Рәміздер – ұлттың төлқұжаты

0
3330

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық  заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп  келеді.

Мемлекеттік рәмізсіз, ел болмайды. Ал елдік рәмізге құрмет  көрсету патриоттықтың  негізгі  белгісі. Халқының  98 пайызын жергілікті  ұлт  өкілдері  құрайтын  Оңтүстік  Кореяда  және Жапон  елінде   Мемлекеттік  Ту ең  қасиетті ұғым  саналады. Сондықтан да Мемлекеттік рәміздердің  алдында  халық  қашанда  өздерін  кішік  санайды.  Мемлекеттік  шенеуніктерден  бастап,  қарапайым  жандар  мемлекеттік  ту  алдынан  өтерде  бастарын иіп  өту  дағдылы  шарт. Бұл  елдерде рәміздерді  пайдалану мен оны насихаттау ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі.  Және  ол  науқандық  сипатқа  бағындырылмаған.

Елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер  күні 2007 жылдан тойланып келеді.  Айтулы мерекені  мемлекеттік  тұрғыда атап өтуге арналған тұтастай шаралар кешені бекітілген.              

Мемлекеттік рәміздер  күні – әрбір қазақстандықтың патриотизм мен елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналуы үшін барлық қажетті шараларды атқаруға қажетті көмек көрсетіп, мониторинг пен бақылау жүргізіліп  келеді. Әйтсе де  ол  декларативтік  мазмұнда.

Мемлекеттік рәміздер – көркем бейнелердің жиынтығы ғана емес немесе бір ғана ұлттың символикасындағы көріністердің көркемдік шешімі емес, ол – өмір сүріп отырған мемлекеттің тұтастығының кепілі, тәуелсіздігіміздің айқын нышаны. Яғни, біздің дербестігіміздің өлшемі. Кез келген мемлекеттің рәміздері өздері  үшін қандай қастерлі, қандай қадірлі болса, Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік  рәміздері де мемлекет үшін сондай маңызға ие. Әсіресе, біздің Мемлекеттік Туымыз мен Елтаңбамыздағы символикалық бейнелер тек қазақтың дүниетанымына, ұғымына тән сияқты болып көрінгенімен, жалпы адамзаттық мәні зор. Айталық көк Тудағы Күн – әлем халқына ортақ құндылық екені даусыз. Ал түстің таңдалуының өзі адамзат тарихынан тыс қала алмайтын қазақ тағдырын, қазақ менталитетін аңғартады.

Қазақ елінің бас идеясы –бір тудың астына бірігу,бір  тудың түбінде бас  біріктіру. Өткенге ой жүгіртер болсақ, адамзат қоғамының елдіктің басты белгісі есебіндегі Туға қатысты танымы тұңғиықта  жатыр. Оның  құдіретті  үні қазақ  даласының  қуатты  дүбірі  мен  поэтикалық  екпінінде  де  көрініс  тапқан.

Ақын Несіпбек Айтовтың «Ту» атты поэмасында ер Қазымбет өмірінің соңғы сәтінде жылқы үстінде туды құлатпай аман сақтап қалғанын жырмен бейнелеуінің  өзі  неткен  құдірет. Жырда «өзі өлсе де иесінің қазақ туын құлатпағаны»  асқан сезімде жырланады. Сондай-ақ, ақын Алмас Ахметбекұлының «Жан емес маған керегі,  Көк тудың желбірегені», – деуін  толқымай тыңдау  мүмкін  емес.

Заңда «Мемлекеттік Әнұран – елдің музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің  лүпілін  тұмар ғып түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың құрамдас қос қанаты тәрізді.

Өнер туындысының маңызды саяси-әлеуметтік міндет атқаруының астарында айырықша мән бар. Ол өнердің адам жанына әсер етіп, оның іс-қимылы мен ой-аңсарына тікелей ықпал ету қасиетімен  ерекшеленеді.

Саз бен сөз арқылы өмірдің бүкіл бояуын, тағдырдың барлық мағыналық-әсерлік болмысын танытуға болады. Олар адам баласының ішкі дүниесін, жан ауаны мен асқақ аңсарын жайып салып жеткізудің ең құдіретті құралы саналады», – деп сыпаттама беріледі Әнұранымызға.

Мемлекеттік рәміздер – қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», -деп айтқан болатын.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті әрқайсымыз өзіміздің жүрегімізге ұйытып, жастарымыздың құлағына, жүрегіне, сана-сезіміне  сіңірсек қана олар Отанының нағыз патриоты болып өседі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елге,  жерге, Отанға деген құрметті білдіреді. Сол себепті Көк Туымыз көгімізде желбірегенде, Әнұран орындалғанда тік тұрып, оң қолымызды жүрек  тұсымызға  ұстап тыңдауды насихаттау – саясаттың басым бағыттарының  бірі.

Мәдениетіміз бен  бірге  құндылықтарымыз да адам санасына қатар   қонақтайды. Олардың өмірлік мақсаттары, құндылықтары, мүдделері мен қажеттіліктері заманға  қарай  тәрбие  табады. Ал жас ұрпақтың ақыл-ой  парасатына  құндылықтардың мазмұны мен құрылымын қалыптастыру – сан қырлы, серпін береді. Жастардың адамгершілік келбеті жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларда жасалады. Мұндайда  бізге  керегі – ұлттық  рәміздерімізге   деген құрмет.

Әр халықтың, әрбір қоғамның төл мәдениетіне ұмтылатын және сонымен тәрбиеленетін құқықтар жүйесі бар. Егер Қазақстан  азаматтары осы құндылықтарды сезінуде өзара жақындасса және  осы құндылықтарды   іс-әрекеттері мен ой-өрістерінде  бейнесін  қалыптастыратын болса, онда ол бұқара халықтың еркін интеграциясын, өркениетті нарық, құқықтық және демократиялық мемлекет жолындағы жалпы адамзаттық мүдделерді және жалпы гуманистік негіздегі өркениетті дамуды білдіреді.  Бұл  жерде  Мемлекеттік  рәміздердің  нендей  қатысы  бар, деген  сұрақ    туындауы  мүмкін. Мәселе  ұлттық  құндылықта , патриотизмде болып тұрғанда  ол ұсақ  мәселе  болмауы  тиіс. Жапон  елі мен  Оңтүстік  Корей  елінде    қиыншылық  туындағанда халықтың  бір тудың  астына  жиналуы  оларды  кез келген  қиындықты  шешуде  біріге  білетінін  көрсеткен. Ұлы дағдарыс  пен депрессия  кезінде оларды сырқатқа  бой алдырмауға  көкке көтерілген Тулары  құтқарып  қалған. 

Демек,  еліміздегі бүкіл оқу-тәрбие, насихат жұмысында осы мәселеге баса мән берілгені абзал.  Кез  келген Республика  азаматы Мемлекеттік рәміздерді қасиет тұтуды – Отанды қастерлеу деп сезінуі сұралуы  тиіс.

Әзірге  Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналмай  отыр. Мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын, қадір-қасиетін көпшілік әлі де түсінбейді. Осының салдарынан оларды қорлау көрініс  беріп  жүр. Сондықтан мұны ретке келтіру үшін мектеп пен колледждерде, ЖОО-ларда мемлекеттік рәміздерге байланысты сабақтар жүйелі жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік рәміздер – сәндіктің емес, ұлттық сана-сезім мен отансүйгіштіктің символы екендігін ұғындыра білуіміз керек. Мемлекеттік  қызметкерден  бастап, әскерге  алынатын және  алғашқы  жұмысқа  қабылданушыға  дейін Әнұранды  жатқа білуін талап  етуді  дәстүрге  айналдыру  керек. Жоғарыдағы  Күншығыс  елдерінде  осы  жүйе  қолға  алынған.

Егеменді елдігіміздің белгілері      – мемлекеттік рәміздерді жас ұрпақтың қадірлеп-қастерлеуі, оларды көздің қарашығындай сақтап, құрметтеуі өркениеттілігімізді көрсетеді.  Кейбір облыс орталықтарыңдағы жоғары оқу-орындары студенттері арасында мемлекеттік рәміздерге байланысты өткізіліп жүрген «Жыл студенті» конкурсы осы мақсаттардың  орнын  толтырғандай  болды. Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, өз елінің мемлекеттік рәміздерді білуге және құрметтеуге ықпал еткен игі шара осымен  шектеліп  қалып жүр.

Шындығында да, мемлекеттік рәміздер  мерекесі әрбір қазақстандық үшін патриотизм мен елімізге деген мақтаныштың тойына  айналуы қажет. Ол үшін әрбір қазақстандық мемлекеттік  рәміздерді құрметтеуге,  оны  ардақ  тұтуға тиісті.

Қазақстандық патриотизм –  халқымызды бір мақсатқа топтастыратын  ерекше құндылықтар  дүниесі  екені  белгілі. Сондықтан да бүгінгі таңда патриоттық тәрбиені қай бағытта жүзеге асыру керектігін және оның әдістемелігі қандай болатыны туралы сұрақтар бұрынғыдан да маңызды болмақ.            

Атақты  мәдениеттанушы  Освальд Шпенглердің: «бүкіл мәдениеттің бірлігі жалпы тілі мен оның символдарына негізделеді»  деуі  тегін  болмаса  керек. Әр халық, мемлекет төл символдарын қалыптастырып, қастерлейді, идеялық және идентификациялық тұрғыдан  соның төңірегіне топтасады.

Ең  бастысы рәміздерді насихаттау ісін балабақша мен мектептен бастау қажет.

2007 жылы Түркістан облысы аумағындағы ең биік нүкте — Қаратау жотасының Отпан төбесінде құрылған “Отпан тау” тарихи-мәдени кешені аясында Ту төбе жасалды.  Жастар ұйымдарының бастамасымен мемлекеттік мереке күндері ол жерде ту көтеру рәсімі өтеді, Әнұран орындалады, ел ағалары ұландарға ақ бата беріп, әскер қатарына шығарып салады.  Мұндай  қасиет-пайымы  зор мысалдар  жоқ  емес,  бар,  бірақ  аз. Ақтау  қаласының орталық көшелерінде мемлекеттік рәміздер бейнеленген көптеген   билбордтарды да көрдік.   Сондай  ақ,  Қызылорда  қаласының орталық алаңындағы тұғырға Қазақстан Республикасының Әнұраны, Туы және Елтаңбасы орнатылған.

Болашақ ұрпақ мемлекеттік рәміздерді ұлықтай отырып, осы жерден Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады, ант қабылдайды  екен. Ту астында  құрметті  жауынгерлер  сапқа  тұрып, түрлі мерекелік шаралар өткізу дәстүрге айналған.

Әлемде тарихы, дәстүрі бар елдің мақсат-мұратын, арман-аңсарын, таным-түсінігін, пайым-парасатын мемлекеттік рәміздерінен аңғаруға болады. Себебі, ол – ұлттың төлқұжаты. Сондықтан мемлекеттік рәмізге деген құрмет – мемлекетке деген құрмет.

Қазір мемлекеттік рәміздерімізді шын ұлықтаудың үлгісін көрсетіп жүрген жүз шақты үкіметтік емес ұйымдар бар.  Ендігі жерде насихаттың жаңа  жобасын  қолға  алу  шарт. Осы мақсатта мемлекеттік рәміздерге қатысты жеке портал немесе сайт ашу ісін қолға алған дұрыс болар еді. Интернеттің дәуірі жүріп тұрған заманда ол елдің мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыруға ықпалы  зор болатыны  айқын.

Біздің  өзіміз  көрген  бір  ғана Стамбұл  қаласында  үш  мыңға  жуық  ту  бар  екен.  Мемлекеттік  тулар  қаласы атауына  лайық  осы  қаланың  қай  бұрышына  барсаң да, алдыңнан   ай  тұғырлы ту  шығады.  Қарап  тұрып  сүйсінесің!

Қазір  жеке  тұлғалар өз  бастамасымен жергілікті  билік  орындарымен  келісім  арқылы  мемлекеттік  Ту  орнатуға  ықылас  білдіруде.  Өткенде   Қырғызстанның  экс  премьер – министрі  Өмірбек  Бабанов  қызметінің  соңғы  күні  Қырғызстанның  Тәуелсіздік  күні  – 31 тамыз  құрметіне  өзінің  8 миллион  жинаған  жеке қаражатына  Бішкекпен  іргелес жатқан   Боз  Бөлтек  ауылындағы  қырға  биіктігі  75 метрлік  қырғыз  туын  орнатып  берді.  Міне,  үлгі!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here