«Тұмар» телехикаясы көрерменге жол тартады

0
1059

«5 студия TV Production» компаниясы мелодрама жанрындағы 12 бөлімнен тұратын «Тұмар» («Қандастар») телехикаясының түсірілімін аяқтады. Әр сериясы 40 минут болатын телехикая жақында «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады.

Еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін шеттегі қандастарымыздың Отанына оралуына барлық жағдай жасалып, мемлекеттік тұрғыдан қолдау білдірілді. Бұл күнде шеттен оралған қандастарымыздың саны миллионнан асып жығылады. Бұл жəй цифрлар емес, оның артында миллиондаған тағдырлар тұр.

Атажұртқа оралған қандастарымыздың бүгінгі ұрпағы, яғни үшінші буын өкілдері бұл күнде еліміздің толыққанды азаматына айналған. Отандастармен бірге Мәңгілік елдің жарқын болашағы үшін өлшеусіз еңбек етуде.

Білім, өнер, бизнес секілді түрлі салада қызмет етіп жүрген шеттен келген қандас бауырлардың бүгінгі өкілдерінің басынан кешкен қилы оқиғалары хикаяға арқау болады.

Хикая 30-шы жылдардан бастау алады. Әкелері бесік құда болып уағдаласып, кішкентай бүлдіршіндер Зере мен Төленнің мойнына бірдей тұмар тағады. Алайда, ел үдере көшкен алмағайып заманда олар шекараның екі бетінде қалып, қосылуын тағдыр жазбаған екен.

Әкесі Түркия асып, Төлен сол жақта ержетіп, үйлі-баранды болады. Тәуелсіздік алған жылдары Төлен қарияға атажұртты көру бақыты да бұйырды. Ол кезде ескі құдалық-аманаттың белгілерін уақыт шайып, мүлдем ұмытылған болатын. Кейінгі жылдары Төлен қария балаларының қолында дүниеден озды. Ал, атажұртта қалған Зере де бойжетіп, тұрмыс құрып, бұл күнде ұрпақ өсіріп, абыз әже болған. Шет елде оқып келген немересі Ғалия халықаралық үлкен компанияда жұмыс істейді. Сол жерде Түркиядан келген қандас бауырымыз Әли есімді жігітпен танысып, сөз жарастырып жүр.

Атасынан қалған ескі тұмар жайлы Әлидің әңгімесін естігенде, Зере әжей көңілі алабұртып, сол тұмардың екінші сыңарын сандығынан шығарып, баяғы бесік құданың хикаясын баяндап береді.

Кезінде ажырап қалған қандастардың үшінші ұрпағын тағдыр иірімі ширек ғасырдан соң қайта табыстырғанына разылық айтып, Зере әжей жастарға «бақтарың жансын» деп ақ батасын береді.

Ғалия мен Әлидің табысуы әрине кедергісіз бола қойған жоқ. Басқасын айтпағанда үлкен компанияда қызмет ететін әріптес қыз-жігіттерге де қатысты махаббат, достық, қызғаныш, сатқындық секілді өмірлік шым-шытырық жағдайлар негізі кейіпкерлердің оқиғасымен сабақтасып, астасып жатады.

Осылайша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы түсірілген телехикая тарихи Отанына оралған қандастардың тағдырын баяндайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here