Фара: Актер туралы ескірмейтін естеліктер

0
2851

Әйгілі Фара есімімен танымал болған актер Фархат Әбдірайымов өзінің туған мекені Алматы қаласын бәрінен жоғары қоятын, ерекше жақсы көретін. Тіпті, Алматыдан бар болғаны 20 шақырым арыда іргелес жатқан Қаскелеңге барса да, туған қаласын сағынып тұратын. Өкінішке қарай, бір ай бұрын 55 жастағы актер алыстағы Тбилисиде (Грузия) ажал құшты. Біз бүгін марқұмның досы, продюсер, актер Арман Әсеновтің әріптес-досы, ал өзі кинодағы әкесі санаған режиссер Абай Қарпықовтың әріптес-інісі туралы ескірмейтін естеліктерін жариялап отырмыз.

Арман Әсенов досы көрерменнің сүйікті актері, жұдырықтай жүрегі мейірімге толы, пәк күлкісімен барлығын жаулап алатын мейірімді жан болғанын айтады.

«Біздің әкелеріміз дос болған, ал аналармыз әлі күнге дейін жақын құрбылар. Менің әкем 1992 жылы өмірден озғанда, бірінші болып Фара келді. Сол тұста ол жәй ғана Фархат еді. Анасы пісіріп берген бір шара бауырсақтарды да ала келіпті. Маған әкемді ақтық сапарға шығарып салуға көмектесті. Кейін менімен бірге құлыптас қойып, ескерткіш орнату үшін бір жыл бойы қасымда жүрді. Арада 7 жыл өткенде Фархаттың да әкесі өмірден өтті. Ол кездерде қонақасы үйде ұйымдастырылатын, тамақ аулада дайындалатын. Фараға көңіл айтуға келген адамдарды шығарып салып, біз таң қылау бергенге дейін ауладағы жалға алынған қазандарды күзеттік. Мен таңғы 5-те үйге келіп, бірден ұйықтап кеттім. Кешке оянып, теледидарды қоссам, Мәскеу кинофестивалінің марапаттау рәсімін көрсетіп жатыр екен. Біздің Фархат Абай Қарпықовтың фильмінде басты рөлде ойнады. Біз қазандарды күзетіп отырғанымызда, режиссер фильмнің атауын өзгерткенін айтқан еді. Әу баста «Подлинная история ангела» деп аталған фильмді режиссер «Фара» деп өзгерткен. Мен кеше ғана әкесін ақтық сапарға шығарып салған досымның көңілін көтеру үшін Шварценеггер есімінің өзі фильмге арқау болмағанын айтқан едім. Сонымен кешке таман теледидардан Фархатты көріп тұрмын. Жүргізуші Ингеборга Дапкунайте ерекше сөз саптауымен «Қазір сахнаға шығатын Фархат Әдірайымов» деп хабарлады. Мен оған қарап тұрып, ойланып қалдым. «Қалай болғаны» деген ой келді. Дәл сол кезде теледидардан тікелей көрсетілім болып жатқан еді. «Бүгін таңда ғана онымен қоштасқан сияқты едік, сонда Фархат қалайша бір күнде Мәскеуде болады?» деп өз көзіме өзім сене алмай қалдым. Сол кезде шынымен сахнаға Фара шықты. Мәскеу кинофестивалінің президенті Никита Михалков ең үздік ер адам рөлі үшін Фархатқа «Серебряный Георгий Победоносец» сыйлығын табыстады. Сонда Никита Сергеевич айтқан «Бұл Мәскеу биігіне Тоқтамыс ханнан кейін көтерілген екінші қазақ» деген сөзін Фархат үнемі мақтанышпен айтып жүретін. Фархаттың Мәскеуден бір-ақ шыққаны былай болыпты. Мен үйге қайтқан соң досыма Никита Михалковтың бас директоры Ренат Давлетьяров хабарласып, марапаттау рәсіміне шақырған. Бірақ, Фархат күні кеше әкесін жерлегенін, тіпті киімінің де дайын еместігін алға тартып, бара алмайтынын айтқан. Ренат ең бастысы әуежайға келуін, билеттің дайын екендігін ескерткен. Сол сәтте Фархат әуежайға таксилетіп барып, әрі қарай Мәскеуге жол тартқан. Мәскеуге келген қонақты Ренат күтіп алып, шұлықтан бастап костюмге дейін қамтамасыз етіп, әрі қарай марапаттау салтанатына жеткізіпті. Осылайша, біздің Фархат ертесі күні «Фара» болып оянды», – деп өткен күннен естелік айтты Арман Тұрсынбайұлы.

Арман Тұрсынбайұлының айтуынша, көрермен «Фара» фильмін жылы қабылдады. Содан кейін актер еліміз түгілі Мәскеудегі ең танымал әртістердің біріне айналды.

«Фархат екеуіміз «Фара» фильмінен кейін Болат Мансуровтың «Сага о древних булгарах» фильміне бірге түстік. Сол жобаның арқасында Мәскеуге жиі барып тұрдық. Сонда Ресей астанасында Фархаттың жанкүйерлері көп екеніне куә болдық. Мысалы, метрода, көшеде, қайда жүрсек те, мәскеуліктер одан қолтаңба алатын. Бір жолы Қызыл алаңның жанынан өтіп бара жатсақ, үлкен полиция автобусы тұр екен. Фараның маған «Жергілікті тұрғындар емеспіз, артық әңгіме болмас үшін айналып өтейік» дегені сол екен, автобус есігі ашылып, бір топ милиция бізге қарай «Фара, Фара!» деп жүгіре жөнелді. Жалпы, Фархат жүрген жер қызықты оқиғаларға толы болатын. «Сага о древних булгарах» фильмінде мен Ғұн көсемі Аттиланы, Фархат менің әкемнің рөлінде ойнады. 10 жылға созылған түсірілім Мәскеу, Қазан қалаларында, Египет, Венгрия елдерінде өтті. Актерлік құрам да кілең мықтылардан тұрды. Атап айтар болсам, фильмге бізбен бірге КСРО Халық әртістері Элина Быстрицкая, Василий Лановой, РФ Халық әртістері Елена Цыплакова, Леонид Куравлёв, Литва Халық әртісі Юозас Будрайтис сияқты кино майталмандары түсті. Фильмге қажетті қаражаттың басым бөлігін сол тұстағы Татарстан Президенті Минтимер Шаймиев бөлді. Татарстанда соңғы эпизодтары түсірілді. Аталған түсірілім 17 шіркеу орналасқан Свияга аралында өтті. Сталин тұсында аралда саяси тұтқындарға арналған түрмелер болған. Кейін бүкілодақтық психологиялық емдеу орталығына айналды. Аралдан қашып кету мүмкін емес, жан-жағын Волга өзені қоршап жатыр. Ол жерге тек қана кемемен баруға болады. Біз барған кезде аралдың жағасын әсемдеп қойған. «Кино түсірушілерді осылай күтіп алады екен, жарайсыңдар!» деп ойладық. Маған қымбат костюм кигізіп, иығыма тон жауып, басыма тәж, саусақтарыма сақиналар тақты. Мен ғұн билеушісі болып шыға келдім, Фара да бастан-аяқ киініп алған. Түсірілімнің басталуын күтіп тұрмыз, Рим папасы келіп, ол Аттила алдында тізе бүгуі керек болатын. Мен отырған орындықтың астында шөлмек толы ішімдіктер жатыр. Әртістердің арасындағы ең жасы болғандықтан, шіркеудегі түсірілім арасындағы үзіліс кезінде далаға шыққан Халық әртістері Афанасий Кочетков пен Леонид Куравлевке шарап құйып тұрдым. Фара оларға тіске басар әкеліп берді. Мен Рим папасы деп ойлаған Алексия ІІ келген кезде кеш бата бастаған болатын. «Менің кадрға түсетін уақытым да келді» деп ойладым. Фара мені түрткілеп: «Барып онымен таныс, қазір бір кадрда ойнайсыңдар», – деді. Әлгі айтылған әсем кемені кино түсірушілер үшін емес, Мәскеу патриархына арналғанын кейін білдік. Оның күзетшілері Ельциндікіндей көп екен. Солармен бірге Алексия ІІ Фара екеуіміз ойлағандай киноға түсуге емес, Свияга аралындағы шіркеулерге өз жұмысымен келіпті. Мен оған ұмтылғанда оның күзетшілері мені Алексия ІІ-нің танысы, арнайы шақыртқан татар муфтиі деп ойлаған. Мен оларды әртістер деген оймен тура соларға қарай жетіп барыппын. Алексия ІІ маған таңданыспен қарап тұр, менде тура солай қарап тұрып: «Таныстық үшін алып қояйық», – деп бөтелкені шығардым. Ол маған: «Мен ішпеймін, сізге де ішпеуге кеңес беремін», – деп жауап берді. Сол күнгі түсірілім тоқтап қалды. Фарадан басталған күлкі режиссер, операторларға жалғасты», – деп Арман Әсенов түсірілім алаңындағы қызықтарға тоқталды.

Арман Әсенов соңғы рет досын ҚР Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың 80 жылдығында көрген. Сонда актер ұлы Асан сыйлаған су жаңа iPhone 12 телефонын көрсеткен.

«Мен сол күні Нұржұман Байжұманұлының мерейлі жасына арналған дастарханды ұйымдастырып жүрген едім. Фара құрметті қонақтардың қатарында болды. Ертесі күні Тбилисиге фильмнің түсіріліміне ұшып кетті. Ол фильм грузин мен қазақтың батырлары туралы. Онда бірі екіншісін құтқару үшін кеудесін оққа төсеп қаза болады. Біраз жылдардан кейін тірі қалған кейіпкер қайтыс болған досының ұрпағын іздеп тауып, онымен танысу үшін туған жеріне жол тартады. Фара бұл жобаның сәтті аяқталатынына сенімді еді. Бірақ, Фархаттың үлкен жүрегі сыр берді. Оның алдында да ауруханаға жатып жүрді. Ота да жасатқызды. Соңғы жылдары жүрісі де бәсеңдеп қалған еді. Тек артық салмақтан ғана емес, дұрыс ұйықтамағаннан да болды. Бір рет ол маған Евгений Леоновтың (КСРО Халық әртісі) қайтыс болар алдындағы ұйқысыздығы туралы оқығанын айтып: «Маған да көп қалмады-ау», – деп сөзін аяқтаған болатын. Мен бұл сөзін ұмытуға тырыстым, алайда іштей бұлай ұзаққа жалғаспайтынын да түсіндім», – дейді Арман Тұрсынбайұлы.

1998 жылы көрерменге жол тартқан «Фара» фильмі Фархат Әбдірайымовтың жұлдызын жаққаны рас. Сол фильмнің режиссері Абай Қарпықовты Фархат Әбдірайымов өзінің кинодағы әкесі санайтын.

«Бастапқыда Фархатты «Тот, кто нежней» фильміндегі эпизодтық рөлге бекітпек болдық. Бірақ, мен оған қарап фильмнің сценарийін қайта жазып шықтым. Сол сәттен бастап Фархат картинаның басты кейіпкерінің біріне айналды. Содан кейін мен оған «Фара» атты фильм ойлап таптым. Жарық дүниемен қош айтыспай тұрып, екі күн бұрын онымен сөйлескен едім. Ол маған Тбилисидегі түсірілімнен қоңырау шалды. Араға бірнеше жыл салып біз «Фара-2» фильмі туралы әңгімелестік. Грузиядан оралғаннан кейін, дүйсенбі немесе сейсенбіде (24 немесе 25 мамырда) барлық қаржыландыру мәселелерін талқылау үшін инвесторларға жолығу біздің жоспарымызда болды. Ол да, мен де жобаны ұзақ жылдар талқыға салдық, осы жылы түсірілімге кіріскелі отырмыз дегенде ол өмірден озды», – деп өкінішін білдірді Абай Сәдуақасұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Дарынды қазақстандық актер Фархат Әбдірайымов 55 жасында сүйікті Алматысынан алыстағы Тбилисиде өмірден озды. Түсірілім барысында марқұмның жүрек талмасы ұстап, соңғы демі үзілді. Фархат Әбдірайымов өзі туған мекенде, Алматының баурайындағы Кеңсай зиратында әнші Батырхан Шүкеновке жақын жерге жерленді. Көзі тірісінде өнер саңлақтары бір-бірімен бауырлардай етене араласқан. Сөйтіп, бірі Мәскеуде, екіншісі Тбилисиде көз жұмып, мәңгі мекендерін Алматыдан тапты.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here