Бір күнде 77 адамның қанын төккен «норвегиялық мерген»

0
1195

Осыдан он жыл бұрын, нақты айтқанда, 2011 жылдың 22 шілдесінде норвегиялық Андерс Брейвик Ослодағы Үкімет үйінің жанында жарылыс жасады. Артынша полиция формасын киіп, Утойя аралына барып, жастар лагеріне оқ жаудырды. 77 адам қаза тапты, 151 адам жарақат алды. Олардың басым көпшілігі жасөспірімдер еді. Брейвик өзінің бұл әрекетін Норвегия мен Батыс Еуропаны мәдени марксизм және мұсылман басқыншылығынан құтқармақ болғандығымен түсіндірді. Еуропа қоғамы Андерс Брейвикті айыптағанымен, оның идеясы әлемде тамыр жайып, әлі күнге дейін «норвегиялық мергеннің» ізбасарларын шабыттандырады.

ҚАНҚҰЙЛЫ ҚЫРҒЫН

Андерс Брейвик қолын қанға малған аралда құрбан болған жасөспірімдерге арналған шағын мемориал бар. Ал, ондағы кафе қайғылы оқиғадан сыр шертетін ақпараттық орталыққа айналды. Қайғылы оқиғаның он жылдығына байланысты аралға қарсы беттегі құрлықта үлкен мемориалды кешенді ашу жоспарланып, Ослодағы құрбандар мен лагерьдегі құрбандардың санына байланысты 77 баған орнатылмақ болды. Алайда, оқиға куәгерлері мен жергілікті тұрғындардың наразы болуының салдарынан монументтің құрылысы аяқсыз қалып отыр. Олар әлі де ауыр қайғыдан арыла алмағандықтан, қанды оқиғаны әрдайым еске салатын ескерткіштің болуын қаламайды. Тіпті, кейбір жандар жастармен жұмыс істеуді қолға алған. Себебі, олар болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін ксенофобияның қауіптілігін норвегиялық жастарға ұғындыру қажеттігін жақсы түсінеді.

2011 жылғы сол атыста қанішердің құрығынан сытылып шыққандардың бірі Астрид Хоэм жастар арасында түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Куәгер мектептерге барып, идеологиялық қайшылықтарға арналған семинарлар өткізеді. Ол «кез келген оң деп бағаланған идеология зорлық-зомбылық тудыра алады» деп санайды.

Рас, Андерс Брейвиктің идеясына қарсылық білдіргендер көп болды. Атыстан соң 40 мың адам Ослодағы алаңда жиналды. «Менің кемпірқосақ нәсілім» атты ағылшын әнінің норвегиялық нұсқадағы «Кемпірқосақ балалары» әнін шырқады. Лаңкес мұны өз манифесінде балаларға билік тарапынан мультимәдениеттің таңылуы деп атады.

Елдегі солшыл партияны қырына алып, шабуыл жасау – Брейвиктің лаңкестік жоспарларының бірі саналды. Ол ең алдымен Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Гру Харлем Брунтланнды өлтірмек болды. Алайда, премьер-министр лаңкес аралға келерден бірнеше сағат бұрын Утойядан кетіп қалды. Брейвик оны «халық жауы» ретінде рақымшылық сұрауға мәжбүрлеп және онысын бейнетаспаға түсіріп, артынша басын кесіп, жазбаны әлеуметтік желіге жарияламақ ниетте болған. Сотта бұзық ойын байыппен түсіндіре келе, мұнысын исламды жамылған лаңкестердің әрекеттерімен ұқсата байланыстырды. «Мен Әл-Каидаданың әдісін алдым. Себебі, бұл өте қуатты психологиялық қару», – деді қанішер сотта міз бақпастан.

ПРЕМЬЕРДІҢ БАСЫН КЕСУ ЖОСПАРЫ

Сотқа дейін тергеу барысында Брейвикке жеке бастың нарцистік бұзылуы деген диагноз қойылды. Лаңкес өзінің қылмыстарын идеясына назар аударту үшін жасалған «отшашу» ретінде ғана санайтынын айтты. Қылмыскер  мыңдаған адамдарға өз манифесін жіберіп, сотта бүкіл әлемді дүр сілкіндірер мәлімдеме жасаудан үміттенді. Осылайша, элитаның арасында марксистік үстемдікке қарсы дүниежүзілік қозғалыстың жетекшісі болам деп армандады. Сондай-ақ, ол түрмеде өз бандасын жасақтап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі пікірлестерімен хат алмасуға дәмеленді. Бірақ, сот отырысы жабық өткендіктен, оның сөздерін санаулы адамдар ғана естіді. Манифестің жіберілген көшірмелері антиспам жүйесімен бұғатталды және оның хаттарын алушылар да қабылдамады. Түрме бандасын құру идеясы да бесігінде тұншықтырылды. Брейвикті оқшауланған камераға қамады. Сондай-ақ, хаттарының үштен бірі түрме цензурасынан өтпей қалды.

2012 жылы Брейвик өзінің саяси партиясын тіркеуге тырысты. Партияның атауын да өзі қойған. «Фашистік билікке демократиямен жету» деп атады. Алайда, заң мұнысына жол бермей, партияны тіркеуден бас тартты. Ақыры амалы құрыған лаңкес өмірбаянын жазуға кірісті. Тек өмірбаян ғана жазып қоймай, жеке гигиеналық заттардың тапшылығын алға тартып, түрме басшылығына шағымдарын қарша боратты.

Әрине, қылмыскердің ғұмырнамалық кітабын жаңа манифеске айналдырмақ болғаны анық. Брейвик биыл шілде айында жазған дүниесіне фильм түсіруге, кітап етіп шығаруға құқықты 7 млн долларға сатуға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, түрмеге қамалғалы екі мәрте мерзімінен бұрын босатуды сұраған. Әйтсе де, түрме басшылығының лаңкеспен мәмілеге келіп, оны еркіне жіберіп, идеясын насихаттауға жол беруі екіталай. Әйткенмен, оны қанша оқшауласа да, Брейвик әлемдегі біршама лаңкестерге әсер етіп отыр. Бұған оның 1,5 мың беттен тұратын манифесі елеулі үлес қосты.

ОТТЫ ИДЕЯЛАР

Андерс Брейвиктің тұжырымынша, «батыстың саяси және академиялық ортасына кірген марксистер іріткі салып, жергілікті халыққа және оның құндылықтарына соғыс ашып отыр, ал олар ақ нәсілділердің жойылып, Еуропаның исламдануын қалайды». Мұндай жағдайда кез келген зорлық-зомбылықты өзін-өзі қорғау есебінде жасауға болатынына жұртты сендіреді.

Бұл идеясын манифестінің атауында да қолданған. Ол «2083: Еуропаның Тәуелсіздік Декларациясы» деп аталады.  Манифестінде еуропалықтардың Венадан Осман әскерін тықсыра қуған шайқасқа (1683 жылдың 11 қыркүйегі) сілтеме жасайды. Брейвик 2083 жылдың 11 қыркүйегінде сол шайқастың 400 жылдық мерейтойында өзінің арманы орындалатынына сенеді. Еуропа келімсектерден түбегейлі құтылып, оларға соғыс ашып, жаңадан дұрыс қоғам құрарына үміттенеді. Манифест мәтінінің едәуір бөлігі белгілі экстремистердің жазбаларынан алынған (мысалы, америкалық лаңкес Теодор Качинскийден көшірген). Норвегиялық лаңкес ақ нәсілділердің қиын жағдайда қалғанын жаза отырып, олардың «қорғаушыларына» үміт артады.

Лаңкес жариялаған жаңа әлемдік тәртіп шынтуайтына келгенде тоталитарлық ерекшеліктерден тұрады. Мәселен, қанның тазалығы басты құндылық болу қажет. Еуропалықтардың «күйреген моральдық нормалары» мемлекет тарапынан қайта құрылуы тиісті. Сондай-ақ, әкесіз өскен Брейвик: «Романтика және махаббатпен туындаған некені алып тастау керек. Себебі, бұл – иллюзия», – деп санайды.

Брейвиктің құжатында еуропалық ұлттарды көбейту мәселесіне де көп көңіл бөлінеді. Еуропадағы бала туу көрсеткішін Азия және мұсылман елдерінің көрсеткішімен иық тіресер деңгейге жеткізу керектігін айтады. Бәлкім осы арқылы тарих алдында өзінің экстремистік қозғалысын ақтап алғысы келетін болар. Алайда, жаппай кісі өлтіруді ғана қиялдайтын Брейвиктің пікірлестеріне оның саяси-әлеуметтік декларациясының құны көк тиын. Олар тек өздеріне қажетті агрессивті қадамдарды ғана басшылыққа алады.

Американдық жазушы Джон Бёрджер атап өткендей, Брейвиктің шабуылы бетбұрыс болды. Лаңкестің әрекеті жалғыз адамның үлкен іс атқаруда қаншалықты қабілетті екеніне мысал бола алады.

Southern Poverty Law Center америкалық экстремистерді бақылау орталығының директоры Хайди Байрич та Бергердің пкірімен келіседі. «Брейвик көптеген адамдарды өлтіріп, тыңнан түрен салды. Мұны жалғыз істеуге болатынын көрсетті», – дейді.

Осылайша, «еуропалық қарсылық» көрсетуді көксейтін лаңкестерге Брейвик армандарын жүзеге асыру үшін жағдай туғызды. Манифестінде практикалық ұсыныстардың толық жиынтығы жазылды. Мысалы, аңдып жүрген ізкесушіден қалай жалтару керек, сатқындарды қалай анықтап, ұстау туралы және жарылғыш жасау үшін қандай  ингредиенттер қажеттігі жайында егжей-тегжейлі баяндады. Оның ойынша, өзінің кітабы әрбір ақ нәсілді адамның үстелінде тұру керек.

БРЕЙВИК ІЗБАСАРЛАРЫ

Германиядағы Ляйден университетіндегі экстремизмді зерттеушілер Грэхем Маклин мен Туре Бьергоның сөзінше, Утойядағы атыстан кейін бірнеше ақ нәсілді экстремистердің терактілерінің алдын алған. Тек солардың біреуіне ғана Брейвик жанама түрде әсер еткен. Ол өзіне «Брейвик» деген лақап ат қойған. Кейіннен оның экстремистен гөрі психикалық ауруға шалдыққан адамға көбірек ұқсайтындығы анықталды. Әйтсе де, норвегиялық лаңкестің идеясы Жаңа Зеландиядан шыққан ізбасарын шабыттандырды. Айталық, Брентон Таррант есімді австралиялық мерген 2019 жылы Крайстчерч қаласындағы екі мешітке оқ жаудырды. Фейсбукте тікелей эфир жүргізіп, полиция араша түскенше үшінші мешітке де баруға ұмтылған. Лаңкестің бар мақсаты – елді мұсылмандардан тазалау болған. Өкінішке қарай, лаңкестің қолынан 51 адам қаза тауып, 40 адам жарақаттанды.

Таррант ұсталғаннан кейін Брейвикті өзіне үлгі тұтқанын мойындады. Ол да өзінің қысқа да болса манифестін шығарды. Мәтінін  Брейвик сынды Еуропа тарихының құндылықтарымен боямалады. Полицияға да өз еркімен берілді. Ұқсас қылмыстың сегіз жылдан кейін қайталануы БАҚ өкілдері мен зерттеушілерді «Норвегиялық қанішердің идеясы шынымен де лаңкестерге әсер ете ала ма?» деген сұрақтың астында қалдырды.

Антропологтар Бьерго мен Маклин атап өткендей, Тарранттың қылмысы құрбандарының санымен ғана емес, жаңа технологиялардың қолданылуымен және оның Брейвиктікімен ұқсастығымен ерекшеленеді. Ультра оңшыл террорлық шабуылдарды жинайтын мәліметтер базасын зерттей отырып, норвегиялықтың лаңкестердің аз бөлігіне ғана әсер еткені анықталды.

Сонымен қатар, Андерс Брейвиктің әңгімесінен психологиялық-әлеуметтік факторлар да жиі байқалады. Әдетте, қаскөйдің қоғамды жек көруі соның салдарынан болады. Мысалы, БАҚ-та 2016 жылы Мюнхенде он шетелдік сыныптасын атып өлтірген 18 жасар ирандық неміс Давид Сомболиді Андерс Брейвиктің ізбасары ретінде жиі атайды. Жас лаңкес Брейвикке құрметпен қарап, оның оңшыл радикалды көзқарасын құптаған. Бірақ, тергеу барысында оның психикалық мәселелерге байланысты мамандарға қаралғаны анықталды. Сондай-ақ, оның бұл қадамға бала кездегі алған психикалық соққыларға берген жауабы екені дәлелденді.

Тағы бір мысал – 2012 жылы АҚШ-тағы Сэнди Хук мектебінде 27 адамды жер жастандырған Адам Лэнза. Оның Брейвиктің манифестін оқып, идеясын құптады ма, жоқ па – бізге белгісіз. Норвегиялық «ұстазынан» үлгі алды ма немесе жай кек алу ма – ол жағы да қараңғы.

Антропологтар 1999 жылдан 2019 жылға дейін Еуропадағы оңшыл террорлық шабуылдардың саны айтарлықтай өспегенін айтады. Брейвик оқиғасынан кейін статистикада ауытқу байқалмаған. 2015 жылы Еуропада оңшыл радикалдар біршама бас көтерген. Бірақ, бұған көші-қон дағдарысы әсер етті деп санайды сарапшылар. Керісінше, елдегі лаңкестермен күресуші мамандар азаматтарды Брейвиктің идеясымен шатыстырып, радикал ретінде көреді.

АҚШ үшін бұл мәселе бүгінде өзекті болып отыр. Президент Байден оңшыл радикалдармен күрес жүргізуді өзінің бағдарламасының бір бөлігіне айналдырған. Ал, БАҚ америка аумағында құрбандардың көбеюіне дәл осындай лаңкестердің кесірі екенін тілге тиек етеді. Сондықтан да, америка қоғамы мұндай оқиғаларға баса назар аударады және дәлел болмаса да, Брейвиктің есімі ара-тұра аталып тұрады. Себеп те жоқ емес. Мәселен, қару-жарақ пен оқ-дәрі қорының көп мөлшерін жинап, тұтқындалған шекара қызметінің лейтенанты Джордж Хассонды айтуымызға әбден болады. Ол Брейвиктің идеясына сәйкес әрекет етуді жоспарлаған. Саясаткерлер мен журналистерді «сатқынға» балап, оларды ақ нәсілділердің отаны үшін өлтірмек болған. Қылмысты тактикалық тұрғыда ұйымдастыру туралы кеңестерді норвегиялық «ұстазының» манифестінен алған. Алайда, бұл мәселеде америкалық ультра оңшыл топтардың өзінде бірауыздылық жоқ.

Иә, әйгілі америкалық неонацист Алекс Линдердің Брейвикке тәнті болғаны рас. «Зорлық-зомбылықтың уақыты келді. Андерс Брейвик дұшпандарды өлтіру дәуірінің басталғанын жариялады», – деп жазды ол бір кездері өзі басқарған VVN форумында. Брейвик бейнесі террорлыққа берілудің үлгісі ретінде қолданылады. Telegram-дағы анонимді форумдар мен арналарда Брейвикті өзге де лаңкестермен бірге «әулие» деп жариялайтын топ бар.

 To go full Breivik (Брейвик режиміне толықтай кіру) – америкалық оңшыл радикалдардың бір көрінісі. Терроризм үшін қалыпты өмірден баз кешуді білдіреді. Алайда, күдіктенерлігі сол – ультра оңшыл қауымдастықтың кей бөлігі Брейвикке де, Таррантқа да сенбейді. Расында, олардың екеуі де еврейлердің қазіргі жағдайы туралы еш нәрсе айтпаған. Ал, қазіргі АҚШ-тағы радикалды топтар үшін антисемитизм идеологияның маңызды бөлігі болып саналады. Сырттай қарағанда, ультра оңшылардың ұстанымдары Брейвик уағыздаған нәрселерге ұқсайды. Мысалы, олар нәсілдік соғысқа анонимді түрде дайындалуды, өз жақтастарын да өздерін құрбан етуге үндеу сынды идеяларды қолдайды. Бірақ, осыған бола оларды Брейвиктің ізбасарлары деуге тағы да болмайды. Мәселен, Atomwaffen Division сияқты топтар идеяларды Гитлердің Үшінші Рейхінен алады.  Норвегиялықты да шабыттандырған Гитлердің идеясы. Америкалық «әріптестерінің» Брейвиктен айырмашылығы – олар ұлттық тарихқа аса құрметпен қарамайды. Нәсілдік ерекшеліктері арқылы даралануды жөн көреді. Сондықтан, Брейвиктің Утойядағы әрекеті ультра оңшылдарды қаншалықты қанаттандырғанына баға беру қиын.

Журналистер мен саясаткерлердің Андерс Брейвиктің идеяларынан қорқатыны түсінікті. Олар оңшыл радикалдардың әрбір шабуылынан соң Брейвикті еске алуға бейім. Бірақ, норвегиялық қаскөйдің өмірге өкпесі көп қатігез жандарға үлгі болары шындық. Алайда, тағы бір он жылдан соң Брейвик «Еуропаны құтқарушы қаһарман» рөлінен мүлдем тысқары қалары анық. Қапастағы жағдайына налып, жиі шағымдану арқылы БАҚ-тың назарын өзіне аударуға тырысуы ит әурешілік. Себебі, уақыт өте келе, оның аудиториясы жаңа «батырларын» табуы мүмкін. Сөйтіп, оған деген қызығушылық азаяды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Андерс Брейвиктің «Еуропаны қорғау» идеясы кейбір жергілікті тұрғындар үшін көңілге қонымды болар. Әйтсе де, радикализм табиғаты жағынан эволюциялық дамуды тездетуші күш болғанымен, оның салдарын Еуропа қоғамы жақсы түсінеді. Шынтуайтына келгенде, оның оңшыл радикалдарға да жатпайтынын жоғарыда жаздық. Бұл болашақта брейвикшілердің саны артпайтынын білдіреді. Бірақ, оның бір ғана ізбасарының өзі жүздеген адамды өлтіруі мүмкін екенін естен шығаруға тағы болмайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here