Академик Сағадиев

0
2950

Жақында Алматы қаласының Төлебаев көшесінде орналасқан 139 үйдің қабырғасына ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиевтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ғалым осы үйде біраз жыл тұрып, еліне қызмет еткен еді. Игі шара Халықаралық бизнес университетінде жалғасты. Академиктің өзі негізін қалаған бұл жоғары оқу орнында оның ескерткішінің шымылдығы ашылды және ХБУ-дің Ғылыми Кенесінің шешімімен университетке ғалымның аты берілді. Ал, оның алдында академикке туған елінде ескерткіш қойылған болатын. Облыс орталығы Қостанай қаласына кірер тұстағы Тобыл өзені жағалауына орнатылған қайраткердің мүсінін ашу құрметі академик Сәбит Байзақов пен замандас досы Кәкімжан Кәрбозовқа берілген еді. Сәбит Байзақовтың сол салтанатты рәсімде сөйлеген сөзін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

Алматы қаласының Төлебаев көшесінде орналасқан 139 үйдің қабырғасына Кенжеғали Сағадиевтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Академиктің өзі негізін қалаған Халықаралық бизнес университетінің алдында оның ескерткіші ашылды

Қадірлі Қостанай елі, қала жұрты!

Әуелеп ұшқан құстың қонатын, жүгірген жанның тоқтап мәңгіге дамылдайтын кезі болады. Сонда бәрінің баратыны – қара жер. Қай өлімнің де – алды тұйық, арты – қайғы мен қасірет.

Жыл жарымға созылған мына апат жер жүзіне мылтықсыз майдан ашты. Кішігірім соғыс зардабын әкелді. Әлі қанша ойран салатынын ешкім білмейді. Қазір кей елдерде оның төртінші толқыны басталып жатыр.

Қайдан тарағаны белгілі болғанымен, кінәлі жоқ. Біреулер адамға, басқалар табиғатқа сілтейді. Шындық осылардың ортасында болып қалуы әбден мүмкін. Адами ізденістер табиғи өзгерістерге әкелсе, оның қолдан шығып кетуі ықтимал нәрсе. Алпауыт елдер бірінен бірі көреді. Қытайға барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары шарасыздық танытты. Қалай болғанда да, бейбіт ел, жазықсыз жұрт кінәсіз, сұраусыз өлімге тап болуда.

Қостанай қаласына кірер тұстағы Тобыл өзені жағалауына қайраткердің ескерткіші орнатылды

Біздің аяулы Кенжеғали Әбенұлы да осы аурудың салдарынан өмірден озды. Бәріміз күтпеген, ойға келмеген қайғыға батып, қасірет кештік. Мен үшін Кенжеғали ағаммен қоштасу жаныма түскен жара, емі жоқ дерт болды.

Кенжеғали Әбенұлының ғылыми ізденістері өз уақытында әр деңгейде Мәскеудегі зерделі экономикалық ой орталықтарында сыннан өтті. Алдымен ол Плеханов институтының аспирантурасында оқыды. Кейін сол институтта 39 жасында қорғаған докторлығын кеңес мүшелері бірауыздан үлгілі деңгейде қорғалған ғылыми жұмыс деп атапты. 

Академик Сағадиев біртуар, асқан эрудит, биік интеллект иесі болатын. Республикамыздың саф алтындай кадрлар қорының шоқтығы биік тұлғасы еді. Маған Кенжекеңсіз қазақ білімі мен ғылымы ғана емес, қоғамдық ойы да ортайып қалғандай көрінеді.

Кенжеғали Әбенұлы сыңар туған жүйрік, өзімен өзі жарысқан, даралық та өзіне жарасқан жан еді. Қандай топқа тайсалмай кіретін, қаймықпай қарсы жүретін, ордалы жиындарда ойлы сөз айта білетін, көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметке бөленетін, тайталасқа түссе жеңілмейтін күрескер еді.

Кенжеғали Әбенұлының қабілеті де, мүмкіндігі де мол еді. Оларды мезгілінде ел игілігіне сарқа пайдалана алдық деп те айта алмаймыз. Осы ойларымды қысқа түрде «Егемен Қазақстан» газетінде «Қош, Кенжеке» деген қазанамамда басқызып едім, мың болғыр Жанұзақ Аязбеков мырза «Қостанай таңында» да шығарды. Арамызда оны, басқа да Кенжекең туралы мақалаларымды оқыған кісілер бар болар.

Бір үлкен үкімет жиналысында қазақ ғылымының пайғамбары іспеттес академик Салық Зимановтың «Сагадиев как президент НАН РК в трудные годы кризиса сумел предотвратить распад научно-технической базы и основного ядра кадрового потенциала академии. Он – личность достойная кабинета любого правительства», – деген сөзі әлі есімде.

Кенжеғали Әбенұлы Қостанай-Торғай өңірлері арқылы бүкіл қазақ даласына алғашқы ағарту ісінің дәнін сепкен Ыбырай Алтынсаринмен, кезінде қазақ ғылымының алғашқы басшысы, халықтың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлымен арналас, жалғас ұрпақ екенін ешқашан ұмытқан емес. Бұл сабақтастықты Кәкімбек Салықов мынадай өлең жолдарымен жеткізген еді:

Аруағы жебегендей Ыбырайдың,
Ұстаз боп, білім егіп, түбір жайдың,
Ақмола болды сонда құтты мекен,
Жарығы молдау түскен жұмыр айдың.
Көз салсам бүгінің мен кешегіңе,
Ұқсайсың ұлағатты көшеліге.
Бойыңда туа біткен бір ұшқын бар,
Ахметтей тартқан Алаш көсеміне.

Ал өзіміздің Ғафаң, Ғафу Қайырбеков Кенжекең Академия президенті болып сайланғанда «Мақтанышта шек жоқ, қуанышта тек жоқ. Арада 60 жыл өткенде Ахаң туған ауылдан, сол кіндіктен сен шықтың. Бұл – мен үшін де, туған топырақ үшін де – ұлы мақтаныш. Құдайға мың шүкір, Аруаққа мың алғыс, осыны көзім тірі кезімде көргеніме», – деген екен.

Ұлттық ғылым академиясында Қостанай облысынан жетеуіміз мүше едік. Олардың ішінде ел мақтаныштары, марқұм Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев, Фазылхан Бәйімбетов, Сағындық Сатыбалдин, Ғабдығапар Сейтқасымовтар болатын.

Өмекең мен Кенжекең екеуі де еліміздің нарыққа көшу кезеңінде Қазақстан ғылымының көшін бастап, академияға республика басшылары қырын қарағанына қарамай жанқиярлықпен еңбек етті.

Сондай жағдайда жүрсе де, Кенжеғали Әбенұлы қысқа мерзім ішінде ғылым академиясын республиканың рухани-мәдени орталығына айналдырып жіберді. Оған Ұлттық ғылым академиясы Ұлықбектің 600 жылдығына, қырғыз эпосы «Манастың» 1000 жылдығына, Абайдың 150 жылдығына орай өткізілген шаралар мен Жазушылар одағымен бірге жүргізілген бірнеше конференциялар дәлел бола алады.

Академик Сағадиев Қазақстанның соңғы ғасырлар тоғысындағы ғұлама ғалымы, кемеңгер қайраткері екеніне ешкім таласа алмайды. Ол аумалы-төкпелі кезеңде халықтың рухани өмірінің ауыр жүгін арқалаған қазақтың Қаныш Имантайұлы Сәтбаев деңгейлес ұлы перзенті, тағылымы мол дара тұлға, сөйлесе шешен, бастаса көсем кісі еді.

Кенжеғали Әбенұлы қызметте өзін де, өзгені де босаңсытпайтын, қатаң талап қоятын басшы болды. Кімнің қандай іске икемі барын тез танып, адамдарды өз қабілетіне байланысты орналастыратын. Жүздеген, тіпті мыңдаған адамдарды ұйымдастыру оның үйреншікті ісі еді.

Кенжекең екі тілде мүдірмей сөйлейтін. Бір айтқан сөзге қайта соқпайтын. Сөйлеген сайын тыңдаушыны өзіне тарта түсетін. Оның қатынасуымен өткен күнделікті отырыстар шағын конференцияларға, ал ғылыми семинарлар – үлкен форумдарға айналып кете баратын.

Кенжеғали Әбенұлы 4 жоғарғы оқу орнында ректор болды. Ұлттық ғылым академиясын басқарды. Республика Парламентінің екі шақырылымының депутаттығына сайланды. Ол Қазақстанның білімі мен ғылымын, құқықтық нормалары мен қоғамдық ойын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.

Қоғам алдындағы еңбегі үшін Кенжеғали Әбенұлы КСРО және ҚР-ның 3 орденімен, 4 медалімен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағын алды. 2 шет елдік және 3 республикалық академиялардың мүшесі болып сайланды, Кембридждің халықаралық өмірбаяндық орталығының «Жыл адамы» атағын алды.   

Академик Кенжеғали Сағадиевтің орасан зор ғылыми-өндірістік, мемлекеттік және қоғамдық қызметі өз көзі тірісінде 12 томдық кітаптарында қатталып үлгерген болатын. 

Бүгінгі шара Кенжеғали Әбенұлының үлгі-өнегесін өскелең ұрпаққа республикалық деңгейде таныстырып дәріптеуге, оны есте сақтауға бағытталған көп істердің алғашқысы болғалы тұр. Оған өзі туып-өскен өлкенің жетекшілері мен жерлестерінің қолдау көрсетуі іш жылытады.

Осы жерде айта кетуім керек. Ағамыз туған өлкесінің игі жақсыларымен етене араласты. Біразының кәсіби өсуіне жол ашты. Ол жергілікті мұқтаждықтарды жақсы білді. Кезінде жол, мектеп, су мәселелерін шешуге қолынан келген жәрдемін аяған жоқ. Жастардың жоғарғы оқу орындарында оқуына қамқоршы болды.

Қадірлі жерлестер, арамызда Кенжеғали Әбенұлының жары Нағытай Әбітайқызы да бар. Балаларын, немерелерін, туыстарын ертіп келіп отыр. Өзі де үлкен ғалым, экономика ғылымының кандидаты, доцент. Кенжекеңнің ғылым мен қызметке құлашты кең сермеуіне даңғыл жол ашқан кісі.

Жақында ғана Нағытай Әбітайқызынан тағы бір жақсы сөз естідім. Академик Ерлан Сыдықов өзінің Құнанбай туралы кітабын «Кенжеке, сізді заманымыздың Құнанбайы деп есептеймін», – деген жазумен сыйлаған екен. Осы орынды ой мен зор бағаны жалғастыра отырып, Кенжеғали Әбенұлының ізі көмескіленбейтініне, Тобыл-Торғай өңірін асқақтата түсетін, алдымызда тұрған ескерткіште бейнеленгендей, талай жаңа толқындағы Толағай ұрпақтар жалғасын табатынына сенемін.

Сәбит БАЙЗАҚОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here