ерекше атап өтуге лайық. Арамыздан республикаға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, заңгерлер шықты. Олардың қатарында Мұсабек Әлімбеков, Зағипа Балиева, Қозы-Көрпеш Кәрбозов, Әділ Қырықбаев, Рашид Жақыпов, Дастан Сартаев және басқалар бар.

– Альма-матердің атауына лайықты әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, түлектер университетке сый ретінде циферблатты механикалық сағатты ұсынған-ды. Құдды студенттерге «Әр сәтіңнің қадірін ұқ…» деп тұрған уақыт жаршысындай. Мұндай тосын сыйлық кімді болсын елең еттірмей қоймасы анық. Түлектердің киелі шаңыраққа деген тағы қандай тосын сыйлары мен жоба-жоспарлары бар?

– Бұл жомарт сыйлық дәстүрлі жалпыуниверситеттік мереке – Түлектер күніне тарту. Сағат-стелла түлектердің университеттің даму эндаумент қорының қолдау көрсетуіндегі пәрменділігін бейнелейді. Ол қарлы Іле Алатауы сияқты жылдың кез келген уақытында өзінің сұлулығымен қуантып, «Уақыттың құнын біл, минуттың салмағын біл, секундтың есебін біл!» деп, әркімге өте маңызды шындықты еске салып тұратын болады. Сондай-ақ жылдың басты мерейтойлық оқиғасы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Қайраткерлер қолтаңбасы. Автографы авторитетов» кітабы әзірленуде. Ол  ҚазҰУ-дың ел тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі туралы болмақ. Кітапты Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» және  ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалалары ашады. Басқа мақалалардың авторлары – университеттің танымал түлектері. Олардың арасында министрлер, әкімдер, елшілер, ғалымдар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар мен ақындар бар. Бұл да жобаның өзіндік ерекшелігі. Төтенше және өкілетті елшілер Б.Сәрсенбаев пен Қ.Әбусейітовтер авторлар материалына сараптамалық баға береді.

Республиканың тәуелсіздік жылдарында біздің университет түлектерінің ішінде бір премьер-министр және оның бес орынбасары, үш сенат төрағасы, екі мәжіліс төрағасы және оның орынбасарлары, үш мемлекеттік хатшы, үш президент әкімшілігінің басшысы және оның орынбасарлары, Конституциялық Кеңестің төрт төрағасы, төрт Жоғарғы сот төрағасы, жеті бас прокурор болды. ҚазҰУ-дың бес түлегі облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері болып тағайындалды. Тәуелсіздік жылдары 43 түлек әртүрлі министрліктерді басқарды. Төтенше және өкілетті елшілердің ішінде ҚазҰУ-дың дипломдарымен 52 дипломат бар. Статистиканы әрі қарай жалғастыра түсуге болады.

«Қайраткерлер қолтаңбасы. Автографы авторитетов» жобасы егемен мемлекеттің идеологиясы мен саясатының бастауында тұрған, тәуелсіздікке ерекше үлес қосқан түлектер туралы бірегей басылым болмақ. Осындай жобалармен өзі де ҚазҰУ-дың түлегі, жаңа ректор Жансейіт Қансейітұлының университетіміздің дамуына жалғасқан жаңа кезеңі басталмақ.

– Қазақ елінің дамуына сүбелі үлес қосқан білім ордасы түлектеріне арналған «Біздің элита» жобасының бас редакторы екеніңіз мәлім. Болашақта бұл кітаптың жаңа томдықтары басылып, дәстүрлі жалғасын таба ма? Замандастарыңыздан елдің, оның ішінде ҚазҰУ-дың дамуына үлесі мол тиді деп кімдерді атап айтар едіңіз?

– Біздің альма-матер Қазақстанда бірінші болып Түлектер қауымдастығын құрды. Қауымдастық аясында ғылыми жобаларды жасау, университеттің келбетін жақсарту, үздік студенттерді қолдау, арнайы аудиторияларды ашу  тұрақты тәжірибеге айналды.

«Біздің элита» кітабы – қауымдастықтың алғашқы жобаларының бірегейі. Осындай ауқымды жобаны ұсына отырып, түлектеріміздің әзірлігі халықаралық деңгейге жауап беретініне және заманауи нарықтың талаптарына сәйкестігі мен бәсекеге қабілеттілігіне еш күмән туғызбайтынына сенімдіміз. Келесі томдарға кіретін түлектердің тізімін, олардың қажетті деңгейін нақтылайтын басты көрсеткішті отандық білім беру бренді ретінде қауымдастық пен университет басшылығы анықтайды. Төртінші том университетіміздің 90 жылдығына арналмақ. Қазірдің өзінде кандидатураларды іріктеу, студенттік мұрағат істерін зерделеу жұмыстары жүргізілуде. «Біздің элита» энциклопедиясының алғашқы кітаптарында барлық факультеттердің 672 түлегі туралы очерк бар.

– Терең білім игеру, білікті маман болу – уақыт көшінен қалмаудың басты талабы. Осы талаптың үдесінен шығу үшін бүгінгі таңда студенттер қандай қабілеттерге ие болғаны жөн? Қазіргі еңбек нарығы жағдайында ҚазҰУ түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қандай факторлар әсер етеді? Сіздің ойыңызша, білім ордасы түлектері қандай артықшылықтарға ие?  

– ҚазҰУ – қазақстандық элитаның басты ұстаханасы. Мұнда білім алу әрдайым құрмет пен мәртебе, өйткені университет жастардың үміттерін ақтап, армандарын жүзеге асырады. Жоғарыда атап өткенімдей, көптеген ҚазҰУ түлектері бизнесте, мемлекеттік органдарда үздіктер қатарында қызмет етіп жүр. Біздің түлектер экономиканың түрлі салаларында, Қазақстанның дамуына баға жетпес үлес қосып келеді. Сондықтан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі атану – бұл өзіндік сапа белгісі. Біздің альма-матер – посткеңестік кеңістіктегі жоғары оқу орындары арасында Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі QS рейтингі бойынша жаһандық деңгейде мойындалған әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына кірген жалғыз университет. Оқу орнының жоғары мәртебесі студенттің білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар олардың белсенді азаматтық ұстанымы, әлеуметтік жауапкершілігі, рухани-адамгершілік қасиеттері. Бүгінгі ұстаздар аға буынның көшін жалғап, жаңа Қазақстанның дамуына еңбек ететін өз елінің патриот-жастарын тәрбиелеуде. Біздің ерекше мақтанышымыздың негізі – өздері оқыған оқу орнының тағдырына белсене араласқан университет түлектерінің бауырмалдығы, бірлігі, корпоративті рухы.

– Биылғы Түлектер күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналуда. Университетіміздің қадірлі түлегі ретінде оқу бітірушілерге айтар тілегіңіз қандай?

– Түлектер күнін атап өту – өз дәстүрімізге деген тұрақтылық, ұстаздар мен әріптестерімізге деген шынайы құрмет. Бұл – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне деген үлкен махаббатымыз бен алғыс айтар күніміз. Әрдайым осылай бола бермек.

Ең алдымен университетті биыл бітіретін түлектерді шын жүректен құттықтаймын! Үлкен өмірге басқан қадамдары сәтті болғай! Бүгінгі таңда жаңа Қазақстанда бәрі де мүмкін, кез келген студент ертең үлкен қызметтер істей алады. Бастысы – тиянақты оқу және үнемі өз-өзіңді дамыту. Жастар ұлттық бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтере алуы үшін сапалы және сұранысқа сай құзыреттіліктерге ие болып қана қоймай, сонымен бірге ел тағдыры үшін өзінің жауапкершілігін де сезінуі тиіс. Әрине, студенттердің әрқайсысы көшбасшы болуды армандайды. Әбу Насыр әл-Фараби: «Мемлекеттегі көшбасшылар адамдарды әл-ауқатқа жетелеу үшін туып, тәрбиеленеді», – деп бекерге айтпаса керек. Сондықтан университет түлектері ең алдымен өз болашағын ел болашағымен байланыстыруы керек. Ұлы ғұлама сондай-ақ «Нағыз көшбасшы болу үшін кәсіби құзыреттіліктермен қатар, адалдық, ізеттілік, әділдік, бекзаттық пен ақиқатқа ұмтылысты қалыптастыру қажет» деген екен. Ең бастысы – өзіңе сеніп, кез келген биіктікке жетуге тәуекел ету керек. Әрине, үнемі өзіңмен жұмыс істей отырып, мақсатты және жігерлі болған абзал. Бәсекелестікке де әрқашан дайын болу керек.

– Қайрат Әбдіразақұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here