Күй өнерінің майталманы

0
1401

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, дарынды дирижер Назымбек Молдабекұлы Молдахметовтің табиғи таланты еліміздегі барша өнерсүйер қауымға жақсы таныс.

Ажал айтып келген бе? Руханият саласының майталманының дүниеден өткеніне де таяуда бір жыл толды. Әрине, өткен кезең оның қарым-қабілетін, адамгершілік асыл қасиеттерін бағалайтын қалың жұртшылық пен ағайын-бауырға, әріптестеріне жеңіл соқпағаны айдан анық.

Өңірдегі Ерлан Қалмақов басқаратын облыстық мәдениет басқармасы, соңғы кездері қызмет атқарған Елубай Өмірзақов атындағы филармония ұжымы, бір әулетте өскен бауырлары, отбасы оны сағынышпен еске ала отырып, аты-жөнін мәңгілік қалдыру мақсатында бірқатар игі істерді жүзеге асырды.

Ерлан Болатұлының ұйытқы болуымен, кезінде өзі іргесін қаласқан облыстық филармония жанындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестріне оның есімі берілді. Бұған, меніңше, қуанбаған адам жоқ. Оған марқұм әбден лайықты еді. Осы өнер ұжымын биікке көтеру үшін ол уақытпен санаспай еңбек етті. Жас кадрлардың шеберлігін шыңдап, репертуарын байытуға барын салды. Сондай-ақ, «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын деректі фильм де оны көрген адамдардың көңілінен шықты. Назымбек ініміздің кіндік қаны тамған Қайыңды елді мекеніндегі өткен балалық кезінен бастап, кәсіби жағынан қалыптасу, жауапты қызметтерді атқарған шақтары толық қамтылды.

Фильмде оның бауырлары, әріптестері, ұрпақтары өздерінің шынайы лебіздерін білдіріп, тебірене толғанды. Елінің мәдениетін әлемге танытудағы азаматтық тұлғасы жан-жақты көрінді.

Жуырда белгілі қаламгер, қоғам қайраткері әрі ғалым Жұмабек Кенжалиннің сүйікті ұлы Дастанның құрастыруымен Назымбек туралы «Домбырамның Назы» деп аталатын естелік кітап еліміздегі «Гласир» баспасынан жарық көрді. Оның мұқабасы әсем безендірілген. Кітап жеті бөлімнен тұрады. Әрқайсысына жеке-жеке тақырыпшалар қойылған. Мазмұны терең әрі оқырмандарға ой саларлықтай.

Оған негізінен дәулескер күйшінің асыл ағаларының, бірге қызмет атқарған әріптестерінің, шәкірттерінің, қимас достарының, бір ата-анадан тараған бауырлары мен отбасы мүшелерінің пікірлері енген.

Еңбектің жарық көруіне Молдахметовтер әулеті демеушілік етті. Естелік жазбаларды дайындауға аты-жөндері республикамызға танымал қаламгерлер, жанашыр азаматтар өздерінің үлесін қосты.

«Мен Назымбекпен Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда бірге оқыдым. Студенттік өмірдің қиындығы мен қуанышты сәттерін бірге өткіздік. Қостанайға да бір топ жігіттер мен қыздар келіп, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда еңбек жолымызды бастадық. Өнерде қимас досымның өшпес ізі қалды. Қатардағы күйшіліктен филармонияның директорына дейін өсті. Сіңірген еңбегіне орай, бірқатар атақтарға да ие болды. Курстас әрі әріптес досымның қазасы бәріміздің де жанымызға қатты батты. Өкініштен өзегіміз өртенгендей сезіндік. Бірақ ол қысқа ғұмырында өшпес қолтаңбасы мен ізін қалдырды. Қазақстанда оның аты-жөнін білмейтін кісі жоқ. Адам ұрпағымен мың жасайды. Енді Назымбектің жетпеген жасы мен қызығын аяулы жары Жанатқа, көзінің ағы мен қарасындай болған перзенттері Жұлдызға, Темірлан мен Марғұланға берсін», – дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, асқақ дауысты әнші Манапбек Кәдіров.

Оразалы Жақсанов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here