Мәжіліс депутаты спортшыларды құттықтады

0
2117

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубында (Sagadat batyr-QTT) болып, жаттықтырушылар мен спортшыларды үлкен жетістіктерімен құттықтады.

Алматыда 13 маусым күні кәсіпқойлар арасында грэпплингтен «Arlan Grip PRO 8» турнирі өткен болатын. Сол дүбірлі додада аталған клубтың үш өкілі жеңімпаз атанды. Олар – жаттықтырушылар Нұрсұлтан Орынбасаров, Самат Айтпанбет және Диас Қанайбеков.

Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімімен аталатын клубтың ашылғанына екі-үш жылдың көлемі болса да, білікті жаттықтырушылар баптаған талапты жастардың шыққан шыңдары көп.

Бақытбек Смағұл Sagadat batyr-QTT клубының осы жылдардағы жетістігін атап өтіп, оларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілердің түрлі турнирлер өткізіп, қайырымдылық шаралары мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатынын, көптеген беделді жарыстарда жеңіске жетіп, шетелде ел намысын абыройлы қорғайтынын және Сағадат Нұрмағамбетов есімін насихаттап келе жатқанын атап өтті.

 «Sagadat batyr-QTT клубында 200-ден астам түрлі жастағы спортшылар тәрбиеленуде. Олардың көпшілігі Халықаралық турнирлерде жүлделі болып жүр. Онда Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, ең мықты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы сынды батырлардың ұрпақтары жиналған. Сондықтан да, жарыстарда абыроймен өнер көрсетіп, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтату борышы. Сіздер бірінші Сағадат Нұрмағамбетовтың  есімін дәріптеп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосып келесіздер. Сіздер жас ұрпаққа лайықты үлгі боласыздар деп сенеміз. Жастар – біздің болашағымыз», – деді депутат өзінің құттықтау сөзінде.

Осыдан кейін Бақытбек Смағұл клубтың бас жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаровқа Алғыс хат пен Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалін табыстады. Клуб жаттықтырушылары Самат Айтпанбет, Елжан Жұмаділ, Нұртуған Бекмұратов, әлемнің екі дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова мен спортшылар Азамат Әбдиев, Мақсат Мұратұлына толағай табыс тіледі. Сонымен қатар, Ауған соғысының ардагері, 3-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, дінтанушы Алдажар Сейітұлы да балаларға жүрекжарды ақ тілегін арнады.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Орынбасаров оларға көрсетілген сенім мен ықылас үшін алғысын білдіріп, әрі қарай дамып, ел игілігі үшін жұмыс істейтіндерін айтты.

«Бұл менің ғана емес, бүкіл команданың еңбегі. Мен клуб президенті Ерболат Сапарұлына, командаға қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Барлығын бүгінгі марапаттарымен құттықтаймын», – деді бапкер.

Сондай-ақ, депутат бапкерлерді «Arlan Grip PRO 8» турнирінде жеңіске жеткені үшін құттықтады. Оған түрлі клубтардың үздіктері қатысты. Рейтингтік жекпе-жекте Нұрсұлтан Орынбасаров ресейлік Магоммед Кабардиевті жеңді. Бұл оның бес жылдан кейінгі алғашқы турнирі болды. Соңғы рет ол Қырғызстанның Ош қаласында айқасқан болатын.

«Бұл жарыс мен үшін қиын болды, мен бес жылдан бері дүбірлі додалардан қалыс қалдым. Бұл өте ұзақ уақыттық үзіліс болды. Менің қарсыласым – ушу-саньда бойынша Ресейдің екі дүркін чемпионы, ММА бойынша әлем чемпионы. Сондықтан мен бұл жекпе-жекке мұқият дайындалдым. Бір жағынан бұл үлкен жауапкершілік және жаттықтырушымыз Адам Фоксты жерге қаратпауға тырыстым, нәтижесінде жеңіске жеттім. Мен өте қуаныштымын, қарсыласыма да рахмет. Бұл да жақсы тәжірибе», – деп өз әсерімен бөлісті Нұрсұлтан Орынбасаров.

Sagadat batyr-QTT клубының тағы екі жаттықтырушысы рейтингтік жекпе-жекте жеңіске жетті. Самат Айтпанбет Бауыржан Алымбаевтан басымдығын көрсетсе, Диас Қанайбеков Шамиль Балаевты ойсырата жеңген болатын.

Айта кетейік, бүгінгі таңда клубтың Алматы облысында және Алматы қаласындағы «Қазақфильм» шағын ауданында екі залы бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here