Кейбір елдерде көліктер неге жолдың сол жағымен ғана қозғалады?

0
3021

Егер әлем картасына көліктері жолдың сол және оң жағымен жүретін мемлекеттерді екі түспен айшықтап боясақ, көлік қозғалысы оң жаққа бағытталған елдердің қарасы көп екенін байқауға болады. Қазақстанда оң жақпен жол жүру ережесі қалыптасқандықтан, сол жақпен көлікпен жүру біз үшін тәртіп бұзғандық саналады. Кейбір елдерде керісінше оң жақпен жүру жол ережесіне қайшы келеді. Статистикаға сүйенсек, әлем халықтарының 66 пайызы жолдың оң жағымен жүрсе, қалған 34 пайызы сол жағымен жүреді.

1962 жылғы 3 қыркүйекте Швеция оң жақты қозғалысқа көшті. Алғашқы жылдары швед қалаларының көшелерінде осындай шатасулар көп болды

Бір қызығы, ежелгі замандағы жол ережесінде сол жақпен жүруге басымдық берілген. Жолдың сол жағымен жүру үрдісі өз заманында өркениеттің ошағына айналған Рим империясында пайда болғаны тарихтан мәлім. Бұған дәлелдер жетерлік. Рим дәуірінен қалған көне суреттерден бастап, ежелгі империяның тас жолдарына жүргізілген зерттеулер де мұны жоққа шығармайды. Зерттеушілер мұны адамдардың көпшілігінің оңақай болуымен байланыстырады. Яғни, сол жақпен жүргенде қарсы беттегі адамға оң жағы қарама-қарсы келеді. Егер қауіп төнген жағдайда, сол жақтағы қынабынан қылышын суырып, оң қолмен ұрыс салуға ыңғайлы болу үшін ойластырған. Сірә, бұл ереже жауынгерлік өмір салтын ұстанатындар үшін (көшпенділер атқа сол жағынан мініп, сол жағынан түседі) қолайлы болса керек. Бәлкім, Рим империясының сарбаздарының қозғалысы үшін қабылданған бұл ережені көп ұзамай империяның басқа да азаматтары қолданған шығар. Ал, сол жақпен жүру ережесін ежелгі заманда римдіктерге еліктеп көптеген мемлекеттер де өздерінің өмір салтында қолданса керек.

Рим империясы ыдырағаннан кейін оның кең ауқымда қолданылған ережелері де ұмыт бола бастады. Енді жол ережесіне келгенде әскери қажеттіліктен гөрі, адамның физиологиялық ерекшеліктері бірінші орынға шықты. Көптеген оңақай адамдарға арбаны жолдың оң жағымен жүргізу тиімді болды. Өйткені, тар жолдарда арбамен жүргенде қарсы бағытта келе жатқан арбаға жол беру үшін көліктің божысын күшті қолымен жолдың шетіне бағыттау ыңғайлы еді. Бұл әдет ғасырлар бойы көптеген елдерде қоғамдық қозғалыстың ережесі ретінде қалыптасқан-ды.

1776 жылы Еуропада жол қозғалысының алғашқы тәртібі пайда болды. Жол ережесін қабылдаған ел – Британия (Ұлыбритания). Ол өз аумағында көліктерді жолдың сол жағымен жүруге міндеттеді. Британ үкіметінің мұндай шешім қабылдауына не түрткі болғаны жайында тарихшылар күні бүгінге дейін айтысып келеді. Мүмкін бұл ереже сол тұста Британия текетіреске түскен оң жақпен жүретін Еуропаның жетекші елдерінен ерекшелену үшін қабылданған болар.

Әлем картасында жол қозғалысы оң жақ бағыттағы елдер көгілдір түспен, сол жақ бағыттағы елдер қызғылт сары түспен белгіленген

Сол жақпен жүру ережесі Британияның ықпалы жеткен елдердің барлығына тарады. Ең алдымен өз аумағында қабылданып, сосын отарындағы елдерге және одақтас мемлекеттерге де енгізілді. Бүгінде Үндістанның, Аустралияның, Пәкістанның жол қозғалысында Британияның ықпалымен қабылданған сол жақпен жүру тәртібі әлі де қолданылып келеді. Ал, Еуропада оң жақпен жүру қозғалысын таңдағандар Франция және оның одақтастары болды. Кәрі құрлықтың көптеген мемлекеттерінде оң жақпен жүру заңды түрде Наполеонның тұсында бекітілген. Еуропадағы жол жүру тәртібінің екіге бөлінуі олардың отар елдеріне де әсер етпей қоймады.

АҚШ Британиямен қарым-қатынасының шиеленісуіне байланысты XVIII ғасырдың соңында сол жақпен жүру ережесінен бас тартты. Сөйтіп, француз одақтастарының ережесін енгізіп, оң жақпен жүруге көшті. Ал, Ресейде және оған іргелес елдерде жол қозғалысының тәртібі аса қиындық тудыра қоймады. Бұл елдерде оң жақпен жүру ережесі қозғаушы күштің көмегінсіз өздігінен дамыды.

Тағы бір айта кетерлігі, Ресейде жол қозғалысының оң жақпен жүру ережесі туралы заң Еуропа елдерінен ертерек қабылданған. Аталмыш заң 1756 жылы патшайым Елизавета Петровнаның кезінде пайда болды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here