ҚазҰАЗУ мен Украина ғалымдары агроөндірістік кешенді бірлесе дамытуға күш салады

0
1725

24 шілде күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ЖОО басшылығы мен Украина ғалымдарының кездесуі болып өтті. Делегацияны Николай Дмитриевич Безуглый – Украина ұлттық аграрлық академиясының академигі, Өсімдіктану жеке институтының директоры, күріш пен бидай өсіретін аграрлық кәсіпорындардың ірі иесі болып саналатын белгілі ғалым-маман бастап алып келді. Бұл туралы университеттің ресми сайтында хабарланды.

Делегация құрамында Украина ұлттық аграрлық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко, Харьков қалалық кеңесінің инновациялық даму мен имидждік жобалар басқармасының басшысы Виктория Грецкая-Миргородская, кәсіпорын жетекшісі, жеке заңгерлік компанияның басқарушысы Евгений Иваненко, жас маман Станислав Миргородский болды.

Кездесудің мақсаты – екі елдің аграрлық кәсіпорындар кешенінің жұмысын одан ары дамыту мен ғылыми жобаларды жаңғыртуға әсері мол озық тәжірибелер алмасу. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғалымдар инновациялық және ғылыми жаңалықтарды ойлап табумен қатар, оларды өмірдің әр саласында, экономикада және өндірісте ары қарай іске асыруға мүдделі.

ҚазҰАЗУ-дың ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенбай Исламов өзінің кіріспе сөзінде былтыр 90 жылдығын атап өткен университеттің халықаралық қауымдастыққа танымал ғылыми-техникалық қуаты мол екендігін атап өтті. Университет әлемнің 137 жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді, жоғары білім және ғылым жөніндегі 16 халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдардың мүшесі болып табылады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ ауыл шаруашылығы институты өз аумағында Киев ауыл шаруашылығы институтының ұжымын жылы қарсы алды. Келген 6 профессор, 29 оқытушы, 5 аспирант және 356 жоғары курстың студенттерін барынша қамқорлыққа алды. Олардың бірқатары майданға аттанып кетті.

Украинаның 235 студенті 1942-43 жылдары Қазақ АШИ-ның инженер-механик, агроном, инженер мамандықтарының дипломына ие болды. 40 түлек қорғаныс зауыттарына, 14 агрохимик химзауыттың әскери академиясына қабылданды, қалғандары қолына қару алып соғысқа аттанды. 

Қазіргі уақытта университет Белоцерковск ұлттық аграрлық университеті, Дмитрий Моторный атындағы Таврия мемлекеттік агротехнологиялық университетімен тығыз жұмыс істейді. Жазғы және қысқы каникулдарда Полес ұлттық университеті, Таврия мемлекеттік агротехнологиялық университетінің профессорлары өз тәжірибесімен бөліседі. Украина ұлттық биоресурстар және табиғат пайдалану университеті оқытушылардың біліктілігін жетілдіретін база болып табылады.

ҚазҰАЗУ-дың қызметкерлері мен ОПҚ алдында Николай Безуглый онлайн режимде сөз сөйлеп, университет пен өзара ынтымақтастық қатынасты дамытудың жоспарларымен таныстырды. Ол ауыл шаруашылығындағы жануарлардың биотехнология саласының білгір маманы саналады. Кезінде терең мұздатылған эмбрионды бұзауға орналастыру кезінде отасыз жасалған тәжірибесі әлемдік қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Жануарлардың сапалы өнім және тұқым беруіне бағытталған ғылыми тәжірибелік жаңалықтары Украина ғылымын алға шығаруға үлес қосты.

«Біз үшін бұл кездесу өте жемісті болады деп сенеміз және ұзақ мерзімге бағытталған бірлескен қызметіміздің нәтижесі бірнеше салада: ғылым мен білім, агро шаруашылық және IT-технологияны енгізу бағытында дамиды деп отырмыз. Бұл жүздесуіміздің қорытындылары алдағы уақытта екі елдің ғылыми әлеуетін арттыруға серпіліс беретіні анық», – деді өз сөзінде Николай Безуглый.

Қонақтар кездесу аясында Вагенинген Институты, Микроарналық өсімдіктерді көбейту лабораториясы мен Ситуациялық орталық жұмысымен танысты және бірлесе қызмет істеуге одан ары қарай да дайын екендіктерін жеткізді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here