Гогольдің басы: Ақиқат пен аңыз

0
2271

Орыстың сөз зергері Николай Гоголь (1809-1852) туралы аңыз-әңгімелер мен алып-қашпа сөздер көп тараған. Айталық, осыдан 90 жыл бұрын – 1931 жылдың 31 мамырында Мәскеудегі Данилов шіркеуінде Гогольдің қабірі ашылып, мәйіттің басы жоқ екендігі анықталды. Кейіннен бұл әңгіме жоққа шығарылды. Дегенмен, жаңа деректерді зерттегендер бас сүйектің ұрланғанын жазған. Сол тұста Гогольдің жанында жерленген басқа достарының да мәйіті ашылған. Нақтырақ айтсақ, орыс ақыны Алексей Хомяков, әйелі Екатерина Языкова және оның бауыры қайта жерленген. Қазба жұмыстарының мақсаты зират жабылып жатқандықтан олардың мәйіттерін басқа жерге жерлеу болатын. Алайда, мәселе соңғы ашылған Гогольдің қабірінен басталды.

БАССЫЗ ҚАЛҒАН ГОГОЛЬ

Қабір кірпіштен қаланғандықтан кешке дейін қазылды. Жазушының барлық дене мүшесі өз орнында әрі еменнен жасалған табытта дұрыс сақталған, бірақ басы жоқ болып шықты. «Табытта мәйіт бассыз болды. Гогольдің денесі мойнынан басталған. Марқұмның үстінде қоңыр түсті пальто, тіпті ішіндегі ақ көйлегі, табанының қалыңдығы 4-5 сантиметр болатын аяқ киімі де жақсы сақталған. Осыған қарап Гогольдің бойы орташа болғанын аңғаруға болады. Марқұмның басы қашан және қандай себеппен жоғалып кеткені құпия болып қалды» деп жазған сол кездегі қазба жұмыстарына қатысқан жазушы Владимир Лидин. Бұл оның «Гогольдің күлін көшіру» атты қойын дәптерінде жазылған. Ол оны машинкамен теріп, қолын қойып, ақын досы Борис Земенковқа сыйлаған. Танымал мәскеутанушы арада 8 жыл өткен соң «Гоголь Мәскеуде» атты кітапты жарыққа шығарды. Бірақ, онда жоғалған бас туралы жазылмады. Өйткені, ол өте қауіпті дерек болатын. Ол туралы ақпаратты басып шығару да қауіпті еді. Земенков құпияны өмірінің соңына дейін сақтады. 1960 жылы жазушының жесірі барлық қолжазбалар мен құжаттарын Мәскеу мұражайына тапсырды. Олар оны 1994 жылы «Ресей архиві» басылымына қайта шығарып, көпшілікке жария етті.

Данилов шіркеуіне қайта оралсақ. Гогольдің жоғалған басы туралы қажетті органдарға хабар берілді. Жоғарыдан бұйрық түсіп, барлығын қаз-қалпында қайта көмуді тапсырған. Ертесі күні жазушының мәйіті Новодевич зиратына жерленді. Оқиға куәгерлерінің барлығына бұл туралы тіс жармауды бұйырды. Мәйітті тексеру, тергеу жұмыстары жүргізілмеді. Тек қабірдің ашылғаны туралы және қайта көмілгені жазылған құжатта 16 адамның қолы қойылыпты.

КҮНДЕЛІК ҚҰПИЯСЫ

Уақыт өткен сайын құпия аңызға айналып, ол туралы әр уақыттарда айтылып жүрді. Танымал тарихшы Алексей Орешников 1931 жылы 2 маусымдағы жазған күнделігінде былай деген: «Кеше Данилов шіркеуінен Новодевич зиратына Гогольдің, Хомяков пен Языкованың мәйіттерін көшірдік, бірақ Гогольдің табытында басы болмай шықты. 1909 жылы Бейнелеу өнері театры Гогольдің қабіріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жоғалған болуы мүмкін. Мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған». Бұл нұсқа да шындыққа жақын. Өйткені, Орешников жұмыс істеген тарихи мұражайдың қызметкерлері қазба жұмыстарына қатысқандықтан, ол бар шындықты әу баста білген.

Айта кетейік, бұл оқиға жазушылар арасында да айтыла бастаған. Өйткені, қазба жұмыстарына қаламгерлер де қатысқан. Ол туралы арнайы қызмет өкілі, дипломат және танымал жазушы Александр Аросевтің де естелігінде сақталған. Естелікті 2014 жылы жазушының қызы актриса Ольга Аросева баспадан шығарды. Кітапта «Бірнеше күн бұрын Иванов, Павленко және Тихонов қазба жұмыстары туралы айтты. Нақтырақ айтсақ, Гоголь, Хомяков және Языкова зираттарын ашып, Гогольдің басын таппаған. Оны біреулер ертерек алған және басқалары сияқты. Бас сүйек біреудің үйінде сақтаулы тұрған болар. Оның Гоголь екенін анықтау қиын. Біреулер қабырға сүйектерін ұрлап кетіпті. Биік өкшелі етігін шешіп алып, Поленов мұражайына жолдаған. Языкова жерленген табыттың беткі ағашы шытынап, басы көрініп қалған. Өте қорқынышты» деген жолдар бар.

АҚИҚАТҚА БЕРГІСІЗ АҢЫЗ

Байқап тұрғандарыңыздай, көптеген жаңа әрі түсініксіз деректер пайда болды. Нақтырақ айтсақ, тек Гогольдің ғана емес, барлық үш мәйіттің де басы болмаған. Бұл арифметикалық қателіктің қайдан шыққанын Владимир Лидиннің жазбасынан ұға бастағандаймыз. Ол өзінің кітапшасында үш бас сүйек құпиясы туралы былай жазған: «Мен бір аңызды естідім: 1909 жылы Мәскеудегі Пречистенский гүлзарына Гогольдің мүсінін орнату кезінде, оның зиратына да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жәдігер жинаушы, театралды мұражайдың құрылтайшысы Алексей Бахрушин Данилов шіркеуінің қызметкерлеріне Гогольдің бас сүйегін алып беруді бұйырған. Шынымен де, Бахрушиннің театралды мұражайында тегі белгісіз үш бас сүйек бар. Болжам бойынша, біреуі Щепкиннің бас сүйегі, екіншісі Гогольге тиесілі, үшіншісі белгісіз. Осы әңгіменің шындық немесе жалған екенін білмедім. Осы әңгімені кімнен естігенім де есімде жоқ».

Осы аңыз сол жылдары Мәскеуде жиі айтылатын. Оның бірінде Бахрушиннің жеке кеңсесінде атақты актер Щепкиннің бас сүйегі тұратын. Ол Гогольдің досы әрі барлық пьесаларында ойнаған. Жазушының бас сүйегі болса сәнді қобдишада сақтаулы тұр. Басқа аңыздарда Бахрушин медициналық қорапқа тығып қойғандығы айтылады. Өйткені, оны тауып алған жағдайда, ол  дәрігерлердің қобдишасындағы затқа жауапты еместігін айтып ақталар еді.

Кейін аңыздың түрлі нұсқалары жалғасын таба берді. Гогольдің ұрпағы Яновский бабасының басын Бахрушиннен алып, Италияға апарып жерлемек болған.

ШЫНДЫҚ ТҮБІ АШЫЛАДЫ

Бұл аңыздар 2009 жылы Николай Васильевичтің 200 жылдық мерейтойын атап өту кезінде де айтылды. Осы күнге дейін халық арасындағы қиял ғажайып әңгімелер деректерден басым түсіп келді. Таңғажайып ертегіге қызығушылар бұл әңгімелерге сеніммен қарады. Тарихшылар болса мәселеге аңыз ретінде қарап, Владимир Лидиннің жазбасына жауапсыздық танытты. Тіпті, жазбаны бірінші сәуірдің қалжыңына балады. Өйткені, кітапшада бірінші сәуір күні белгіленген еді.

Жақында ғана Гогольдің басы жоғалғаны туралы нұсқа дәлелденді. Шындығында, бұл оқиға елеусіз қалып, ғаламтордағы басқа ақпараттар басып кетті. Өйткені, бұл ақпаратты жазушы сары басылым немесе ғаламтордағы басқа парақша емес, ғылыми басылым жариялаған болатын. Танымал археолог Леонид Беляев «Некрополь Данилова монастыря в Москве XVII-XIX вв.: историко-археологические исследования 1970-2000-х годов» атты кітап жазып, бір тарауын Гогольдің бірінші зиратының қазба жұмыстарына арнаған.

Ғалымның пайымдауынша, айтылған көп нұсқаның ішінде біреуі ғана шындыққа жанасады. Айталық, 1909 жылғы ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде жер мәйітке дейін терең қазылған. Сол кезде мәйітке зақым келсе керек. Ал, оны алу кезінде бас сүйек денеден ажырап, байқаусызда жерге түсіп қалуы мүмкін. Өйткені, Гоголь жерленген мәйіттің қасынан бас пен денені біріктіріп тұратын жұлын табылған болатын. Оның үстіне археологиялық қазба жұмыстарында мұндай жағдай жиі орын алып тұратынын да ескеру қажет. Бұл – бір. Екіншіден, тәуелсіз сараптама нәтижесі де табылған мойын сүйектің Гогольге тиесілі болу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетті.

Тарих ғылымдарының докторы Леонид Яблонскийдің тұжырымдамасында былай делінген: «Сараптамаға ұсынылған мойын сүйек 40 жас шамасында қайтыс болған, бұлшық еттері шымыр емес және орташа бойлы ер адамға тиесілі». Бұл Гогольдің қайтыс болған жасы мен дене бітіміне сай келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Байқағандарыңыздай, халық арасында Гогольдің басына қатысты нұсқалар аз емес. Соның біразына жоғарыда тоқталдық. Ұрлық туралы сөз болғанда коллекционер Бахрушин басты күдіктіге айналады. Жәдігер жинауға құмар оның олай жасауға мүмкіндігі де мол болды. Дегенмен, көп жорамалдың ішінен Леонид Беляев нұсқасы шындыққа жақын келеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here