Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ұжымы екпе алуда белсенді

0
1023

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты вакцинация көрсеткіші бойынша облыста көш бастады. Кәсіпорында төрт мыңнан аса адам жұмыс істейді. Солардың 43,3%-ы (1 787) екпенің бірінші компонентін алған. Толық дозасы 1 196 адамға (29%) егілген. Бұл Ақтөбе облысындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ал, ең жоғары көрсеткіш зауыттың бірінші металл балқыту цехында тіркелген. Қызметкерлердің 77%-ы екпе салдырған. Ұжымдық шешімнің оң нәтижесінде кәсіпорындағы коронавирус жұқтырғандар саны екі есеге азайған. Компания басшылары мен зауыт жетекшілері ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жұмысшыларға үлгі ретінде алғашқылардың бірі болып вакцина салдырыпты.

«Covid-19 індетіне қарсы вакцина салдыру немесе салдырмауды әркімнің патша көңілі біледі. Алайда, жұмысшылар мұндай жағдайда жауапкершілікті жоғары бағалады. Өйткені, біз өзіміздің ғана емес, жанымыздағы жақындарымыздың денсаулығы үшін де жауаптымыз. Біз вакцина салдыру мақсатында ешкімді күштеген жоқпыз, бірақ басқа жолы жоқ екенін түсіндірдік. Енді мен өзімнің және жақындарымның қауіпсіздігіне сенімдімін», – дейді «Қазхром» трансұлттық компаниясының президенті Арман Есенжолов.

Коронавирустан сақтанудың сенімді жолын таңдаған адамдарға компания тарапынан барлық жағдай жасалған. Екпе аламын дегендер үшін зауыттың медициналық пункті мен «Еуразия» медициналық орталығы жасақталған. Сонымен қатар, 22 маусымнан бастап вакцина салдырған жұмысшылардың еңбек демалысына бір күн қосып беріледі.

Екпе алғандар әлемді жайлаған індетті жеңудің және одан сақтанудың жалғыз жолы вакцина салып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру екенін біледі. Жаппай екпе науқанының жандануына жұмысшылар арасындағы түсіндіру жұмыстары әсер еткен. «Еуразия» медициналық орталығының мамандары кәсіпорынға барып, жұмысшылармен жиі тілдесіп отырады. Жалпы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, басқарма қызметкерлері және Дөң тау-кен байыту комбинатында жалпы саны 12 мың адам еңбек етеді. Қазір күніне орта есеппен 80 адам екпе салдыруда. 8 сәуірден басталған екпе жұмыстары бірінші компонент бойынша 23,5%-дан, екінші компонент бойынша 16,2%-дан асты.

№5 Ақтөбе қалалық емхана бөлімінің меңгерушісі Гүлайна Исимова ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін әр кәсіпорынның кем дегенде 70%-ы екпе алуы маңызды екенін айтады.

«Барлық ұйымдар да осындай вакциналау шараларын ұйымдастырғаны өте маңызды. Осылайша, халықтың кең ауқымы қамтылып, коронавируспен күрес мүмкіндігі еселенеді. Көшпелі іс-шаралар кезінде біз вакцинаны сақтауға және тасымалдауға қойылатын барлық санитарлық талаптарды сақтадық. Екпе материалы арнайы контейнерлермен тасымалданады», – дейді Гүлайна Исимова.

Осы өңірдің иммунолог дәрігері Ләйлә Нұржанова қазіргі кезде вакцина салдыруға ниеттілер саны артқанын айтады.

«№2 Ақтөбе қалалық емханасы бойынша 11 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Ал, 5 мыңға жуығы екі дозасын да салдырды. Жалпы, дәрігер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ақпан айынан бастап вакцина қабылдады. Ақтөбеге жеткізілген төрт түрлі вакцина да емханаға берілді. Қазіргі кезде тек «Спутник V» вакцинасын салып жатырмыз. Адам көп. Күніне шамамен 250-300 адам келеді. Жұмыс 9:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс тоқтамайды. Шын мәнінде, кешкілік жұмыстан шығып келетіндер көп. Талап бойынша екпе салдырмас бұрын дәрігерлер тексереді. Жүкті әйел, онкологиялық ауруға шалдыққандар мен химия терапия алып жүргендер вакцина салдырмайды. Созылмалы дертке шалдыққандар қазір өзін жақсы сезінсе, вакцина салдыра береді. Туа бітті сал ауруымен ауыратындар, инсульт алғандар да иммундау жұмысына қатыса алады. Сөйтіп, әр адамның денсаулығына, жағдайына жеке қарап, шешім шығарамыз. Адамдар үшін емханада барлық жағдай жасалған. Бірінші және екінші компонентті екі бөлек кабинетте қабылдайды. Үш күн бойы дәрігерлерімен байланысып, өз жағдайын айтып тұрады. Орны сыздап, басы ауырғандар болды. Олар тек 2-3 күн өзін жайсыз сезінді. Өзімде де вакцинаның орны ауырды. Қатты ауырып, ауруханаға түскендері кездеспеді. Жасы 80-нен асқан адамдар да келіп, алғысын айтып кетіп жатыр. Шынымды айтсам, алғаш күннен бері зейнеткерлер белсенді. Адамның көп келуі бізді қуантады», – дейді Ләйлә Нұржанова.

Күні кеше Тедрос Адханом Гебрейесус өзі басқаратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022 жылдың қыркүйегіне дейін әр мемлекет халқының кемінде 70 пайызына екпе салу мақсатын қойып отырғандарын мәлімдеді. Онсыз көзге көрінбейтін жауды жеңу мүмкін еместігін тағы қайталады. Карантин шектеулері де әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Сондықтан жақын арада қалыпты өмірге оралмаса, жағдай күрделене түседі. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде әлемде 4,13 млн адам коронавирустың құрбаны болды. Бұл – Кувейт халқына тең көрсеткіш. Яғни, 1,5 жылға жетер-жетпес уақытта тұтас бір елдің халқы қырылып қалды деген сөз. Сондықтан екпеден саяси астар іздеу орынсыз. Әр адам екпені өзінің және айналасының саулығы үшін саналы түрде алуы керек. Осындайда «Ауырып ем іздегенше,​ ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі.​

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here