Жаңа талап: Енді өзбек тілін білмеген адамның азаматтық алуға құқығы жоқ

0
3065

Өзбекстан азаматтық алу ережелерін қатаңдатты. Енді азаматтық алғысы келетіндер алдымен өзбек тілін білуге міндеттеледі. Бұл Ташкенттің тіл заңнамасын алғаш рет қатаңдатқаны емес. Мәселен, көктемде Әділет министрлігі іс-қағаздарды орыс тілінде жүргізген шенеуніктерге айыппұл салуды ұсынған болатын.

ЗАҢНЫҢ ЖАҢА РЕДАКЦИЯСЫ ӨЗБЕК ТІЛІНІҢ ПАЙДАСЫНА ШЕШІЛДІ

Өзбекстанда азаматтық туралы заңның жаңа редакциясы күшіне енді. Жалпы тәртіп үміткердің республикада бес жыл тұруы, заңды табыс көзінің болуы, конституцияны сақтауы және «қарым-қатынас үшін қажетті деңгейде» мемлекеттік тілді білуі тиіс екенін көрсетеді.  Енді Өзбекстан үкіметі тілді білу деңгейінің нақты көлемін бекітуі керек.

Қолданысқа енген заң азаматтық алудың жеңілдетілген және ерекше тәртібін де қарастырады. Оның бірінші нұсқасы кем дегенде бір туысы Өзбекстан азаматы болып табылатын адамға жарамды. Және оның туысы міндетті түрде Өзбекстанда тұруы керек. Мұндай үміткерлерге азаматтық алу үшін елде бұрынғыдай бес жыл тұрудың қажеті жоқ. Бірақ, заңды табыс көзінің болуы және мемлекеттік тілді білуі шарт. Бір сөзбен айтқанда, өзбек төлқұжаты енді ерекше тәртіппен ұлттық мүдделер негізінде беріледі.

Заңды талқылау барысында тілдік нормалар көптеген пікірталастарды тудырды. Мәселен, Өзбекстанның Олий Мажилис депутаты Расул Көшербаев заң шығарушылар азаматтық алғысы келетіндердің этникалық шығу тегі мен тілдік ерекшеліктерін ескеруі тиістігін айтты.

«Орталық Азия халықтары өзбек тілін оңай үйренеді. Бірақ, кейбір басқа ұлт өкілдеріне қиын болуы мүмкін. Мұны ескеру қажет», – деді 34 жастағы қандасымыз.

Дегенмен, Өзбекстан қазақтарының арасынан шыққан депутат Расул Қыдырәлиұлының бұл пікіріне оның әріптесі Алишер Кадыров қарсы шықты. Өзбек тілін міндетті түрде қолдануды жақтаушы депутаттың сөзінше, Өзбекстан азаматы мемлекеттік тілді тым құрығанда ең төменгі деңгейде болсын білуге міндетті.

«Талап дұрыс. Республиканың мемлекеттік тілі – өзбек тілі. Ол азаматқа өз құқығын қорғап, өзі туралы айту үшін керек», – деп санайды Алишер Кадыров.

«Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) демократиялық партиясының басшысын Өзбекстан ішкі істер министрінің орынбасары Азизбек Икрамов та қолдады.

«Азаматтығы жоқ адамдардың басым бөлігін өзбектер құрайды. Сол себептен тілді білу талабы оларға қиындық туғызбайды», – деді генерал-майор.

Осылайша, қызу талқыға түскен азаматтық туралы заңның жаңа редакциясы өзбек тілінің пайдасына шешілді.

СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫ

Биыл Өзбекстанда тіл мәселесі бірнеше рет талқыланды. Жоғарыда жазғанымыздай, сәуір айында Әділет министрлігі мемлекеттік тілді қолданудан бас тартқан шенеуніктерге айыппұл салуды ұсынды. Яғни, мемлекеттік тілді елемегендер үшін 1-ден 5-ке дейінгі базалық есептік шамада (10,7-53,7 мың теңге) айыппұл салынады. Әділет министрлігі құжатты әзірлеу кезінде Украина, Латвия және Литва елдерінің тәжірибесін басшылыққа алғандарын жасырмай айтты. Бақылаушылар бұл бастаманың орыс тілді тұрғындарды мемлекеттік қызметтен, мемлекеттік органдардан ығыстыруға алып келетінін айтып байбалам салуда. Дегенмен, бұл қарсылыққа қарап жатқан өзбек атқамінерлері жоқ.

Әділет министрлігі наурыз айында Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетінде шенеуніктерді кеңсе жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізуге баулитын орталық құрды. Сонымен қатар, министрлік қоғамдық талқылау порталындағы нормативтік құқықтық актілеріндегі өзбек тіліндегі нұсқасы жоқ заң жобаларын алып тастайтынын хабарлады.

Дәл сол наурыз айында Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов жарнама мен хабарландыруларды мемлекеттік тілде жазуды талап етті.

«Әлі ашыла қоймаған кейбір дүкендер, асханалар мен тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары маңдайшаларына бас әріптермен орыс тілінде «Скоро открытие» және «Мы открылись» деп жазады. Мұндай жарнамаларды тек қалалардың орталықтарында ғана емес, шалғай аудандарда да кездестіруге болады. Сонда өзіміздің ана тілімізде жазса ешкім түсінбей ме, әлде оларға ешкім келмей қоя ма? Оларда патриотизм, мемлекетке деген құрмет сезімі бар ма өзі?!» – деп ашуланды Үкімет басшысы.

Өзбек тілінің мәселесі жайында ел Президенті Шавкат Мирзиеев те бірнеше мәрте айтқан. Өзбекстан басшысы айтып қана қоймай, өзбек тілінің рөлі мен беделін арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, ел үкіметі жанынан арнайы департамент пайда болды. Департаментке жаңа сөздерді айналымға енгізу, заманауи терминдерге өзбек тіліндегі балама сөздерді құру туралы заң жобаларын әзірлеу тапсырылды.

Рас, ала шапанды ағайынның ана тілін ардақтауға жасалған қадамы мемлекеттік тілді білмейтіндерді әбігерге салары анық. Дегенмен, бастаған істі орта жолдан тоқтатар өзбек билігі байқалмайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here