Жаппай қырып-жою қаруы бар елдер

0
1028

Бейбітшілік мәселелерін зерттеу жөніндегі Стокгольм халықаралық институтының (SIPRI) соңғы ресми мәліметінше, жаппай қырып-жою қуаты бар қаруларды иеленген әлемде тоғыз мемлекет бар. Осы «Ядролық клуб» мүшесі болып табылмайтын Иранды да ядролық державалардың қатарына қосуға болатын шығар. Ал, Қазақстан, Украина, Беларусь және Оңтүстік Африка Республикасы ядролық қаруынан өз еркімен бас тартқан. 

  1. РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 7 000
Бірінші сынақ: 1949 ж.
Соңғы сынақ: 1990 ж.

Ресей – әлемдегі №1 ядролық держава. Жаппай қырып-жою қуаты бар қару-жарақтың бір бөлігі КСРО-дан мұраға қалған. Бұл – бір. Екіншіден, тоқсаныншы жылдардың басында өзінің ядролық арсеналын одақ құрамында болған Қазақстан, Украина, Беларусь Ресей Федерациясына тапсырды. Үшіншіден, Мәскеу бұл салаға көп көңіл де, қыруар қаржы да бөліп келеді. Мысалы, жалпы ішкі өнімінің 2,6%-ын қорғаныс саласына жұмсайды. Бұл көрсеткішпен әлемде алғашқы бестікке енеді. Федералдық бюджеттен 2022 жылға қорғаныс саласына 49,1 млрд доллар бөлінді.

Ресей әскери күштерінің айтуынша, Ресей Федерациясының тұтастығына қауіп төнген жағдайда ғана Мәскеу жаппай қырып-жою қуаты бар қару-жарақты қолданады.

  1. АҚШ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 6 800
Бірінші сынақ: 1945 ж.
Соңғы сынақ: 1992 ж.

АҚШ – әлемдегі ең қуатты әскері бар ел. Қорғаныс саласына 2020 жылы 778 млрд доллар жұмсаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш бойынша 2-ші орында тұрған Қытай былтыр осы салаға 252 млрд долларға шығындалған. Демек, АҚШ-тың шығыны Қытайдан үш есе көп.

Жауынгерлік жағдайда ядролық қаруды қолданған алғашқы және жалғыз мемлекет болып табылады. Содан бері 66,5 мың атом қаруын шығарды. Ядролық қаруының негізгі түрі – сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар.

Әскери доктринасында «АҚШ өзінің қауіпсіздігін де, одақтастарының қауіпсіздігін де қамтамасыз ету үшін өзіне жеткілікті қару қалдыратыны» және «Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған елдерге ядролық қаруды қолданбайтыны» жазылған.

  1. ФРАНЦИЯ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 300
Бірінші сынақ: 1960 ж.
Соңғы сынақ: 1995 ж.

Франция сол тұстағы отары Алжирдегі жарылыстан бастап, Француз Полинезиясымен қоштап барлығы 200-ден астам ядролық қару сынағын өткізді. Бір қызығы, Франция басқа ядролық елдердің бейбіт бастамаларына қатысудан тұрақты бас тартып келген. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында ядролық сынақтар жүргізуге жарияланған мораторийге де қосылмаған, алпысыншы жылдары әскери ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа да қол қоймаған. Тек тоқсаныншы жылдардың ортасында ғана Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған.

  1. ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 270
Бірінші сынақ: 1964 ж.
Соңғы сынақ: 1996 ж.

Қытай – ядролық емес мемлекеттерге ядролық соққы жасамауға және оларға қауіп төндірмеуге міндеттеме алған жалғыз ел. 2011 жылы өзінің қару-жарағын ең төменгі деңгейде ғана қолдайтынын мәлімдеді. Алайда, содан бері аспан асты елі ядролық оқтұмсықтарды көтере алатын жаңа баллистикалық зымырандардың төрт түрін ойлап тапты.

  1. ҰЛЫБРИТАНИЯ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 215
Бірінші сынақ: 1952 ж.
Соңғы сынақ: 1991 ж.

Ұлыбритания – өз аумағында сынақ жүргізбеген ядролық бестіктің құрамындағы жалғыз ел. Британдықтар барлық ядролық жарылыстарды Аустралия мен Тынық мұхитында жасады. Бірақ, 1991 жылы оларды тоқтату туралы шешім қабылдады.

  1. ПӘКІСТАН

Ядролық оқтұмсықтар саны: 130-140
Бірінші сынақ: 1998 ж.
Соңғы сынақ: 1998 ж.

Үндістанмен ортақ шекарасы бар Пәкістан ядролық қару-жарақ жасауда ата жауын басып озғысы келеді. Мәселен, 1974 жылғы көрші Үндістандағы ядролық сынақтар Пәкістанда нағыз дүрбелең тудырды. Содан ядролық қару жасауға бекінді. Пәкістанның сол кездегі премьер-министрі Зүлфикар Әли Бхутто: «Пәкістан шөп жесе де, тіпті аштықтан зардап шексе де, бәрібір ядролық қаруын жасайды», – деп мәлімдеді. Дегенмен, ядролық қару-жарағын олар жиырма жылға кешігіп жасап шығарды.

  1. ҮНДІСТАН

Ядролық оқтұмсықтар саны: 120-130
Бірінші сынақ: 1974 ж.
Соңғы сынақ: 1998 ж.

Сонау 1974 жылы ядролық қаруын сынақтан сәтті өткізгеніне қарамастан Үндістан өзін тек өткен ғасырдың соңында ғана ядролық держава ретінде ресми түрде мойындады. Ал, үш ядролық қаруды жарған 1998 жылы Үндістан одан әрі сынақтардан бас тартатынын мәлімдеді.

  1. ИЗРАИЛЬ

Ядролық оқтұмсықтар саны: 80
Бірінші сынақ: 1979 ж.
Соңғы сынақ: 1979 ж.

Израиль ешқашан ядролық қару-жарақты иемденіп отырғанын ресми түрде мойындаған да емес, оны теріске шығарған да жоқ. Бірақ, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоюдан бас тартты. Әлемдік қауымдастық 1981 жылы Иракқа бомба тастағанын ұмыта қоймады. 1979 жылы Атлант мұхитында болған ядролық сынаққа ұқсас жарылысты не Израиль, не Оңтүстік Африка Республикасы (бұл мемлекет ядролық қару-жарақтан 1989 жылы өз еркімен бас тартқан, – ред.), не екеуі бірігіп жасағаны жөнінде болжам бар.

  1. СОЛТҮСТІК КОРЕЯ (КХДР)

Ядролық оқтұмсықтар саны: 10-60
Бірінші сынақ: 2006 ж.
Соңғы сынақ: 2018 ж.

Солтүстік Корея биыл Батыс әлемінің өкінішіне орай ядролық қаруы бар елдердің қатарына қосылды. Атом туралы әңгіме бұл елде өткен ғасырдың ортасында басталған. АҚШ-тың КХДР-ды бомбалау жоспарынан қорыққан Ким Ир Сен КСРО мен Қытайдан көмек сұраған еді. Сөйтіп, ядролық қаруды дамыту ісі жетпісінші жылдары басталғанымен, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тоқтап қалды. Дегенмен, тоқсаныншы жылдардың аяғында әкесінің ісін тақ мұрагері Ким Чен Ир жалғады. 2004 жылдан бастап «құдіретті гүлденген державада» ядролық сынақтар өтіп тұрады. Атасы мен әкесінің ісін қазір Ким Чен Ын жалғастырып келеді. Бірақ, «жабық елдегі» ядролық оқтұмсықтардың нақты санын білу мүмкін емес.

  1. ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ

Ядролық оқтұмсықтар саны: мәлімет жоқ
Бірінші сынақ: мәлімет жоқ
Соңғы сынақ: мәлімет жоқ

Бүгінгі таңда 9 елдің ядролық қаруға ие екендігі ресми түрде белгілі. Ал, Иран Ислам Республикасы олардың қатарына кірмейді. Бір анығы, Тегеран ядролық бағдарлама бойынша жұмысын санкцияларға қарамастан тоқтатпады және «бұл елдің өзінің ядролық қаруы бар» деген қауесет те бар. Әзірге Иранның атомды қолдануы 2015 жылғы келісімнің нәтижесінде МАГАТЭ бақылауында.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here