Чжихён Пак: «Аштыққа ұшырағандар балаларды да жеді»

0
3752

Қатты су тасқыны мен пандемияға байланысты Солтүстік Корея (КХДР) тағы да аштықтың алдында тұр. 38 жастағы КХДР басшысы Ким Чен Ын өз еліндегі жағдайды «тарихтағы ең қиын кезең» деп атады. Бұл 25,7 млн халқы бар «жабық елдің» алғаш рет бетпе-бет келіп отырған экономикалық-әлеуметтік дағдарысы емес. Атеистік ел тоқсаныншы жылдары экономикалық дағдарыс пен адам айтқысыз ашаршылық кезеңін бастан өткерген болатын. Түрлі болжамдар бойынша, сол аштық үш миллионға дейін адам өмірін қиған. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Солтүстік Кореяда болған аштықтан аман қалып, адам саудасының құрбаны болған, еңбек лагерінде өлім аузынан тірі қалған, сөйтіп елінен қашып үлгерген Чжихён Пактың әңгімесін жариялап отыр.

Чжихён Пак

АДАМДЫ АҢҒА АЙНАЛДЫРҒАН АШТЫҚ

Чжихён Пак 1968 жылы КСРО (Ресей) шекарасына жақын орналасқан Солтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Чхонджин қаласында дүниеге келген. Оның әкесі жүргізуші болып жұмыс істеген. Арасында балаларына орыстың тәттілері мен нанын әкеліп тұратын. Дәмі тіл үйіретін орыс наны – балалық шақтың ең естен кетпес сәті. Әйел әлі күнге дейін орыс тіліндегі «нан» сөзін ұмытпаған. 

«Солтүстік Кореяда біз мұндай нан мен тәттілерді армандай да алмадық. Әкем бізге жұмыстан әкелген заты туралы айтуға тыйым салды. Ерекшеленуге, не ішіп-жейтініңді айтуға болмайтын», – деп еске алады Чжихён Пак.

Босқын әйелдің балалық шағы Солтүстік Кореядағы барлық балалармен бірдей болды. Жас кездерінен оларға АҚШ – жау, Оңтүстік Корея – «АҚШ-тың отары, құлы» деп екі елді жек көргізген. Бұрыннан сондай идеология ұстанады.

«Біз оларды жек көрдік. Достарымызбен ойнаған кезде кейбіреулер америкалық пен оңтүстіккореялық сарбаздарды бейнелесе, басқалары – біздің жауынгерлер. Солтүстіккореялық әскери күштер бұл ойындарда әрқашан жауларын жеңіп келген», – дейді Чжихён Пак.

Социалистік лагерьдің және Кеңес Одағының ыдырауымен КХДР азық-түліксіз, қаржылай көмексіз қалды. Чжихён Пак ас-су мәселесі тоқсаныншы жылдардың басында басталғанын, 78 пайыз ел тұрғындары карточкалық жүйеге тәуелді болғанын айтады.

«Сексенінші жылдардың аяғынан бастап билік азаматтарды күніне үш емес, екі рет тамақтануға шақырып, тағам мөлшерін біртіндеп азайта бастады. Онсыз да тығырыққа тірелген сәтте жығылғанға жұдырық болып – егіннің едәуір бөлігін су басты. Көп ұзамай азық-түлік талондары үзілістермен таратыла бастады, адамдар бірнеше күн бойы күріш пен басқа да өнімдер ала алмады. 1997 жылдан бастап карта жүйесі іс жүзінде жұмысын тоқтатты», – деп өткен күннен естелік айтты босқын әйел.

Чжихён Пак күн сайын аштықтан қырылғандардың денелерін – көшелер мен вокзалдардың дәл ортасынан көргенін еске алады. Арыға бармай-ақ, оның нағашысы да аштықтың құрбанына айналды. «Оның денесін көргенде ол адамға ұқсамады. Тек құр сүйектері қалған», – дейді Чжихён. Тірі қалу үшін оның отбасы барлық мүлкін сатуға мәжбүр болды. Бойжеткен мұғалім болып жұмыс істей бастағанда әкесі сыйлаған сүйікті жейдесін де базарға апарып сатуға тура келген.

Босқын әйел тауға тамырлар, тұқымдар мен жеуге жарамды шөп жинауға баратынын айтты. Бірі теңіз жағалап, мидияны аулауса, енді бірі тышқандарды ұстап жеген.

«Айналаны аштық, аштық, тек аштық жайлады. Адамдар қазір аштық дегенді білмейді. Біз бірдеңі талғажау етіп, содан бірнеше күн өткеннен кейін ғана су іштік. Мұны айналадағылардың бәрі бастан өткерді. Адамдар аштықтан ақыл-естен айырылды, басқа жандарды өлтіріп, жеуге дейін барды. Тіпті, олар балаларды жеді. Адамдардың мұндай іске баруы үшін аштықтың күші қаншалықты болуы керек?!» – деп еске алады ол.

Ашаршылық көптеген отбасыларды екіге бөлді – тамақ іздеп адамдар елдің екінші шетіне кетіп қалды, көбіне қайта оралмады. Сол жерде «азық-түлік көп» дегенді естіп, Солтүстік Кореядан көрші Қытайға қашқандар да көп болды. 1998 жылы Чжихён Пактың өзі де қашуға шешім қабылдады.

ҚҰЛДЫҚ ҚАМЫТЫН КИГЕН ӘЙЕЛ

Қиын шешім қабылдауға інісінің әскери қызметкерлермен байланысып, қиындықтарға тап болуы себеп болады. Отанда қалу өте қауіпті болды. «Біз науқас әкемізді суық бөлмеде жалғыз қалдыруға мәжбүр болдық. Мен әлі оның қашан көз жұмғанын білмеймін», – дейді Чжихён.

Содан сол тұстағы бойжеткен ағасымен бірге шекарадан өтіп, адам саудасымен айналысатындардың қолына түсті. Олар екеуін бөліп, жас жігітті Солтүстік Кореяға қайтарып жіберді. Өйткені, сатып алушылар әйелдерге көбірек қызығушылық танытқан. Осыдан кейін Чжихён ағасын ешқашан көрмеген, әлі күнге бауырының өлі-тірі екенінен хабарсыз.

Қызды бір қытайға «әйелдікке» 5 мың юаньға (қазіргі курспен 332 мың теңге, – ред.) сатқан. Чжихён не болып жатқанын да түсінбеді – ол жай адам саудасының не екенін білмеді. «Біз мұндай сөздерді білмедік те», – дейді ол. Өкінішке қарай, «енесі» оған күн бермейді. Қытайлық әйел есік алдында Чжихёнға оны сатып алу үшін көп ақша қарызға алғанын, сондықтан жұмысқа барып, «қарызын» өтеу керектігін айтты.

«Менің өмірім нағыз құлдықта өтті. Таңертеңнен түннің бір уағына дейін жұмыс істедім. Олар маған ақша бермеді. Ол отбасы маған олармен дастархан басында бірге отыруға тыйым салды. Мені адам қатарына қоспады», – дейді Қытайда құлдық қамытын киген әйел.

Чжихён Пак көп ұзамай жүкті болады. Ол өзін-өзі жек көріп, құлдықтағы өмірге қарғыс айтып, тіпті суицид туралы ойлайды. «Бірақ, содан кейін түсіндім: бұл бала – менің отбасымның соңғы мүшесі, одан басқа менде ешкім жоқ. Бұл бала менің болашаққа деген үмітімді жалғады», – дейді ол.

Әрине, құлдықтағы әйелге баладан құтыл деп бұйырылды, бірақ ол бұйрыққа бағынбады: жүктілігін жасырып, таңертеңнен түнге дейін босанғанша жұмысын жалғастырды. Ол ауруханаға да бара алмады, өйткені сол кезде қытайлық билік оны КХДР-ға қайтаратын еді. Осылайша, ол дәрігерлердің көмегінсіз босанып алды.

Жұмақтың исі аңқыған сәбиін бауырына басқан әйел бақыттан басы айналды. Алайда, бұл қуанышы да ұзаққа созылмады. Чжихёнды сатып алған адам карта бойынша қарызын қайтару үшін баланы сатқысы келген. «Мен ешқашан күңкілдеген емеспін, бірақ өмірімде бірінші рет өзім үшін тұрдым. Қолыма пышақты алып, оған айқай салдым. Егер менің ұлыма қол тигізетін болсаң, мен сені өлтіремін дедім», – деп еске алады әйел.

Ұлы бір жасқа толғаннан кейін Чжихён қамауға алынды. Полиция да оның күйеуі сияқты әйелге баланы сатуды ұсынды. Чжихён көзіне жас алып, ұлының қытайлық билік үшін адам емес екенін – баланың азаматтығы, туу туралы куәлігі, медициналық көмек әрі екпе де болмағанын айтып күйінді.

«Менің Қытай үкіметі мен БҰҰ-ға қоятын сұрақтарым өте көп. Неге олар азаматтықтан айырылған балалар мәселесі туралы айтпайды? Солтүстік Кореядан келген босқындардың барлығы және олардың балалары азаматтығы жоқ болып қалады, бізде төлқұжат та, басқа да жоқ. Олар тек дипломатиялық келіссөздер мен ядролық қарулар туралы тілге тиек етеді, алайда адамдар туралы жақ ашпайды. Осы нәрсе менің қанымды қайнатады», – деп күйінеді ол.

Расында, солтүстіккореялық босқындардың 30 мыңнан астам баласының Қытайда азаматтығы жоқ, білім мен денсаулық сақтау саласында да мүмкіндік қарастырылмаған.

СОЛТҮСТІККОРЕЯЛЫҚ ХОЛОКОСТ

2003 жылы Чжихённың ұлы 5 жаста болғанда олардың өмірі тағы да тозаққа айналды. Полиция олардың үйіне баса көктеп кіріп, әйелді ұстап, баланы тартып алды. «Менің балам не болып жатқанын түсінбеді. Мен полициядан ұлыммен қоштасуға рұқсат беруін өтіндім. Бірақ, олар бізге бір-бірімізді көруге мүмкіндік бермей, мені Солтүстік Кореяға қайтарды», – дейді ол. Ал, сол тұстағы Ким Чен Ир режимі оны еңбек лагеріне жер аудартып жіберді.

«Бізді қашып кетпесін деп жалаңаяқ жұмыс істеуге мәжбүр етті, – деп еске алады Чжихён Пак. – Бізге жуынуға тыйым салды, дәрі бермеді. Бізде тиісті дәретхана да болмады, бір сәтке де оңашалана алмадық. Қажеттілігімізді өтеген кезімізде де күзетшілерден көз алмайтынбыз, әйтпесе бізді аямай ұратын. Барақта терезелер жоқ, сасық иіс кетпейтін. Бізді аштан қатырды. Бұл тек өз азаматтарына қарсы жасалған қырғын болатын».

Тұтқындарға аяқ киім берілмегендіктен, олардың көпшілігі жерде жатқан әйнек пен тастан жарақат алды. Бір сәт демалғысы келгендерді күзетшілер ұрып-соғып, азаптайтын, сондықтан қанжоса жараларға қарамай жұмысты жалғастыруға тура келетін.

Мұндай жағдайды Чжихён да бастан өткерді. Антисанитария мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен ол ауыр инфекция жұқтырды. Қараушылар оны адам болмайды деп, лагерьден тыс жерде өлу үшін босатады. Алайда, әйел Қытайда оны ұлының күтіп жүргенін ойлайды. Ол ауруды жеңіп, қайтадан өз еркімен Солтүстік Кореядан қашу үшін адам саудагерлеріне жүгінеді.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯДАН ҚАШУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – АДАМ САУДАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛУ

Чжихён Пак Қытайға қайта оралғанда билікке ұсталып қала жаздады. Шекара маңындағы такси жүргізушілері көбіне полицияға жұмыс істейді әрі олар солтүстіккореялықтар мен оларды елге әкелетін саудагерлерді ұстап береді. Бір такси жүргізушісі бұлыңғырлау деп күдіктене бастаған еді, құлдықта болған жылдары қытай тілін үйреніп алған әйел жүргізушіге өзінің тұрғылықты қытай екеніне сендіре алды. Осылайша, ол өзін құлдыққа сатпақ болған саудагердің өмірін сақтап қалды. Ризашылығын білдірген ол босқынды босатып жібереді.

2005 жылы Чжихён Пак ұлымен қайта қауышты. Бірақ, осы жылдар бойы Қытайдың оның баласына көрсеткен қорлығына қарап шошиды.

«Ашуға міндім. Қытайлар менің ұлыма мүлдем қарамаған. Ол үй-күйсіз, аш-жалаңаш бала боп көрінді. Азып-тозған, киімі қырық жамау», – дейді ашуға булыққан әйел.

Чжихён Пак Қытайда өзі мен ұлы үнемі қыл үстінде жүретінін түсінді. Алдымен олар Оңтүстік Кореяға қашпақ болады, бірақ бұл әрекеттері сәтсіз аяқталады. Содан кейін Пекинде кездестірген солтүстіккореялықтардың тобымен бірге Моңғолияға қашуға шешім қабылдайды.

Бірде шекарадан өтіп, қоршауды бұзған солтүстіккореялықтар шекарашылардың қолына түсіп қалмау үшін бірден шашырап жүгірді. Чжихён  аяғы ауырып, кішкентай баласы болғандықтан жүгіре алмай жүруге мәжбүр болады. Сөйтіп, жолда келе жатқан әйел патрульдік көлікке түсіп кете жаздады.

«Демімді алғанша маған бір адам жүгіріп келді. Ол ұлымды арқасына лақтырып жіберді де, менің қолымнан ұстады – екеуміз шекарадан өтіп, Моңғолияға жеттік. Бұл адам біздің топтан екен, біздің артта қалғанымызды байқап, қайтып келіп, өмірімізді сақтап қалды. Ол қазір менің күйеуім», – деп еске алады ол. 

Олар Оңтүстік Корея елшілігі орналасқан Моңғолия астанасы Ұлан-Батырға жетуді көздеді. Жол табу оңай емес еді. Олар Гоби шөлінде кішкентай баламен ұзақ жүре алмайтындықтарын түсініп, үшеуі де Қытайға оралды. Чжихён мен оның күйеуі 2007 жылы шыққан тегі корей американдық-пастормен кездескенше көшеде тамақ сатты. Дін қызметкері олардың Солтүстік Кореядан келген босқындар екенін түсініп, БҰҰ-ның көмегімен басқа елге көшуге көмек ұсынды.

«Алғашында оған сенбедік, біз оларды кезекті адам саудагері деп ойладық, өйткені БҰҰ туралы бұрын естімеген едік», – дейді Чжихён күліп. Ақырында, отбасы көшуге шешім қабылдайды. 2008 жылдан бастап Ұлыбританияда бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Чжихён құқық қорғаушы болды, Ұлыбритания азаматтығын алып, муниципалдық сайлауға да түсті.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ КЕЗЕКТІ КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ

2021 жылдың маусым айының ортасында Ким Чен Ын халықты тоқсаныншы жылдардағы дағдарысқа ұқсас аштық қаупі туралы ескертті.

Азық-түлік тапшылығы қазірдің өзінде босқындар санының артуына әкелуі мүмкін. Алайда, олардың саны туралы нақты ақпарат алу мүмкін емес. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының кеңсесі Қытайдың КХДР-мен шекарасына шығуға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады.

Korea Risk Group консалтингтік компаниясының жетекшісі Чад О’Кэррол Солтүстік Кореяда жаппай азық-түлік тапшылығы әлі тіркелмегенін мәлімдеді. Керісінше, олардың ассортименті көбіне коронавирустық пандемияға енгізілген шектеулерге байланысты азайған.

Ресми емес мәліметтерге қарағанда, соңғы апталарда КХДР нарықтарындағы қатты құбылмалылық Ким Чен Ынның ескертуіне себеп болған шығар. «Жалпы, мен Қытай КХДР-ге көмекке келіп, тапшылықтың алдын алып, астық пен жарма береді дегенге күдігім басым», – деп болжайды О’Карролл.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бағалауы бойынша, КХДР биыл 860 мың тоннаға жуық азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін. Чжихён Пак та КХДР-да жарияланған «Қиын кезеңнің» тоқсаныншы жылдардағы жағдайдан мүлдем өзгеше екенін атап өтті. Соңғы 25 жыл ішінде ел өзгерді: кәсіп пайда бола бастады, фермерлік дамуда – адамдар қиын сәтте үкімет оларға қамқорлық жасамайтынын түсініп, өздеріне көбірек сенім арта бастады.

Босқын әйелдің пікірінше, халықтың көзқарасының өзгеруіне сырттан келетін ақпараттың, оның ішінде барлық тыйымдарға қарамастан, елге кіретін оңтүстіккореялық фильмдер мен музыкасының енуі айтарлықтай ықпал етті. «Олар ақпараттан қорқады, өйткені адамдардың ойын өзгертетін ақпарат», – деп санайды Чжихён Пак.

Әлемдегі ең жабық елдердің бірінен шыққан жаңалықтарға қарап, шынымен де елде нағыз идеологиялық соғыс өрбігенін аңғаруға болады. КХДР оңтүстіктің белсенділері әуе шарларының көмегімен шекарадан өткізетін парақшаларға қатты мән береді. Оңтүстіккореялық музыка мен фильмдері үшін олар еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберіле бастады, тіпті өлім жазасына кесіледі.

«Ким Чен Ын шынымен қорқады. Егер адамдар үкіметтік идеологияны ұстануды доғарса, онда Солтүстік Корея құлайды. Сондықтан Ким Чен Ын «Қиын жорықты» жариялады. Бұл көбінесе идеологиялық күрес», – деп түйіндеді Чжихён Пак.

Міне, түрмеге айналған «жабық елдегі» жағдай осындай. Тәлкекке түскен 25 млн тағдыр…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here