Жабық қаулымен Лениндiк сыйлықты алған құпия қазақ

0
2502

Оның атыжөнi ешбiр ғылыми еңбектерде, энциклопедияларда аталмай келдi. Тiптi, бiр кездегi қуатты КСРОның ең жоғарғы наградасы Лениндiк сыйлықтың өзi оған жасырынқұпия түрде тапсырылды. Бұл жөнiндегi қуанышын өзiнiң ең жақын деген адамына да айта алмады. Өзi тәрбиелеп өсiрген халқы да «ұлымның есiмi даңққа бөленiп жатыр» деп қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып шашу шаша алмады. Өзiнiң атын шығарған ғылыми еңбегi өзге елде танылғанда ғана көңiл түкпiрiнде шерменде болып қатып қалған түпкi ойларын айтуына мүмкiндiк туды. Лениндiк сыйлықтың лауреатыХалел Батталұлы Әубәкiровпен болған ашық әңгiмемiз кешегi мен бүгiнгi күндi жалғастырып тұрған құпияның сырын ашудан басталды.

«МЕНІ СОЛ КЕЗДЕГІ САЯСИ БИЛІК ЖАСЫРЫП ҰСТАУҒА МҮДДЕЛІ БОЛДЫ»

– Халел аға, бiз сiздi Лениндiк сыйлықтың лауреаты ретiнде үлкен-кiшi энциклопедиялардан да, түрлi ғылыми еңбектерден де iздеп таба алмадық. Елiмiзде болып жатқан сан түрлi саясимәдени iсшаралардан да көрмеймiз. Тiптi, сiздi жердiң астыүстiн түгел зерттеп түгестiм деп жүрген ғалымдарымыз да бiлмейтін болып шықты. Осыншама туған халқыңыздан бөлектенiп, саяқ жүруiңiзге не себеп болды?

– Қарапайымдылық кiсiнi қашанда нұрландырып тұрады. Ата-анамнан жұғысты болған сол қасиет маған, менен балаларыма да көшiп алған iспеттi. Рас, ұзақ уақыт Лениндiк сыйлықтың иегерi екенiмдi жария етуiме ресми орындар рұқсат етпедi. Менi сол кездегi саяси билiк жасырып ұстауға мүдделi болды. Мәселенiң мәнiсi ашылғанда одан өзiм де суып қалдым. Әрине, әр нәрсе өзiнiң уақытысында болғаны абзал, одан арғысы кеш болмақ. 

Халық қашанда ұлы. Одан қанша жасырынамын десең де, түбі бір ашылып қалады. Бiр адамды ұзақ уақыт алдауға болар, ал бірақ көп адамды ұзақ уақыт алдауға болмайды ғой 

– Бұл ендi өз еркiмнен тыс болған мәжбүрлеу саясатының ықпалы. Уран өндiрiсi қашанда стратегиялық маңызы бар шикiзат ретiнде өз құпиясын бүгінге дейін сақтап келедi. Бүгін біз  оның  атын  ғана  білеміз,  алайда затын білмейміз. Менiң 1953 жылдан басталған бар саналы өмiрiм осы саламен тығыз байланыста болды. Қазiр бәрiн ашық айтуға болады. Тіпті, уран өндiрiсi де құпиялылықтан қалды. Оны ғылыми негiзде байытуға кең көлемде мүмкiншiлiктер ашылуда.

Мен осы жолға қалай түстiм, не бiтiрдiм, ендi өткен өмiр жолдарым туралы түсiнiк бере кетейiн.

1953 жылы Мәскеудегi С.Орджоникидзе атындағы Геология институтына оқуға түсiп, оның арнаулы курсын 1959 жылы бiтiрiп шықтым. Арнаулы курс дейтiнiм, бұл топта белгiлi қатаң тексерiстен өткен санаулы студенттер ғана оқыдық. Бұл топ Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң ерекше бақылауында болды. Маған дейiнгiнi бiлмедiм, сол кезде қазақтардан осы топты жалғыз өзiм бiтiрiп шыққаным аян. Содан бергi қызмет жолым Волхов геология барлау экспедициясымен тура байланысты болды.

– Лениндiк сыйлықты қай жылы және қандай еңбегiңiз үшiн алдыңыз?

– 1978 жылы СОКП Орталық Комитетiнiң және КСРО Министрлер Кеңесiнiң жабық қаулысымен маған «Геологиялық жаңа концепцияны дайындап, ойлап тапқаным үшiн» Лениндiк сыйлық берiлдi. Сыйлық жабық күйiнде құпия жағдайда тапсырылды.

– Атақты халық берсе, анық бермей ме, атақты жабық берсе де халық көрмей ме? Атағынан ат үркетiн үлкен сыйлықты тығып берудiң астарында қандай құпия бар едi?

– Жоғарыда айтқанымдай, уран аса маңызды стратегиялық шикiзат. Оны iздестiру, табу ерекше құпия жағдайда жүргiзiлдi. Халықаралық ұйымдардың ерекше бақылауында тұратын бұл шикiзатты өндiру мен байыту жұмыстары құпия жүргiзiлмесе болмайтын едi. Сондықтан бұл саладағы кез келген жаңалық пен марапаттың өзi жабық күйiнде құпия жағдайда жүзеге асатын. Оған таңдануға болмайды. Мұндай жағдай менiң ғана басымнан өткен жоқ. Екiншiден, маған Лениндiк сыйлық тапсырылғанда менiмен бiрге елiмiзде стратегиялық маңызы бар әскери кешендер мен электронды және атом су кемелерiн ойлап шығарған бiр топ конструкторларға да тапсырылған болатын. Марапаттау салтанаты теледидарға түсiрiлмедi, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталмады. Тiптi, бұл сыйлықты не үшiн алғанымыз жөнiнде және өзiңнiң осы сыйлықтың иегерi екендiгiң турасында айтпау керектiгi қатаң ескертiлдi. Бұл жөнiнде қолхат та бердiк. Жалпы, бұл жоғары атақ менiң Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнен уран рудасын жаңа тәжiрибемен игерудегi еңбегiме берiлген едi.    

– Халел аға, 1992 жылға дейiн Қазақстанда уран өндiру мәселесi өте құпия сақталып келдi. Ал, сол сiздiң концепцияңыз сыйлық алса да жариялауға жатпады. Бұған не себеп?

– Бұған ең басты себеп бiздегi теориялық қасаң қағидалар әсер еттi. Рас, КСРО кезiнде бұл концепция Лениндiк сыйлық алсақ та жариялануға жатпады. Ол тек Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейiн ғана жарияланды. Осыдан кейiн бұл концепцияға қызығушылар табыла бастады. Кейiн бiздiң елiмiзге қытайлық ураншы-геологтар келiп концепциямен танысты. Мен оларға бiрнеше лекция оқыдым. Осыдан кейiн олар менi Пекинге шақырып, тағы да лекция оқуымды сұрады. Алайда, олар менiң қағидаларыма бой ұрмай, ескi теория бойынша жүздеген скважина бұрғылап, ешбiр нәтижеге қол жеткiзе алмапты. 2000 жылы қыркүйек-қазан айларында мен Қытай елiнде тағы болдым. Олар бұл жолы менiң концепциям бойынша үш скважина бұрғылап, соның бiреуiнен уран рудасын тапты. Араға бiр жыл салып, сол жерлерде ғылыми негiздегi iздестiру жұмыстарына жетекшiлiк жасап, үлкен жетiстiктерге жеттiк. Қазiр зерттелген жерлердiң жүйелiк нобайлары жасалып, ол iске асырылуда.  

«ӘРБІР АДАМ ӨЗ ЕЛІНІҢ ПАТРИОТЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Бiз, әдетте, теория мен практика егiз деп жатамыз. Сiздiң тұжырымдамаңыз бұл екi аралықты бiр-бiрiнен алшақ қарастырып отыр. Жаңа концепцияның өзi үлкен жетiстiктерге жетсе де, ресми ғылымның өзi ескi қағидамен жұмыс iстеп отырған сыңайлы. Бұған не дер едiңiз?

– Иә, бұл тұжырымдама кезiнде үлкен дау туғызды. Менiң үстiмнен әрқилы хаттар да жазылды. Бiрақ, мен өз қағидаларымды дәлелдеуден тынбадым. Ақыры теория мен практиканың үнемі өзара қабыса  бермейтінін нақты тәжiрибемен көрсетiп бердiм.

1972-1976 жылдардағы бiздiң мазасыз iзденуiмiздiң соңы бiрнеше уран рудаларының нақты аймағын ашуымызға әкелiп соқты. Әрине, бұл Мәскеу, Ленинград ғылыми орталықтарының қарсылықтарына қарамастан жасалған тәжiрибелер едi. Мiне, осы кезден бастап ескi тұжырымдамамен жұмыс iстеуге болмайтынын айтып келемiн. Жалпы, уран рудасы жаратылуының экзогендiк теориясы негiзiнiң қате екендiгi дәлелденiп отыр. «Уран рудасының гидротермальдық процестермен жаралғаны және платформалық шөгiндiлердегi гидрогендi кен орындарының жарылу механизмi туралы» ең алғаш тұжырымдама жасағанымды мақтаныш етемiн. Ал, ескi қағидамен жұмыс iстеу, ол әлi күнге дейiн жалғасып отыр. Осыған жауапты адамдар табиғат пен қоғамның өзгерiп отыратыны сияқты, ғылымның да жаңарып, толықтырылып отырылғанына сенбейтiн iспеттi. Оның бұдан басқа да көптеген әлеуметтiк себептерi бар.           

– Ол қандай себептер болуы мүмкiн? Табиғаттың бермесiн күш қолдану арқылы бағындыруға бола ма? «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы бұл тұрғыда нендей жұмыстар атқаруда?

– Қазақстан уран өндiруден әлемдегi алдыңғы қатардағы елдердiң қатарында келедi. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы бұл бағыттағы жұмысын кешендi шаралар қабылдау арқылы жүргiзуге бет бұрып отыр. Елбасының елiмiздi әлемдегi бәсекелестiкке қабiлеттi 30 елдiң қатарынан көруге деген бағдарламасы көптеген iс-шараларды қайта қарауға итермелейдi.

«Қазатомпром» Ұлттық компаниясының уран өндiрудi қарқынды жүргiзу жөнiндегi белгiлi жоспары қазiргi жұмыс iстеп тұрған өнеркәсiп алаңдары шеңберiнде жаңадан кен орындарын iздестiруге деген ұмтылысын арттырып, оның маңызын еселей түседi. Бұл жолдағы мәселелердi шешу үшiн кен көздерiн iздестiруге деген көзқарасты түбiрiмен өзгерту қажет. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қабылданған теория түпкiлiктi көнерiп, мәнiн жойды. Кен көзiнiң қайнар бұлақ ошағы жоғары қабатта ғана пайда болады деген көзқарастың жетегiнде кетiп қалуға болмайды. Бiз өз жұмысымызбен оны Қазақстанда да, Қытайда да дәлелдедiк.   

2004 жылы «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы жаңа генетикалық концепцияның көзқарас тұрғысында уран қоры таусылды деген кен руднигiнде тәжiрибе жасап көрдiк. Жүргiзiлген жұмыстың нәтижесiнде бұрын жарамсыз деген алаңдарда кен көздерiнiң әлi де мол қоры бар екендiгi анықталды. Алайда, басталған iс компанияның геологиялық құрылымдарындағы кейбiр ықпалды тұлғалардың қарсылығы салдарынан жалғасын таппай қалды. Себебi, тағы да самарқаулық, өзiмшiлдiк.   

– Халел аға, бiз сiздi жоғарыдағы тұжырымдамаңыздан кейiн «Уран өндiрiсiнде революция жасаған тұлға» деп танығанымыз дұрыс болар. Себебi, бұл еңбегiңiздi қазiр бүкiл әлем бiлiп, өз қызығушылықтарын танытып отыр емес пе?

– Иә, бiздiң тұжырымдамамыз әлемнiң көптеген елдерiн қызықтырып отыр. 2000 жылы Бразилияда өткен геологиялық конгресте бұл жаңалыққа қызығушылар көп болды. Кезінде АҚШ, Түркия, Бразилия елдерi концепцияға өздерiнiң оңды көзқарастарын танытқан болатын. Алайда, өз елiмiзде бұл бастамаға қызығушылықтың жоқтығы менi қатты ойландырды.    

– Сiз «Қазатомпромға» қолданыста тұрған кен орындарына түпкiлiктi зерттеулер жүргiзудi ұсынып келдіңiз. Алайда, ұсынысыңыз үнемi қарсылықтарға тап келген екен. Бұл нелiктен деп ойлайсыз?

– Бiздiң елiмiз әлемде атом энергетикасының қарыштап дамып келе жатқанын ескерiп, 2010 жылдан бері жаһандағы уран өндiрудегi жетекшi елге айналуды көздеп келеді. Күнi бүгiнге дейiн жер қойнауынан шығып жатқан уран кенi шикiзат күйiнде шетел асып келсе, ендi ол отандық өнеркәсiпке пайда әкелетiн күрделi салаға айналуда.

Қазiргi кезде адамзаттың пайдаланатын энергиясының 90 пайызы жану процесiмен қамтамасыз етiледi. Соңғы жылдарға дейiн жану процесi тек қана жылу көзi ретiнде қарастырылып келдi. Осының салдарынан жану теориясы жалпы энергетикасының шеңберiнде ғана зерттелдi. Соңғы уақытта пайда болған қоршаған ортаны ластанудан сақтау, табиғи өнiмдердi өңдеу мәселелерi жану процесiнiң теориясы әлi жетелi зерттелмегендiгiн айқындап отыр.

Бiздiң елiмiзде уран өндiру iсi жақсы жолға қойылған. Оған қолайлы инфрақұрылым да жасалған. Ширек ғасырдан астам дамыған жүйесi бар кен орындарына қайтадан оралып, оларға ғылыми негiздеме жасалуы керек.

«Қазатомпром» компаниясы Қазақстандағы уран өндiрiсi 100 жылға алдын-ала зерттелген деген ойдың жетегiнде жүр. Оны кiм жасапты? Кейбiр жекелеген қызметкерлер өз мүддесiн әрiден ойлайды. Жаңадан кен орындарын iздестiрудi, оның басына инфрақұрылымдар жүргiзудi желеу етiп қыруар қаржы шашуды қалайды. Күнi кешеге дейiн менiң ұсыныстарыма кезiнде «Қазатомпромның» вице-президентi болған В.Язиков қарсылық танытып келдi. Менiңше, бұл жерде патриоттық көзқарастың болмағандығы еді. Бүгiнгi таңда әрбiр адам өз елiнiң патриоты болуы керек.   

– Халел Батталұлы, сiз өзiңiз бас болып негiзiн қалаған тұжырымдама жемiссiз де емес iспеттi. Сiзге Қытай Халық Республикасының шетелдiк мамандарға берiлетiн ең жоғарғы орденi тапсырылған екен. Қытай елi – еңбегiң сiңбесе елемейтiн халық. Жоғары награданы қандай шарапатыңызға алдыңыз?

– Қытай елiнiң жоғары марапатын сол елдегi жүргiзген геологиялық зерттеулерде қол жеткен табыстарым үшiн алдым. Бүкiлқытайлық ядролық өнеркәсiп корпорациясы менi осы жоғарғы наградаға ұсынған көрiнедi. 2001 жылғы 1 қазанда – Қытай Халық Республикасының ұлттық мерекесi күнi маған Пекин қаласында Қытай Орталық комитетiнiң хатшысы осы жоғарғы «Достық» орденiн қазақ музыкасының шырқауымен салтанатты түрде табыс еттi. Жалпы, бұл орденмен әлемнiң 17 елiнен 50-ақ адам марапатталған екен. ТМД елдерiнен 7 адам осы орденнiң иегерi болып табылады. 

– Жаңа концепция өз құпиялығын ашқан соң, оған жариялылық та қажет болар. Оның өзi Қазақ елiне және қазақ ғылымына зор құрмет алып келмей ме?

– Мiне, мәселеге осы тұрғыдан келу керек едi. Бiрақ, оған қызығушылық танытқан адамды көрген емеспiн.

Рас, шетелдiктер қызығушылық танытты. Әлемде адамның ақыл-ойын жинақтайтын қоғамдар бар. Олар сенiң жылт еткен жаңалығыңды бүге-шүгесiне дейiн зерттейдi. Бразилияда өткен халықаралық геологиялық конгресс осы тақырыпты қамтитын жинақ шығаруды қолға алды. Оған ену үшiн 300 АҚШ доллары көлемiнде жарна төлеу қажет болды. Осыған орай сол кезде тиiстi орындар тарапынан көмек сұрап, ықпал етуiн өтiнген болатынмын. Алайда, олар бұл өтiнiшiме құлақ аспады. Егер түсiнген адамға бұл Қазақстанның iрi, қуатты елдер қатарында екенiн байқату жолдары едi. Ақыры балаларымды жұмылдыра отырып, қажеттi жарнаны төлеп, халықаралық еңбекке ендiм. Менiкi қазақ ғылымын танысын деген ой едi.

– Уран  айналасында  жүрген  ғалымға  300  доллар  деген  не тәйірі?!

– Иә, ол көп қаржы болмаса керек, бірақ зейнеткер ретінде маған  үлкен салмақ салатыны анық еді. Қалай десек те, бұл жерде жаны ашымастық, көре алмаушылық тұрған еді…

 «УРАН САЛАСЫНДА ҰЛТТЫҚ МАМАНДАРДЫҢ ҮЛЕС САЛМАҒЫ БАСЫМ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында таяудағы 10 жыл iшiнде бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына ену стратегиясы баяндалған болатын. Бұл стратегияда «қоғамның барлық мүшелерiнiң бастамашылығы мен iскерлiгiне» ерекше басымдық берiлген еді. Бастамашылық қасиет экономикалық бағыттағы iс-қимылымызда өз ұстанымымызды өзгеге ұсынудың жолын да айқындап берді. Осы тұрғыда ненi басшылыққа алған дұрыс деп ойлайсыз?

– Әлем  Қазақстанды тануға аса құштарлық танытып отыр. Бiз жаһан үшiн көз қызықтырар ең жас, ең қуатты елдiң санатындамыз. Жалпы, осы дәуiр қазақ тарихындағы мүмкiндiктер дәуiрi екендiгi сезiлуде. Сондықтан қолымызда бар барлық ресурстарымыз бен ақыл-ой парасатымызды белгiлi бiр жүйеге түсiрiп жұмылдыруымыз қажет. Бiз болашақтың қайда бастап бара жатқан жаһандық моделiн аңдып отыру арқылы ғана онымен бәсекеге түсе аламыз. Қазір еліміз әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына енуге құлшыныс танытып отыр.

Елбасы ұсынған стратегиялық құжатта елiмiздiң даму серпiндiлiгiн айқындайтын көптеген жобалар халықаралық бәсекеге қатысу арқылы iске асырылатыны атап көрсетiлген. Демек, саланы инвестициялық тұрғыда тартымды ету мiндетi де өзектi бола түседi. Алайда, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан тұрақты түрде дамуы шетелдiк инвестицияларға тәуелдi болмауға тиiс. Мұның сыртында қоғамдық өмiрiмiзде орын алуы мүмкiн қолайсыз факторларды да жоққа шығара алмаймыз. Елбасының тiкелей ықпалымен Ұлттық қордың құрылуының арғы астарында осындай стратегиялық мән бар деп бiлемiз.

Республикамызда қолға алынған индустриялық-инновациялық жүйе де бiрiншi кезекте бiлiктi кадрларға деген сұранысты туғызары анық. Аталған бағдарлама мемлекетiмiздiң өркениеттi елдер қатарына енуiне қолайлы алғышарттар жасамақ.

– Ғылым деп қалдыңыз, уран кенiн өндiру саласында ұлттық кадрлар бар ма?

– Бұл бүгiнгi күн тұрғысындағы аса маңызды сұрақ. Осы уақытқа дейiн онымен ешкiм басын ауыртпады. «Кiм болса, сол болсын, жұмыс жүрiп жатса болды емес пе» деп келдiк. Соның әсерiнен ұлттық кадрлар дайындамадық. Күні кешеге дейін осы салада жұмыс iстеп жүргендер өзге ұлттың өкiлдерi болып келеді. Кейбiреулерiн зейнетте жүрсе де, қайта шақырып алдық. Өзiмнiң жасым бiразға келсе де, қатардан қалмай келемiн.

Ғылымы дамыған мемлекеттерге қызыға қараймын. Ғылым мен технологияны тең ұштастыра игерiп, оны дамытып сырт елдерге сату арқылы өздерiн де, мемлекеттi де байытып, орасан зор табыс тауып отырған ел қаншама?! Бiздiң елiмiз солардың қатарынан қашан табылады?

Рас, елiмiзде отандық технология дамымай отыр. Өнертапқыштық сала мүлдем ескерiлмейдi. Ғылыми технологияны өндiрiске, экономикаға тартуға неге ұмтылмаймыз? Сырттан келiп бiзге ешкiм ғылыми жаңалық ашып бермейдi. Сондықтан елiмiздің ғалымдарының потенциалын барынша пайдалануға жол ашуымыз керек.

Ғылымға бөлiнiп жатқан мол қаржы мақсатты игерiлу үшiн бiздiң қоғамға көптеген кедергiлерден арылу қажет. Қаржыны мақсатты салаға жұмсағанда ғана ғылымда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге болады.

Тәуелсiздiгiмiздi жариялағанымызға биыл отыз жыл. Бiрақ, осы уақытқа дейiн арнайы бағдарламамен оқыған ұлттық мамандарымыз әлі де аз. Қазақ ұлттық политехникалық университетiнде геологиялық факультет бар, енді оны жан-жақты дамытуымыз керек. Білім және ғылым министрлiгi онымен зайырлы айналысуы тиіс. Жоғарыда айтқанымдай, бiз бұл мамандықты игеру үшiн 6 жыл оқыдық. Ұрпақ ауысатын уақыт келдi. Қазiр бұл салаға технологтар мен өзге де техникалық мамандар жетiспейдi. Әсiресе, бұл салада ұлттық мамандардың үлес салмағы басым болуы шарт.  

– Қазақстанда АЭС салу жөнiндегi әңгiме ара-кiдiк көтерiлiп барып басылған едi. Елімізде АЭС салуды кешiктiру – елдiң индустриялық-инновациялық дамуын тежеу болып саналады-мыс. Маман ретiнде шындығыңызды айтыңызшы, Атом электр станциясын салудың қаншалықты қажеттiлiгi бар? 

– Чернобыль апатынан соң адамзат АЭС-тiң мүмкiндiгiне күдiкпен қарай бастады. Радиофобия атом технологиясының дамуына тежеу салды.

Адамзат атом электр станциясы елiмiздің экономикасын бiршама алға апаратынын, көптеген саладағы тәуелдiлiктен құтқаратынын әлi түсiнiп болған жоқ. Атомды бейбiт жағдайда ғылыми-зерттеулерге, атап айтсақ, радиология, медицинада, электр қуатын өндiру, радиоизотоптарды қолдану мен өндiру ғылыми негiзде қарастырылған. Батыс елдерi қазiр тұтастай атом энергетикасына көшудiң жолдарын қарастыруда.

ХХ ғасыр физиктерi адамзатқа қатер төндiретiн оттегi, сутегi бомбаларын ойлап тапты. ХХI ғасыр ғалымдарын атом энергетикасының оң имиджiн қалыптастыратын ядролық медицина, жанар-жағармай алмастыратын оттегi мәселелерi төңiрегiндегi идеялар толғандыруы тиiс. Демек, оған үрке қараудың қажетi жоқ.  

– Халел аға, уақытыңызды бөлiп, ашық әңгiмелескенiңiзге рахмет!

Әңгімелескен: Ермек Жұмахметұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here