Зияткерлік меншікті қалай қорғауға болады?

0
1995

Әр адамға физикалық және рухани қажеттіліктердің тән екендігі белгілі. Соңғыларының бірі – бір нәрсені құру, әзірлеу қажеттілігі. Қазіргі таңда шығармашылық қызметтің нәтижелері үлкен қарқынмен артып келеді. Олардың барлығы, яғни, ғылым, өнер туындылары, сындарлы-техникалық шешімдер және даралау құралдары – зияткерлік меншік объектілері болып табылады. Адамның ақыл-ой еңбегімен байланысты қоғамдық қатынастар зияткерлік меншік құқығымен реттеледі.

Зияткерлік меншік құқығында автор жеке мүліктік емес және айрықша құқықтарды таниды. Біріншілері авторға тән, оларды иеліктен шығаруға болмайды және өмір бойы авторға тиесілі. Оларға авторлық құқық, автордың аты-жөні немесе туындыны өз атымен, бүркеншік атпен немесе жасырын түрде жариялау құқығы, туындыға қол сұғылмаушылық құқығы, сондай-ақ туындыға қол жетімділікті ашу құқығы жатады. Жеке мүліктік емес құқықтар авторға туындының жасалуына байланысты тиесілі, яғни олардың әрекеті туындының тіркелуіне немесе жариялануына байланысты емес. Автордың айрықша құқықтары негізінен зияткерлік меншік объектісін пайдалану мен іске асырумен байланысты. Егер зияткерлік меншік объектісін құру қызметтік міндет болып табылса немесе тапсырысты орындау шеңберінде құрылса, олар автордың өзіне де, оның жұмыс берушісіне де немесе тапсырыс берушісіне де тиесілі болуы мүмкін. Айрықша құқықтар лицензиялық шарт бойынша иеліктен шығарылуы мүмкін, заңда белгіленген өз мерзімі болады және тіркелген сәттен бастап құқық иесіне тиесілі болады.

Зияткерлік меншік объектісін тіркеу ҚР ҒЗИ арнайы тізілімінде жүргізіледі. Тіркелгеннен кейін зияткерлік меншік объектісінің авторына қорғау құжаты беріледі, ол куәлік немесе патент түрінде болуы мүмкін.

Зияткерлік меншік объектісі авторының құқықтары қорғауды қажет етеді. Олар әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін. Зияткерлік меншік құқығын пайдалануға тыйым салу, «ұрланған» даралау құралы бар өнімді тәркілеу және мұндай өнімді сатуға тыйым салу – жиі кездесетін қорғау түрі болып табылады. Мұндай әрекеттер соттың шешімі негізінде тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну арқылы жасалады.

Зияткерлік меншік саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізін құрайтын көптеген нормативтік актілер бар. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексін, «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңын, ҚР Патенттік Заңын және «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» ҚР Заңын бөліп көрсетуге болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
 заң факультетінің қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
 кафедрасының з.ғ.к., доценті Алаева Г.Т.
және оқытушы Рахметова Т.А.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here