Кәсіпорындар да вакцина алуда белсенділік танытып отыр

0
1287

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі вакциналау қарқынын төмендетпеу керектігін, бұл барлық шектеуден арылтып, қайта қалыпты өмірге бастайтын әрі COVID-19 пандемиясын жеңетін жалғыз жол екенін айтты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 25 маусымдағы мәліметіне сенсек, елімізде 2 997 072 адам вакцина салдырса, екінші компонентті салдырғандар саны 1 829 643 адамға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 42-орында тұр. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, көзге көрінбейтін жауды жеңу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет.

«Нефрос Азия» ЖШС директоры Амантұр Қаныбекұлы

Рас, елімізде жалпы ұжымдық имунитетті қалыптастыру мақсатында кәсіпорындар арасында екпе қабылдау шарасы ерте көктемде басталып кетті. Соның арқасында өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамайтын мекемелер жаппай екпе алып жатыр. Мысалы, Алматының «Нефрос Азия» және «Future Trade Company» кәсіпорындарында тиісінше 70% және 95% ұжымдық екпе алды. Компания қызметкерлерінің айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина өзін және басқаларды қорғауға таптырмас мүмкіндік.

«Қазақстан бойынша медициналық холдингтің 45 филиалы бар. Сондай-ақ, компания вакцинаның екі компонентін сәуір айында алды, сол уақытта көптеген медициналық білімі бар мамандар қауіпті вирусқа қарсы екпе алған. Бүгінде барлық өңірде 1000-ға жуық қызметкер екпе алса, ұжымның 93 пайызы толық екпе қабылдады. Бөлім қызметкерлерінің басым көпшілігі «Спутник V», «Hayat-Vax», «QazVac» вакциналарын алды. Бүгінде қызметкерлеріміздің денсаулығы жақсы», – дейді «Нефрос Азия» ЖШС директоры Амантұр Қаныбекұлы.

«Future Trade Company» ЖШС өз қызметкерлеріне вакцина алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Кәсіпкер Дәулет Шәкиев бүгінде олар ұжым болып екпе алғандарын айтты. Олардың компаниясы мегаполистегі азық-түліктің негізгі дистрибьюторы, яғни қашықтан жұмыс істеу қиын. Ал, өзінің және өзгенің денсаулығына салғырт қарамайтын ұжым тегін екпеден қашпауға кеңес береді.

«Біздің ұжымның 95%-ы вакцина алды. «Спутник V» екпесін оффлайн қызметкерлердің 50-ге жуығы салдырды. Мен вакцинаның бірінші компонентін алдым, жанама әсерлер болған жоқ, тек әлсіздік болды. Бүгін немесе ертең вакцинаның екінші компонентін алуға барамын. Бұл індетпен күрестегі жалғыз құрал деп ойлаймын», – деп түсіндіреді Дәулет Шәкиев.

«Royal» бильярд клубының вакцина алу сәтінен
«Royal» бильярд клубының вакцина алу сәтінен

Алып шаһар Алматы қаласындағы кәсіпорындар «Алматы электр қалқаны зауыты» ЖШС, «Хюндай Транс» ЖШС, «КСМ Техновид» ЖШС, «Масло-дел» ЖШС, 2-ЖЭО сияқты мекемелердің қызметкерлері ұжым болып вакцина алды.

Айта кетейік, кәсіпорындар арасында Ақтөбе қаласындағы «Royal» бильярд клубы қызметкерлері де екпе алудан алда келеді. Клуб басшысы Эка Казарованың айтуынша, қызметкерлерінің басым бөлігі екпе алуға қарсылық білдірмеген. Вакцина алғандардың ішінде 8 адам «Спутник V» екпесін қабылдаған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Индустриялық парк зауыттарының қызметкерлері де жаппай «Спутник V» екпесін қабылдады. Вакцинациядан бұрын зауыт жұмысшылары міндетті медициналық тексеруден өтіп, оларға коронавирусқа қарсы вакцина алу алгоритмі түсіндірілді.

Иә, тек ұжымдық иммунитет қана бәрімізге шектеусіз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретінін ұмытпау керек.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here