Дәрігерлер династиясынан шыққан кардиохирург

0
2466

Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының тарихы 1977 жылдан бастау алады. Осы 45 жылға жуық уақытта елдің барлық аймағынан келетін күрделі кардиологиялық, эндокринологиялық, ревматологиялық, аллергиялық, гастроэнтерологиялық сырқаттары бар науқастарға стационарлық көмек көрсететін республикадағы жетекші мекемеге айналды. Қазір бұл беделді мекемеде елімізге танымал, алыс және жақын шет елдерде тәжірибеден өткен, үлкен практикалық тәжірибесі бар 500-ге жуық маман жұмыс істейді. Солардың арасында дәрігерлер династиясынан шыққан аталған институттың Жасанды қанайналым зертханасы мен операция блогы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты Төлеутаев Рүстем Мұхтарұлының да есімі ерекше аталады.

Иә, Рүстем Мұхтарұлы ата-анасының жолын қуды. Ал, оның бұл салаға келуіне ата-анасының дәрігерлік жұмысы әсер еткені айтпаса да түсінікті. Әкесі Мұхтар Есенжанұлы – Нұр-Сұлтан қалалық Онкология орталығының бас дәрігері, анасы Гүлнәр Қамидоллақызы – кардиолог-дәрігер, ағасы Шыңғыс Мұхтарұлы – хирург. Тіпті, таңдаған жары да осы саласының маманы, яғни жары Сәуле – балалар дәрігері.

Дәрігер – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнамақ ниетпен Рүстем Төлеутаев та осы мамандықты таңдады. Содан Новосібір мемлекеттік медициналық университетінің емдеу ісі факультетін (Ресей), 2007 жылы Новосібір облыстық клиникалық аурухана базасында «жалпы хирургия» мамандығы бойынша интернатураны үздік аяқтады. 2007-2009 жылдары Новосібірде академик Е.Мешалкин атындағы Қанайналым патологиясы ҒЗИ базасында «кардиохирургия» мамандығы бойынша клиникалық ординатурада білімін шыңдады. 2009 жылдан 2015 жылға дейін Жаңа хирургиялық технологиялар орталығының жүре пайда болған жүрек ақауы және биотехнологиялар бөлімшесінде, Е.Мешалкин атындағы Қанайналым патологиясы ғылыми-зерттеу институтында кардиохирург болып абыройлы жұмыс істеді.

Адам үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүргенде ғана бірнәрсені толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» деу жарты жолда қалып қоюмен тең. Рүстем Мұхтарұлы да осы қағидатты әрқашан қаперде сақтайды. Ол мүмкіндігінше білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында отандық және шетелдік орталықтарға, тәжірибе алмасу алаңдарына барып тұрады. Мысалы, 2012- 2013 жылдары International Heart School бағдарламасы бойынша Италияның Бергамо қаласында тағылымдамадан өтті. 2013 жылы Милан университетінде «Кардиохирургия, кардиология және кардиоанестезиология» мамандығы бойынша магистрлік диссертация қорғады.

Рүстем Мұхтарұлы 2015-2019 жылдар аралығында Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында Кардиохирургия және жүрек трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі болды. 2019 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде денсаулық сақтау ұйымдарындағы МВА магистратурасын аяқтады. Сонымен қатар, ол 30-дан астам ғылыми, соның ішінде шетелдік журналдардағы жарияланымның авторы.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де 2019 жылдан бері Рүстем Мұхтарұлы басқаратын кардиохирургиялық бөлімшесінде жүрек патологиясы бар пациенттерге жоғары технологиялық медициналық қызметтердің барлық спектрі көрсетіледі. Бірегей тәжірибесі бар бөлімше гипертрофиялық кардиомиопатия, үйлескен патологияларды (жүрек ырғағының бұзылысы және жүрек ақауы) емдеудің сараптама орталығы болып табылады.

«2020 жылдан бастап біздің бөлімшеде жүректің қақпақша кемістігі немесе ишемиялық ауруымен бірге жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеу үшін ашық жүрекке криоабляция операциясы жасалып келеді. Қазіргі таңда пациенттердің ауыр санатына көмектесе отырып, біз осы технологияны сәтті қолданып келеміз. Біздің команда жүрекке ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Жүрекшенің сол жақ құлақшасын клиптей отырып, торакоспиялық радиожиілікті абляция, сонымен қатар, жүрекше фибрилляциясы және тромбоэмболиялық асқынулары мен инсульттің жоғары қаупі бар пациенттерге оқшауланған торакоспиялық клиптеу операциялары жасалады. Жүрек ісігі болған жағдайда операциялар стандартты түрде, сонымен бірге кеудені кеспей азинвазивті әдіспен де жасалады. Мұндай операциялар қауіптерді азайтуға және операциядан кейін пациенттің денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – деп өзінің жұмысымен таныстырды ақ халатты абзал жан.

Алғысқа бөленген алтын қолды Рүстем Мұхтарұлы 2020 жылы жұмысында қол жеткізген көрсеткіштері үшін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ең үздік маманы атанды. Әрине, шипалы қолдарының арқасында өмірден күдер үзген науқастарға қайта өмір сыйлап жүрген ақ халатты абзал жанға қандай мақтау айтсақ та артық болмайды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here