Журналистика жампозы

0
1653

Қазіргі белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, журналист-зерттеуші, ұстаз Сейдолла Садықов жайында аз жазылып жүрген жоқ. Өйткені, ол «журналистика – тағдырым, менің шығармашылық өмірім, тіпті махаббатым» деп өзіндік рухани әлемін шәкірттеріне дәріс ретінде текке айтпаса керек. Өз кәсібіне, өз мамандығына ғашық адам ғана биікке көтеріле алады. 1992 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық, 2012 жылы Ташкентте М.Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінде докторлық диссертация қорғаған оны қалайша өз кәсібінің нағыз майталманы, ғұлама білгірі демейсіз. Асыра айтудан Құдай сақтасын, бұл – шындық.

О баста аудандық газетте бала тілші, ЖОО-да оқып жүргенде студент-журналист, мамандық алғанда қарымды қаламгер, соңында кемеліне келіп, ғалым атанған Секең қазір тұғырынан түскен жоқ. Үшінші ой көзі ашылып, тіпті тереңдеп, зерттеп жатыр, жазып тыным табар емес. Қазір жетпіске келгенде ғалымдардың ақыл ойы одан сайын толыса түсетіні жөнінде зерттеушілер әлемдік ақпарат құралдарында айтып жатыр.

Секең туа біткен журналист әрі осы саланы зерттеуші ретінде ерекше танымал болды. Еңбек жолын аудандық газеттен бастап, облыстық газетте шыңдалған ол республикалық газеттен кейін оқытушылыққа түбегейлі ауысты. Екінші Мекке, рухани астана – Түркістаннан бір-ақ шықты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистикадан дәріс оқыды. Журналистика кафедрасындағы оқытушы, профессор жалғыз Сейдолла еді. Мұның алдында атақты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылықты бастаған ол Түркістанда жан-тәнімен ғылымға беріліп, құнды ғылыми еңбектер жазды. Докторлық диссертациясын қорғады.

Қазақстанның қаламгерлік өмірінде жазушылық тағдырын алғаш хамса жанрында жазған, қазір Америкада тұратын Мұхтар Мағауин болса, журналистикада өз тағдырын мемуар жанрында роман, эссе алғаш жазған профессор Сейдолла екенін көбіміз білмейміз. «Журналистика тағдырым» атты мемуар-роман жайында көп айтуға, кеңінен көсіліп баяндауға әбден болады.

Бала кезінен басталған жазуға деген құштарлығы мектеп бітірген соң әскерде жалғасады. Ресейдің Краснодар өлкесінде әскерде жүргенде спортшы жауынгерлер жөнінде жазады. Қабырға газетін шығарушылардың бірі болады. Бұрынғы бала-тілші енді жауынгер-тілші атанып, командирлерден мақтау, марапат алады. Бұл жайында естелік-романда егжей-тегжейлі жазылғандықтан, бәрін баяндап жату мүмкін емес.

КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен ол даяр журналист болды. Облыстық, аудандық газеттерге жазғандары бұрқырап шығып жатты. Оқуды бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетіндегі  оның журналистік еңбегі зерттелсе, бір кітап болары анық. Журналистік өз қолтаңбасы қалыптасқан Секең сол дәуірдің дарабоздарының бірі болды.

Секең мемуар-романында КазГУ-де бірге оқыған жігіттердің журналистикадағы еңбектеріне баға беріп, талдау жасағаны шын ғалымға тән ерекше қасиет. Өйткені, ол журналистиканы індете қаузаған санаулылардың бірі ғой.

Секеңмен КазГУ-де 1972-1977 жылдары бірге оқыған Ұлықбек Есдәулет,  Қуандық  Түменбай, Нұртілеу Иманғали, Тілек Боранғали, Батық Мәжитұлы, Райхан Ахмет, Жанұзақ Аязбек, Орынбек Жолдыбай, т.б. оның курстастары елге белгілі қаламгерлер атанды. Өзі сияқты ғылым жолын қуған С.Байменше, марқұм С.Қисымовтың еңбектерін қазір курстастары мақтанышпен айтады. Секең бойындағы қарапайымдылық, табандылық, адалдық, қаламгерлік қасиеттері туа біткеннен бар.

Жазған мақала, көсемсөздері, очерктері өз алдына қазақ журналистикасының көкейкесті проблемалары жөнінде бір оқулығы, төрт монографиясы, жүзден астам ғылыми-зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Еңбектері ТМД елдерін айтпағанда, сонау АҚШ, Түркияда жарық көрді.

Кейіпкерімнің ғалымға тән еңбектері мен ізденістері жайында айттық. Енді ұстаздық өнеге-тәлімі жөнінде әңгіме қозғайық. Дәрісте шәкірттерді өзіңе баурап алу оңай емес. Бұған да қабілет, зерде түйсігі керек. Олардың бойындағы қабілетті біліп, сол бойынша тапсырма беру, әңгімелесу қажет. Әсіресе, практикалық дәрістерде ұстаз ақылгөй болуы шарт. Өзім ұстаздар газетінде істегендіктен, мұны жақсы білемін. Бірде белгілі қаламгермен кездесуде ол шәкірттерімен етене жақын жүретінін байқатты.

Шәкірттерін өзінің іні-қарындастарындай жақсы көретініне риза болдым. Қазір көп шәкірттері бар, жолын қуған  түлектері өсіп, белгілі журналистер атанған ол бақытты, рухани бақуатты ғалым.

Ол ұстаздығы мен ғылыми ізденісін жалғастырып жатқан Түркістанда Секеңді білмейтін жан жоқ. Кеңестік дәуірде қанына сіңген рухани іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Өйткені, Түркістан оның туған жеріне айналып кетті. Осы қасиетті қала – Екінші Мекке жайында жақсы ой, құнды пікір айтқан еңбектері әлі де жарияланып келеді. Жалпы, оның түркі әлемі туралы жазғандары жеке тақырып.

Қазақтың қанды қасірет тарихында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ерекше орын алады. Алаңға барғандардың бірі ретінде көзбен көргендерім әлі есімде. Бұл оқиғаны Америка дауысының орыс тілінде таң атқанша қайталап, Қонаевтың атын жиі айтып, дүрбелеңді дүниеге таратқанын әлі ұмытқан жоқпын. Бұл кезде Сейдолла «Жетісу» газетінде еді. Секең кітабында  осы газетке шыққан әлемге әйгілі суретке байланысты редакцияда болған оқиға төңірегінде әңгіме қозғайды. Сол кездегі редактор Мамадияр Жақыповтың партиядан шығып, қызметтен кеткенін күйзеле еске алады. Атақты суретте сот кезінде жасымай, қасқайып қарап тұрған желтоқсандық жастар сол қалпында көрсетілген еді.

Кеңестік дәуірде ұлты үшін күрескен біраз зиялылардың болғаны рас. Бәрінің аты-жөнін тізіп жату мүмкін емес. Солардың бірегейі – Рахманқұл Бердібай еді. Алматы қалалық Қазақ әдебиеті мен мәдениеті халық университетінің ректоры Рахаң белгілі жазушыларды, ғалымдарды шақырып, дәріс өткізетін. Осы кездесу дәрістерге жиі келетіндердің бірі едім. Рахаң алдымен келген атақтыларды таныстырып, одан ары қарай оларға сөз беріп, түннің бір уағына дейін қызықты, тағылымды отырысты қыздыратын. Мен өзім КазГУ-ден кейінгі әдебиет пен тарихқа қатысты білімді осы жерден алдым. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, Б.Сарыбаевтар университетте  дәріс оқып, халық ықыласына  бөленетін. Бұларды шақырушы, кездестіруші, құрметтеуші, әрине, Рахаң еді. Рахаңның кескін-келбеті әлі көз алдымда тұр. Секең эссе естелік кітабында ұшан-теңіз еңбегін дәріптеп, Рахаңның  қамқорлығын егіле отырып еске алады. Өйткені, докторлық диссертацияны қорғаудағы ізденісі кезінде қиындыққа  кездескен сәттерінде ақылман ағасы демеу болады.

1993 жылы Секеңмен Олжас Сүлейменовтың «Халық Конгресі» газетінде біраз бірге істедім. Ол аударма бойынша тез диктовка жасап, жазғандарын бірден редактордың алдына апаратын. Бас редактор марқұм Сайын Мұратбеков Секеңнің әбден ысылған  қаламы жүйрік, бәрін тез орындайтын  мықты журналист екенін білген соң, оны одан сайын жақсы көрді. Екеуіміз де жұмыс десе жанып тұратын едік.

Аталған газетте 1993 жылы күзде экология мен полигон бөлімінің меңгерушісі және антиядролық жорық штабының мүшесі ретінде Қытайдағы Лобнор полигонындағы сынақтарды тоқтату үшін Мәскеуде қарсылық акция өткізу қажет болды. Көп өтпей Мәскеуге келіп, Қытай елшілігінің алдында және Қызыл алаңда дүрмекті, тәуекелге барған қарсылықты бастадық. Бұл Мәскеуде Парламент үйіне шабуыл жасаған Хасболатов тобы бастаған қарулы қақтығыстың алдындағы үрейлі кез еді.

«Мәскеуде қанды қырғын, төңкеріс болуы мүмкін» деп ақпарат тарап жатты. «Бір Құдай сақтар» деп қауіп-қатерді елемей, білдірмей келіп шеруді жалғастыра бердік. Бұл Кремль маңын танкі қоршаған кез еді. Қызыл алаңдағы екінші күнгі ұрандап талап еткен және ерекше тәуекелге барған сәтте әскери күзет, полиция  бізді қоршауға алып, осындағы тірек пунктіне әкеліп қамады. Бір күндей қамауда болдық.

Полигонға қарсы бір халықаралық ұйымның және бізбен бірге қамалған әйел Испания журналисінің араша түсіп, бұл бейбіт шеру екенін түсіндірген соң бізді  босатты. Кешкісін жолға шығардың алдында Ақ үйде атыс басталғанын естідік. Кейін білдік бізді Құдай сақтап қалыпты.

Мәскеуде дүрбелең, қақтығыс кезінде тәуекелге барып, осы қалада қауіп-қатердің арасында жүрген бізді ойлап, редакция ұжымы қатты алаңдаған. Әсіресе, курстасым менің амандығымды Құдайдан тілеп, қатты уайымдаған машинистка қыздарға «Ораз ағаларың аман-есен келеді» деп сабырға шақырған ғой. Мен редакцияға кіріп келгенде жігіттердің қуанышында шек жоқ еді. Ол кезде біздің белсенді авторымыз Мақат Садықов: «Ореке, Мәскеуді дүрліктіріп, дүрбелең салып, соңында аман-есен келдің. Тегін адам болмадыңыз», – деп әзілдеп айтқанына ол кезде мән бермеппін. Қазір еске алсам, Сейдолла жазғандай, тәуекел деп топпен бірге жорыққа кетіппін.

Қытайдағы «Лобнор» полигонындағы сойқан сүргінді Мәскеуде Қытай елшілігі алдында плакат, жарылыс қасіретін  көрсеткен мәліметтер арқылы дәлелдедік. Ашуға булыққан елші Сыртқы істер адамдарымен хабарласып, бізге жаза қолдануды талап етті. Ғарышкер Гречконың араласуы арқасында елші райынан қайтты.

«Аттан» жорық штабының сардары Амантай қажының жекебасы, батылдығы мен тәуекелге баратын қасиеті жөнінде көп айтуға болады. Мінез құлқы ерсі бұл адамда ерекше бір батылдық қасиет бар.

Қытай шекарасына барып шеру өткізген Әбекең осы елдің өзіне барып қарсылық акциясын өткізуді ойлады. Мүмкін болмады. Бұл түсінікті нәрсе еді. Ол жаққа барғанда, оның қайта елге келуі екіталай болатын.

Тоқсаныншы жылдардың басында Шығыс Түркістанды сойқан атомдық жарылыстардың ошағына айналдырған Қытай Қазақстанға жолын тауып кіре бастады. Алматыда аяқ астынан қытай қаптап кетті. Ашуы кернеген Амантай қажы «Қытай, үйіңе қайт!» деп ұрандап, олардың зәресін алды. Басы-қасында жүрмесем де, Амантай қажыны қолдап, оған баспасөзде дем бердім. Әулие Әбекең текке ұрандамаған екен. Қазір қытайдың жымысқы әрекеті әшкереленіп жатыр. Айтпақшы, Секең бір өңірдің тумалары болғандықтан, ол кісімен ізгі қарым-қатынаста болды.

Секең істеген «Халық Конгресі» газетінде жүргенде атомға қарсы Америка сапары бізді Біріккен Ұлттар Ұйымынан бір-ақ шығарды. Бұл да қауіп-қатерге толы, басымызды бәйгеге тігіп барған тосын сапар еді.

АҚШ-қа жүрердің алдында бас редактор, жазушы Сайын аға Мұратбеков «Жолың болсын, Ораз, Сейдолланың  досы, Әлмерек абыздың ұрпағы. Бұл өте қиын, атомға қарсы жорық екенін өзің жақсы білесің. Ол жақтан аман-есен келуіңе мен тілектеспін» деп айқаны әлі жадымда тұр.

БҰҰ тарихында оның штаб ғимараты алдында өмірінде қарсылық акциясы өтпеген, әлемге әйгілі диссидент Шаранский алаңындағы ұранды шерудің суреті мен жазбалары кезінде біраз жарияланды.

Америкаға жорық сапары газеттің біраз номеріне жарияланып, редакция мені Журналистер Одағының сыйлығына ұсынды. Бұл жерде еңбегімді бағалаған Сайын аға мен оның орынбасары Қалихан Ысқақовқа деген құрметім ерекше.

Бұл кезде 1994 жылы Секең жаңадан ашылған Түркістандағы университетке шақырылып, сонда ауысқан болатын. Менің полигон тақырыбына қалай келгенімді зерттеуші ретінде кітабында айтады.

Негізгі әңгіме арқауы профессор, зерттеуші, белгілі тұлға Сейдолла туралы болғандықтан, жастық шақтағы, оқу бітіріп, енді қызметке тұрған кездегі бір оқиғаны еске алу мен үшін парыз. 1977 жылы оқуды бітіргеннен кейін Алматы облысындағы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде журналистік еңбек жолымды бастадым. Секең облыстық радиода болатын. Бір күні біздің ауданға келетіні жөнінде телефон шалды. Кешқұрым кез болатын, келген бетінде өзім қарсы алып, қонақ үйге қондырмай, әке-шешем тұратын ауылға әкелдім. Үйде қарындасым Тұрар қонағын құдайдай күтті. Ертеңінде «Түйебаз» дейтін бөлімшеде тұратын әке-шешеме сәлем беріп, ет жеп, шұбат ішті. Әкемнің әңгімесін, шерткен күйлерін тыңдап жақсы демалды. Әкем Дөнгенбай сұңғыла, көргені көп әрі күйші болатын. Әкемнің күйшілігі жөнінде Секеңді «күйеу бала» деп қалжыңдайтын қазіргі белгілі жазушы, курстасы Қуандық Түменбай кемеліне келтіріп жазған болатын.

Секеңнің Айдарлы ауылына келгені сол дәуірге тән тосын, «облыстан тілші текке келмейді» түсінік бойынша дүрбелең туғызды. «Облыстан келген журналист Дөңгенбайдың баласы Ораздың курстасы екен. Соның үйіне қоныпты. Барып қалай жолығамыз» деп бастықтар абыр-сабыр болады. Сөйтіп, сол күні біздің үйге бас зоотехниктің өзі келіп, Секеңе сәлем беріп, совхоз кеңсесіне алып келді.

Совхоз директоры Ғ.Телтаев Секеңді құрақ ұшып қарсы алды. Мал қыстатуға байланысты Секең одан сұхбат алды. Соңында Асқарбек атты шопанның арнайы қонақ күтетін үйінде қой сойылып, бас тартылып, мейманға құрмет көрсетілді. Сөйтіп, журналистік іссапармен келген ол жақсы көңіл-күймен әрі олжалы болып Алматыға аттанды. Қалаға келгенде курстастарға аңыз қылып айтып, Күрті сапарын көпке дейін ұмытпайды. Кейін Секең жаңа пәтер алып, қоныс тойын жасағанда, Құдай тағала Ләззатпен осында таныстырып, біз соңында үйлендік. Әке-шешесінің алдынан өтуге Қуандық екеуміз бардық.

Менің әке-шешемді, туыс-жақындарымды көрген екеуі маған қашанда ыстық. Қуандық туралы, оның шығармашылығы жөнінде әңгіме, жетістіктері хақында толғау оңай емес. Бұл өз алдына бір рухани тылсым әлем. Танылған дарабоздардың бірі екеніне дау жоқ. Сейдолла екеуінің әлі жұбы жазылмай келеді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы

Нұр-Сұлтан қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here