Сүйінші! Ұлт ұстазының мұражай-үйі Алматының меншігіне өтті!

0
1050

Сәрсенбінің сәтті күнінде екі млн тұрғыны бар Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне барып, ұлт ұстазының табанының ізі қалған, маңдайының тері тамған, яғни өзі тұрған, бірнеше жыл өмірін өткізген киелі үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Келер жылы көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады», – деп жазды Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Иә, бұл сүйінші сұрайтындай-ақ жаңалық! Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін мемлекеттік қамқорлыққа алу ісі 28 жылдан бері шешілмей келген еді. Осы күнге дейін мұражай-үйдің түтінін түзу шығарып отырған Райхан Имаханбеттің жанайқайын естір құлақтың табылмай келгені де рас.

Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі директоры: 

– Бүгін тарихи күн. Осыдан 28 жыл бұрын ашылған Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне мемлекеттік мәртебе берілмей келіп еді. Сан мәрте бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтерілген. Соның нәтижесі деп ойлаймын. Осыдан екі жыл бұрынғы қала мәслихатының депутаттары, академик ағайлар мен апайлар қол қойған хат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған болатын. Соның арқасында «Алматы қаласы коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы қаулыны» қала әкімі табыстады. Ақ түйенің қарны жарылған күн. Алда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында мемлекеттік мәртебесі бар мекеме ретінде қызмет етуге мүмкіндік алдық. Алаш арыстарын тану, оқу, зерттеу ұрпақты ұлттық болмыста тәрбиелеудің қайнар көзі деп білемін.

Біздің анықтама: Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материалдар сақталған. ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 ш.м.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here