Парламент төрінде айтылған ұлық сөз, ұлағатты ой

0
530

Қасиетті Жер-Ананы жаратқан, күмбездей көк Аспанды шегесіз орнатқан құзіретті күшті, мейірім-шапағаты мол Алла тағаланың қазақ халқына сыйлаған жаннан тәтті, қаннан қымбат бақыты – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік! Әлемдегі бес мыңнан астам ұлт пен ұлыстың жүз тоқсан үші ғана тәуелсіз болып, мемлекеттік деңгейге жетті. Соның бірі де бірегейі Қазақстанның тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Отызында орда бұзып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алған Қазақстанның бүгіні бекем, келешегі кемел. Кемел еліміздің кемел ойлы кемеңгер басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауын оқығанда ойға Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген сөзі оралды. Жолдаудың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген аты да қорғасын құйылып алшы түсер сақадай көкейге қона кетті. Бұл дәуірдің жүрек соғысын тап басып айтылған айшықты, ажарлы сөз.

Жолдаудың атына заты сай екендігі әр бөлім, әр тараудан ғана емес, әр абзац, әр сөйлемнен айнадағыдай айқын көрініп тұр. «Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» екендігін қадап айтқан Президент өмірдің өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталған.

Өмірдегі өткір мәселенің бірі – денсаулық. Ауруға дәрі – шипа. Осыған орай Мемлекет басшысы: «Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет.   Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісім шарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет» дейді. Иә, дұрыс дейсіз іштей қостап.

Осы фармацевтикаңыз да ғылымсыз дамымайды. Жалпы, қай салада болмасын ғылымсыз алға басу жоқ. Содан да Президентіміздің: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн» деген сөзі де көптің көкейіндегі ойымен әдемі үндесіп, әсем үйлесіп тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы бастамалары да көптің көңілінен шықты. Бірінші бастамадағы: «Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Бұл – бір жағынан аса маңызды макроиндикатор болса, екінші жағынан – әркімге түсінікті көрсеткіш. Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым.       Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді» деген сөздерді қазақстандықтардың қуана қабылдары хақ.

«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді» деген төртінші бастамасы да ел мүддесі, халық қамын ойлаудың жарқын бір көрінісі.

Басты уайым – баспана болған халыққа бесінші бастамадағы «Біріңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады» деген жақсы лепес – жарым ырыс.

Мемлекет басшысының зиялы қауымға қарата айтылған: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек. Сондықтан зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын» деген сөзі зиялы қауымға, оның көшбасшысы қаламгерлерге артылған ауыр әрі абыройлы міндет.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған ордалы ойлары бізді ойландыруы, ойландырып қана қоймай, алдағы айқын мақсатымызға жету үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.

Жолдаудан түйетін ең басты ой осы!

«Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте! Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік! Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!» – деп түйіндепті сөзін Мемлекет басшысы. Осы сөз – сөз! Іштен шыққан ішті сөз бұл!

«Сөз қалаларды да қиратады, сөз күнді де тоқтатады» депті Лев Гумилев. «Шын сөз – құдіретті сөз» дейді Мұхаммед пайғамбар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парламент төрінде айтылған сөзі – ұлық сөз, ұлағатты ой!

Аман болайық!

Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here