Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек

0
2576
Барлығы 892 кандидат Мәжіліс депутаты болудан дәмелі, осылайша кандидаттар саны бойынша бұл науқан 19 жыл бұрынғы рекордты жаңартуға бір табан жақын болды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қаңтардағы Жарлығымен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат таратылып, кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді. Былтыр Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша енді 27 күннен кейін Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін бұрынғы сайлаудан өзгерек болғалы тұрған алдағы сайлаудың ерекшелігіне тоқталады.

ОН ТОҒЫЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН
ҚАЙТА ОРАЛҒАН
МАЖОРИТАРЛЫ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ

Он тоғыз жылдан кейін қазақстандықтарға жеке тұлғалаларға дауыс беру арқылы Мәжіліс депутаттарын сайлау мүмкіндігі қайтарылды. Біріншіден, бұл Қазақстан Конституциясына былтыр енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың арқасында мүмкін болды. Екіншіден, түрлі себеппен ешқандай партияға мүшелікке өтпеген белсенділерге Мәжілістегі орындар үшін бәсекелесуге жол ашылды.

Ата заңға түзетулер енгізу туралы жаздағы референдумның босқа өтпегенін осы сайлау науқаны растап отыр. Неге десеңіз, мажоритарлы жүйе арқылы депутат болуға ниет білдірген кандидаттардың қарасы көп. Ал, сан болған жерде сапа да, бәсекелестік те болатыны даусыз.

Әуелі сандарды сөйлетейік. Орталық сайлау комиссиясы 18 ақпанда үміткерлерді тіркеуді аяқтады. Содан Мәжіліс сайлауына ресми тіркелген жеті партиядан 283 кандидат партия тізімі, 609 кандидат мажоритарлы жүйе арқылы ұсынылды. Яғни, барлығы 892 кандидат Мәжіліс депутаты болудан дәмелі. Осылайша, кандидаттар саны бойынша бұл науқан 19 жыл бұрынғы рекордты жаңартуға бір табан жақын болды. Әрине, сөзіміз жалаң болмас үшін өткен күндерге сәл шегініс жасайық.

Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет 1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары сайланды. Сол тұстағы бір палаталы парламентке сайлануға 910 кандидат бағын сынады. Соның ішінде 177 кандидатқа парламенттен орын бұйырды. Заң шығарушы органға 135 депутат мажоритарлы жүйе, 42 депутат (президент тағайындаған) мемлекеттік тізім бойынша өтті. Салық Зиманов, Тоқтар Әубәкіров, Шайсұлтан Шаяхметов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартаев, Герольд Бельгер, Олжас Сүлейменов, Қуаныш Сұлтанов, Дәулет Тұрлыханов, Оразалы Сәбден, Әсия Беркенова сияқты елдің құрметіне бөленген тұлғалар азат елдің тұңғыш парламентіне барды.

Байқасақ, 19 жыл бұрынғы сайлаудағы кандидаттар саны қазіргіден 18 адамға артық болғанымен, бірақ сол тұңғыш сайлауда бір мандатты округтердің саны қазіргі сайлаудан 4,5 есе көп болды (135 VS 29). Яғни, мажоритарлы жүйе арқылы әр орынға орта есеппен бұрын 6 кандидаттан келсе, бүгін 21 кандидаттан келеді.

Бір жарым жылдан кейін Жоғарғы Кеңес таратылды. Оның орнына екі палаталы парламент – Сенат пен Мәжіліс пайда болды. 1995 жылдың соңында мажоритарлы жүйе бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. Саяси додаға 321 кандидат тіркелді. Соның ішінде 141 кандидат өзін-өзі ұсынды, 180 кандидат партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің атынан қатысты. Демек, 67 мандатқа орта есеппен 5 кандидаттан келді. Мәжілістің бірінші шақырылымы депутаттарының қатарына Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Заманбек Нұрқаділов, Құдайберген Сұлтанбаев, Қаратай Тұрысов, Дәулет Тұрлыханов сияқты халықтың ортасынан шыққан қайраткерлер енді.

Мәжілістің келесі сайлауы алғаш рет аралас жүйе бойынша өтті. Дегенмен, 1999 жылғы сайлауда бұрынғыдай 67 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланды. Барлығы 597 кандидат депутат болуға ниет білдірді. Әр орынға орта есеппен 9 кандидаттан келді. Оның үштен екісін өзін-өзі ұсынғандар құрады. Олар 26 округте жеңіске жетті. Екінші шақырылымда Амангелді Айталы, Серікболсын Әбділдин, Ұзақбай Қараманов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Жармахан Тұяқбай, Ғани Қасымов, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов сияқты мықтылар төбе көрсетті. Жұрт оларды Мәжіліс тарихындағы жұлдызды құрам деп санайды. Ғасырлар тоғысындағы сол парламент мінберінен ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған Шерағаңдар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді ашық көтере білді.

2004 жылғы Мәжіліс сайлауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Бес жыл бұрынғы талап пен тәртіп сақталды. 67 мандатқа 681 кандидат таласты. Орта есеппен бір орынға 10 адамнан келді. Бұл жолы өзін-өзі ұсынғандар саны аз болды. Оған сайлауға 12 партияның қатысуы кері әсер етсе керек. Екінші шақырылымдағы кейбір депутаттардың  қатарына халыққа танымал Мұхтар Шаханов, Кенжеғали Сағадиев, Дариға Назарбаева, Нұртай Сабильянов қосылды.

Парламент Мәжілісінің үшінші шақырылымынан кейін Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас жүйесінен бас тарту туралы шешім қабылданды. Келесі төрт сайлау науқаны кезінде, атап айтқанда, 2007, 2012, 2016 және 2021 жылдары қазақстандықтар тек партияларға ғана дауыс берді. Ал, партия мандатты тізім бойынша бөлді. Осы жүйенің салдарынан Мәжілісте көпшілік тани бермейтін депутаттар пайда болды.

Әрине, парламентті қалыптастырудың қай қағидасы оңтайлы екендігі туралы көп пікірталас жүргізуге болады. Оған қатысты әркімнің өз айтар уәжі бар. Бір жағынан, сайлаудың пропорционалды жүйесі партиялардың елдің саяси өміріндегі рөлін арттырады. Екінші жағынан қарасақ, партиялық тізімдер бойынша депутаттарды сайлау олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін төмендетеді. Яғни, көп жағдайда олар халыққа емес, өзі тағайындаған партияға қызмет етеді.

Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейтінін ескерсек, сайлаудың аралас жүйесіне қателіктер арқылы қайта оралғанымызға түсіністікпен қарауға болады. Оның үстіне ештен кеш жақсы.

БӘСЕКЕ БОЛМАЙ, БӘЙГЕ ЖОҚ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылық еткен саяси реформасымен Мәжіліс депутаттарын сайлаудың мажоритарлы жүйесі арамызға оралды. Президенттің шешімі дұрыс болғаны осы сайлау науқанында бір мандатты округтер арқылы өзін-өзі ұсынған кандидаттардың көптігінен байқалады. Бәсекелестік деңгейін арттыру, интриганы күшейту, саяси амбициясы бар белсенділердің төбе көрсетуі, олардың өз мақсаттарын өркениетті түрде – сайлаушылардың дауыстары үшін күреске қатысу арқылы жүзеге асыруы сияқты факторлар мажоритарлы сайлау жүйесінің артықшылығын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, семіп қалған сайлаудың тамырына қайта қан жүгірді.

Жоғарыда жазғанымдай, Мәжілістің сегізінші шақырылымындағы 29 орынға 609 кандидат таласады. Үміткерлер арасында бәсекелестік қыза түсетіні сөзсіз. Тіпті, онда биліктің оппонентері де, танымал қайраткерлер де, қоғам белсенділері де бар.

Бәсекелестік Астана мен Алматы қалаларында жоғары болмақ. Қолда бар соңғы статистикаға сүйенсек, кандидаттардың аты-жөні елордалық сайлаушылар алатын бюллетеньдерде көп жазылады. Мысалы, сайлауға №1 округ бойынша 63 кандидат ұсынылды. Басым бөлігі «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар екен. Арасында бұрынғы үш депутат та бар. Олар – грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов, қоғам белсендісі Тәңірберген Бердоңғар және саясаткер Уәлихан Қайсаров. Үшеуі де өзін-өзі ұсынғандар (Дәулет Тұрлыханов «Amanat» партиясынан қатысады). Танымалдығы олардан кем емес алаштанушы Сұлтанхан Аққұл мен жеті рет Гиннесс рекордын жаңартқан қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби марафоншы Марат Жыланбаев та мәжілісмен болудан үмітті. Желмен жарысқан желаяқ соңғы жылдары оппозициялық көзқарасымен ерекшеленіп жүр.

Бір мандат үшін бәсекеге түсетін 63 кандидат астаналық №2 округте де тіркелді. Танымал тұлғалар мұнда да көп. Бәрі де өзін-өзі ұсынғандар. Атап айтқанда, қоғам қайраткері әрі кәсіпкер Арман Шораев, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы, экс-депутат Бақытбек Смағұл, отандық футболда айшықты орны бар атақты қақпашы Давид Лория, «Amanat» партиясынан кино және театр актері, Астана циркінің бас директоры Ерік Жолжақсынов, «Ауыл» партиясынан Қазақстан президенттігіне үміткер экс-кандидат, саясаткер Төлеутай Рахымбеков, жаңадан тіркелген «Байтақ» партиясынан оның жетекшісі Азаматхан Әміртай бағын сынап көреді.

Алматы қаласында да кандидаттар арасында бәсекелестік жоғары. Айталық, №3 округ бойынша 49 кандидат өз күшін сынап көруге шешім қабылдады. Оның ішінде оппозиция өкілдері – журналистер Ермұрат Бапи мен Инга Иманбайды және Халық әртісі, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұловты ерекше атауға болады. Бұл округте негізгі тартыс осы үштік арасында өтетін шығар.

Дәл осындай кандидаттар саны №4 округте де тіркелді. Мұндағы танымал кандидаттар арасында саяси партия құруды мақсат еткендер кездеседі. Партияларын тіркеп үлгермесе де, соңғы уақытта ел аузынан түспей жүрген Санжар Боқаев пен Тоғжан Қожалы мажоритарлы сайлау жүйесінің игілігін көрмек. Депутат болудан 72 жастағы экс-депутат Серік Әбдірахманов пен былтыр сексеннің сеңгіріне сергек шыққан Амантай қажы Асылбек те үмітті.

Тағы бір Алматы қаласының №5 округінде 45 кандидат Мәжілістің бір мандаты үшін күреседі. Кандидаттардың көбін білім саласының өкілдері құрайды. Мәселен, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Халықаралық бизнес университетін басқарып отырған ректорлар да депутаттықтан дәмелі. Оларға Қаңтар қырғынынан кейін жалпақ жұртқа танылған орыстілді журналист Динара Егеубаева, қоғам қайраткері, кәсіпкер Мұхтар Тайжан, танымал дәрігер Қайырғали Қонеев, отандық сайлау науқанының ардагері, белгілі эколог Мэлс Елеусізов және басқалары қарсылас болады.

Өңірлер арасында ең көп кандидаттарды Алматы мен Ақтөбе облыстары ұсынды. Өңірлерде көбіне жергілікті халыққа танымал белсенділер сайлауға түседі. Ал, оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбай сайлауға Алматы облысынан (№11 округ) түсуді құп көрген екен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сайлаудың пропорционалды жүйесі елдегі онсыз да саны аз партиялардың саяси рөлін арттыра алмады. Оған Мәжілістің соңғы төрт шақырылымында жалғыз «Нұр Отан» (Amanat) партиясының басым мандатқа ие болғаны дәлел. Бұл – бір. Екіншіден, елде саяси партия құрудың күрделі талап-тәртібі 20 жылдай уақыт бойы жаңа партиялардың пайда болуына мүмкіндік бермеді. Ата заңдағы соңғы өзгерістер осы олқылықтардың орнын толтырды. Енді мажоритарлы сайлау жүйесі жаңа тұлғаларды таңдауға жол ашты. Саяси реформа жаңа екі партияның тіркелуіне алып келді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here