Қамза Үмбетқалиев: «Екінің бірі полицей бола алмайды»

0
1879

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ полицей мәртебесі, кәсіби біліктілікті арттыру және қылмыстық іске қарсы тиімді күрес туралы тарқатып айтты.

«ТІРКЕЛГЕН ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІН ҰРЛЫҚ ПЕН АЛАЯҚТЫҚ ҚҰРАЙДЫ»

– Қамза Бақтығалиұлы, қылмыспен күресудің тиімділігі туралы сандарды сөйлетсек…

– Атырау облысының аумағында қылмыстық жағдай тұрақты. 2021 жылдың бес айының қорытындысы бойынша 2 010 жалпы қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 1 785 қылмыс, 225 теріс қылық.  Ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, біреудің мүлкіне қол сұғу, оның ішінде пәтер, ұялы телефон және мал ұрлау, қалта ұрлығы азайды. Тонау 58,3%-ға, қарақшылық 33,3%-ға, бопсалаушылық 33,3%-ға және бұзақылық 42,9%-ға кеміді. Қоғамдық орындар мен көшелерде адамдар тобы мен кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 70,3%-ға, сондай-ақ маскүнемдік те төмендеді. Балаларға қатысты қастық пен әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері тұрақталды. Сонымен қатар, ауыр және өте ауыр қылмыстардың жалпы саны – 635-тен 611-ге дейін төмендеген кезде, ерекше ауыр қылмыстардың тіркелуі 85,7%-ға немесе 14-тен 26-ға дейін өсті. Ерекше ауыр қылмыстардың біраз өскендігі де байқалады.

– Сонда ерекше ауыр қылмыстардың көбеюіне не себеп? Оларды қалай анықтауға болады?

– Ерекше ауыр қылмыстар өсімінің негізгі үлесі – 76,9%, яғни 26-дан 20-сы кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетілген қылмыстарға тиесілі. Осындай қылмыс бойынша күдіктілер жәбірленушілердің жақын туыстары немесе таныстары болып шығады.  

Біздің бастамамыз бойынша бұл мәселе облыс әкімі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, онда барлық жауапты мемлекеттік мекемелер тыңдалды. Бүгінде ашылмай қалған ерекше ауыр қылмыстар жоқ.

– Қылмыстың жиілеуінің себебі неде?

– Пайдакүнемдік. Тіркелген 1 785 қылмыстың негізгі үлесін ұрлық – 486 және алаяқтық – 787 құрайды.

– Полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қандай шаралар қолданады?

– Күн сайын көшелерді торылдау үшін жаяу жасақ пен патруль көлігі қойылады. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын жерлерде полицияның 7 модульдік бекеті орнатылған. Облыс бойынша қосымша 17 бекет орнату жоспарлануда, оның ішінде облыс орталығында – 9 (Құрманғазы ауданына 2-ден, қалған 6 аудан орталығына бір-бірден). Бұл бекеттерде азаматтарды тәулік бойы қабылдауға болады.

«Полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидаты бойынша учаскелік полиция инспекторлары қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болады. Халықпен кері байланыс орнату үшін барлық учаскелік полиция инспекторлары үй иелері, ПИК және ауыл тұрғындарының WattsApp мессенджерлік чаттарына қосылған. Әрбір учаскелік инспектордың әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар, онда олар қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды тұрақты насихаттайды. Осылайша, біз құқық бұзушылықтар санын 2,6%-ға, ал көшелерде – 3,3%-ға төмендеттік.

ЖБО (Жедел басқару орталығы) бейнебақылау камераларының рөлі маңызды. Мемлекеттік жеке меншік серіктестік бағдарламасы аясында қолданыстағы 886 бейнебақылау камералары мен фото-, бейнетіркеу жүйелеріне қосымша қоғамдық орындарда 774 бейнебақылау камералары қосылды, азаматтар көп жиналатын жерлерде орнатылған 750 қолданыстағы бейнекамералар біріктірілді. 51 қиылыс пен 153 желілік учаскеде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды фото-, бейнетіркеудің 1 224 жүйесі орнатылған. ЖБО-да шығарылған бейнекамералар мен фото-, бейнетіркеу жүйелерінің жалпы саны 3 634 құрайды. Оның ішінде ПБ ЖБО  Атырау қаласына 2 283 бейнебақылау камералары, 1 251 фото-, бейнетіркеу жүйесі, Құлсары қаласы бойынша ЖБО 52 бейнебақылау камералары, 48 фото-, бейнетіркеу жүйелері тиесілі.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістерінде 1 454 «Бұлтты бейнебақылау» жүйесінің камералары орнатылған, олардың 450-і біздің департаментікі.

«ЖАЗДА ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ КӨБЕЙЕДІ»

– Қамза Бақтығалиұлы, жазғы маусым полиция қызметкерлерінің жұмысын еселей ме?

– Иә, жазда полицейлердің жұмысы қызады. Өйткені, демалыс уақыты болғандықтан, көшеде адамдар жиі жүреді, басқа аймақтардан саяхатшылар келеді, балалар үлкендердің қарауынсыз қалады, осылайша тәртіп сақшыларының жұмысы көбейеді.

– Сіздің Facebook парақшаңыз бар. Онда тұрғындардан жедел қызығушылық тудыратын немесе полицияның араласуын қажет ететін хабарламалар келе ме?

– Мен күн сайын әлеуметтік желіме келетін хабарламаларды бақылап отырамын. Әлі ондай хаттар түскен жоқ.

– Атырауда есірткі сату туралы граффити салу жағдайлары тоқтаған емес. Олардың таралуы бойынша қылмыстар ашылып жатыр ма?

– Барлығы 57 есірткі қылмысы тіркелген. Өткен жылы – 58, одан өткізу фактісі бойынша – 27 (оның ішінде 296-4 бап бойынша көп мөлшерде 3 факт және 299-1 бап бойынша 1 факт). Заңсыз айналымнан бір килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Ал, қылмысты ашу 88,9%-ды, өткен жылғы көрсеткіш – 57,1%-ды құрады.

– Есірткі құралдарының транзит арналарын жабу және олардың мұнай астанасына кіруіне жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Арнайы жұмыс жүргіземіз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында құқық қорғау органдарымен бірлесіп есірткінің заңсыз айналымы, оның ішінде Мемлекеттік шекара арқылы есірткі контрабандасы бойынша құқық бұзушылықтың жолын кесуге бағытталған кең ауқымды «Қарасора-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

– Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл қаншалықты күшейтілді?

– Қазіргі уақытта Атырау облысы Полиция департаментінің тізімінде қылмыстық жүйенің 16 «дөкейі», 22 көшбасшысы және ҰҚТ-ның 49 қатысушысы тұр. Мақсатты арнайы іс-шаралардың нәтижелері бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 ҰҚТ қатысушысы тартылды.

– Атырауда заңсыз діни бірлестіктер анықталды ма?

– Осы жылдың басынан бері экстремистік сипаттағы екі қылмыстық іс қозғалып, экстремизмге қарсы күрес бағыты бойынша әкімшілік заңнаманы бұзудың 38 фактісі анықталды. Тіркелмеген діни бірлестіктер бойынша фактілер анықталған жоқ.

– Қылмыстық істерді электрондық жүргізуге көшіру қандай сатыда?

– Осы жылдың бес айында СДТБТ (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі) бойынша 2 563 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде электрондық форматта – 2 144 (тергеу бағыты бойынша – 1 489, анықтау бағыты бойынша – 655). Сотқа 646 іс жіберілді. 1 269 іс тоқтатылды, ақталатын негіздер бойынша – 1 012, ақталмайтын негіздер бойынша – 257, 1 010 іс жүргізу тоқтатылды. Қазір өндірісте 917 іс бар.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі қалай? Өңірде жол-көлік оқиғаларының ауыр салдары жалғасуда…

– Қабылданған шараларға қарамастан, өкінішке қарай, ЖКО-ның өсуіне жол берілді, өткен жылғы 75-тен биыл 92-ге дейін көтерілді. Онда зардап шеккен азаматтар 53,7%-ға көп (82-ден 126-ға дейін), бірақ қаза тапқан адамдар аз – 21-ден 15-ке дейін.

– Атырауға басқа елдерден жұмысқа келетіндер көп. Олар да заңды қаншалықты бұзады?

– Осы жылы уақытша келетін шетел азаматтарының саны – 25 629 адамға артты, өткен жылдың бес айында тек 9 970 шетелдік болды. Көші-қон заңнамасын әртүрлі бұзғаны үшін 3 002 адам (2020 ж. –  1 715), оның ішінде 1 612 шетелдік (2020 ж. – 656) әкімшілік жауапкершілікке тартылды, биыл 70, ал өткен жылы 143 адам елден шығарылды. Әкімшілік тәртіп бойынша 57 жұмыс беруші жазаланды. Салынған айыппұл сомасы 6 934 691 теңгені құрады және барлық ақша толық өндірілді. Шетелдіктер жасаған 16 қылмыс тіркелді, олардың барлығы – ТМД азаматтары. Ал, шетелдіктердің өздеріне қатысты 33 қылмыстық құқық бұзушылық болды.

– Осындай көші-қон ағындарының өсуінің жағдайларында заңсыз көші-қонның жолын кесу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– «Мигрант» жедел-алдын алу сипатындағы рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері бес рет өткізілді. 1 360 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сот шешімі бойынша 100 шетелдік елден шығарылды. «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында көші-қон саласында ҚР заңнамасын бұзғаны үшін және шетелдік жұмыс күші мен келімсекті тартқаны үшін Қазақстан Республикасының 675 азаматына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың 7 фактісі анықталды (ҚК 394-бабы 1-бөлігі бойынша), қазіргі уақытта көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу істері жүргізілуде.

«ЖЫЛДА ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ»

– Қамза Бақтығалиұлы, полицейлер – заң мен құқық тәртібіне жауапты жандар. Ал, өздері тәртіп пен заңды қалай сақтайды?

– Біз 158 рейдтік және жедел-алдын алу іс-шараларын өткіздік. Өз күшімізбен сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың, нақты алаяқтықтың екі фактісі анықталды. Атырау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған адамға жүргізуші куәлігін беріп, 520 мың теңге алғаны үшін ұсталды.

– Егер полиция қызметкерлері арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту алдыңғы орынға қойылса, бұл бағытта не істеліп жатыр? Жеке құрамға – басшыларға да, қатардағы қызметкерлерге де қандай талаптар қоясыздар?

– Ең алдымен, біз полиция қызметкерлерінің тәрбие ісіне ден қоямыз, олар тәртіпті болуы керек. Менің ойымша, полиция қызметкері – басшы да, қатардағы қызметкер де – ең жоғары дәрежедегі іскерлік, кәсібилік, зияткерлік және моральдық қасиеттерге сай болуы тиіс. Осыған байланысты біз жеке құрам арасында қызметтік, жол-көлік тәртібі мен заңдылықты бұзушылықтардың алдын алуға және ескертуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізудеміз.

– Кейде адамдар полиция қызметкерлерінің атына тіл тигізіп жатады. Ал, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде олар бірден полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Сіз бұған не айта аласыз?

– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және  қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Біз әрбір азаматқа құқықтық көмек көрсетуге дайынбыз. Сындарлы сын болса, дұрыс қабылдаймын.

– Полиция қызметіне үміткерлер қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Менің ойымша, екінің бірі полиция қызметкері бола алмайды. Бұл мамандықты игеру үшін ерекше мінез, ұқыптылық, шыдамдылық, сабырлылық, мейірімділік және оған қоса байсалдылық, тез шешім қабылдау қабілеті, аса жауапкершілік сезімі болуы керек. Бұл саланың маманы атанғысы келетін адам өз ісіне шын жүрегімен берілуі тиіс. Тәртіп сақшылар қатарынан болғысы келетін жан қиын да қызықты саланың маңыздылығын түсініп, өз өмірін қатерге тіге тұрып, басқа адамдарға көмектесуге дайын болуы тиіс.

– Кез келген ұжымның басты құндылығы – адамдар. Жұмыстың нақты нәтижесі ұжымның кәсіби, үйлесімді және мақсатты болуына байланысты. Кәсіби жағынан шыңдалған кадрлар жеткілікті ме?

– Қазіргі заманғы тәртіп сақшысы құқықтануды терең меңгеріп, оларды практикалық қызметте шебер қолдана білуі керек. Жарғы мен лауазымдық нұсқаулықтардың талаптарын жете біліп, кәсіби дағдылар мен машықтарды игеруі тиіс. Қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті, оның ішінде дене күшін, арнайы құралдар мен атыс қаруын қолданған жағдайда, олардың кәсіби білімі мен дағдыларын жетілдіру мақсатында – бекітілген кестеге сәйкес жауынгерлік және қызметтік даярлық, сондай-ақ дене шынықтыру сабақтары жүйелі түрде жүргізіледі. Ведомстволық оқу орталықтарында ІІО бөлімшелерінің қызметкерлері үшін кәсіптік даярлық деңгейін қолдау мақсатында біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Атқаратын лауазымдарына сәйкестікті айқындау үшін жеке құрамды қызметтік аттестатциялау үш жылда бір рет өткізіледі. Кадрмен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

– Полиция қызметкерлерінің қызмет ету шарттары жақсы жаққа өзгере ме? Олардың тұрмыстық мәселелері, тұрғын үй мәселесі қалай шешілуде?

– Полиция қызметкерлерінің жұмыс жағдайы, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жыл сайын жақсарып келеді. Қызметтің жеке құрамы қызметтік автокөлікпен, электрондық планшеттермен, радиостанциялармен және компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген. Патрульдік полиция қызметкерлері ІІМ деректер базасына қосылған электрондық планшеттермен жабдықталған. Қазіргі уақытта мемлекет полиция қызметінің имиджін арттыру, ішкі істер қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлерінің жалақысы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен 30%-ға өсетін болады. Бірінші кезеңде, осы жылдың басынан бастап, кейбір қызметтерде адамдар жалақыны 17%-ға көбірек ала бастады.

Тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алатын лауазымдар санаты кеңейді, оған учаскелік полициялардың көмекшілері, полиция инспекторлары, кезекші бөлімдердің, жедел басқару орталықтарының, уақытша ұстау изоляторларының, арнайы айдап жүру қызметінің өкілдері кірді, олар тұрғын үйді жалдау үшін ақшалай өтемақы ала бастады. Қазіргі уақытта тұрғын үй жалдағаны үшін республикалық бюджеттен 111 қызметкер, жергілікті бюджеттен 107 қызметкер өтемақы алады.

Осы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін тұрғын үй алудың жаңа тәртібін реттейтін заңға қол қойды. Енді тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер екінші деңгейлі банктерде ипотека арқылы тұрғын үйді рәсімдей алады. Ипотека бойынша ай сайынғы төлемді мемлекет жүзеге асырады.

Барлық іске асырылып жатқан іс-шаралар, өз кезегінде, полиция қызметінің мәртебесін аспандатып, тәртіпті, заңдылықты арттыруға және қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге ықпал ететініне сенемін.

– Тобықтай түйіндесек…

– Жалпы, қабылданған шаралар нәтижесінде облыстағы қылмыстық ахуал бақылауда, облыс аумағында қылмыстың күрт өсуіне жол берілген жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.

– Қамза Бақтығалиұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Дайындаған: Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here