Құрмет пен алғысқа лайық ұстаз

0
2422

Ұлы даламызда ұстаз атаулы сонау заманнан ұлық болған, ұлылықтың символы болып қала берері де дау туғызбас ақиқат. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев та тегін айтқан жоқ. «Кел, балалар, оқылық» деп күллі қазақ баласын оқу оқып, білім үйренуге шақырған Ыбырай Алтынсарин өз кезегінде ұстаздарды «маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат…» деп бағалаған. Өйткені, елдің ел болып бет түзеуі білімді, саналы ұрпақ болса, сол ұрпақты тәрбиелеу, көзін ашып, ілім-біліммен сусындату – асқақ та абыройлы ұстаздардың еншісінде.

Ата-ананың берген тәлімін толықтырып, үлкен өмірге аяқ басқан шақта өмірдің ақ пен қарасын ұғындырып, болашаққа жасар қадамдардың негізін қалайтын да ұстаздар. Олар оң мен солын білмейтін бала санадан кемел азамат қалыптастырып, «өзінен озған» шәкірт тәрбиелеп шығарады. Сондай мұғалімдердің бірі – Зәуре Жұмағазиева. Шу қаласындағы (Жамбыл облысы) Төле би орта мектебінің 6-сыныбында оқитын ұлым Ұлан Мәуленнің сынып жетекшісі. Тарих пәнінен сабақ береді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде де біраз істер атқарғанына куә болдық. Жас та болса бас болған ұстаз егемен еліміздің ұлағатты ұрпағын қалыптастыру жолында жан аямай еңбек етуде. Оқушылардың зейінін ашуға деген ынтасын да ерекше атауға болады. Бір сөзбен айтқанда, «ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірін» (Константин Ушинский) абыройлы атқарып жүр.

Құрметті Зәуре Жеңісбекқызы, Сізге ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ересен еңбегіңіз үшін ата-ана ретінде шексіз алғысымызды білдіремін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбегіңіз еленіп, оқушыларыңыз үмітіңізді ақтасын! Кәсіби мерекеңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, жұмысыңызға табыс тілеймін!

Құрметпен, оқушыңыз Ұлан Мәуленнің анасы Мөлдір БЕГІМБАЕВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here