Жолдау жаңа он жылдықтың жаңа парағын ашты

0
1680

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында ел көкейінде жүрген кезек күттірмес мәселелерге тоқталды. Сөздің басын қасіретті қаңтар оқиғасынан бастады. Елімізде жыл басында орын алған бұл оқиға елдігімізді сынға түсіргені, шұғыл әрекет пен батыл қадамдардың арқасында баға жетпес Тәуелсіздігімізді қорғап қалуымыз біздің бірлігімізді одан әрі нығайтқаны баршамызға белгілі. Өйткені, қазіргідей геосаяси жағдай күрделеніп тұрған уақытта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ынтымақтастықта жұмыс жасай білсек қана өркендеу жолына барамыз. Ал егерде әрқайсымыз әр тарапқа тартар болсақ, сонау ата-бабаларымыз армандап өткен азаттығымызға қара бұлт үйірлері хақ. Сондықтан да ең басты байлығымыз Тәуелсіздігімізді қорғау екенін Президент өз сөзінде тағы да қайталады.

Бүгін ел тағатсыздана күткен Жолдау бояуы қанық сырлы сөз, қағаз жүзінде қалатын құрғақ уәдеге құрылмағанын, бүгінгі бастама ел көкейіне үлкен сенім ұялатқанын аңғарамыз. Өйткені, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», – деп Шәкәрім атамыз айтқандай, бүгінгі жаңа онжылдықтың жаңа парағы ел күткен нәтижеге толатындай, бастау белесі секілді көрінді десем артық айтқандығым емес.

Жолдауда жаңа реформа алдымен биліктің өз ішінен басталатынын көрсетті. Президент айтқандай, біз ата заңымызды құрметтейтін, ертеңгі болашақ тағдырына бейжай қарамайтын, өзіне артылған жауаптты міндетті атқару перзенттік борыш деп білетін Жаңа Қазақстанды құрып отырмыз. Гүлденген мемлекет дегеніміз – ол ең алдымен қарапайым халықтың өкпе-назына құлақ асатын, сүрінген жанға демеу болып, өзіне дем беретін, халықпен тығыз жұмыс істейтін, өз қызметін халық мүддесімен ұштастыратын құрылымдық жүйе. Сондықтан да, алдағы уақытта тек жаттанды сөзге төселген құрылымдық жүйе жаңа Қазақстан көшін алға сүйрей алмайды. Бұны Президент өз Жолдауында нақты көрсетті.

«Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз», – деген Президент алдағы уақытта билік тек халыққа қызмет ететін, өзін халықтан биік қоймайтын институтқа айналатынын көрсетті.

Жалпы, бүгінгі Жолдауда көтерілген мәселелер халқымыздың талай жылғы күткен үкілеген үміттеріне жаңа леп берді. Ендігі жерде бұл бастаманы жүзеге асыру міндеті тұр. Көз ілеспес жылдамдықпен алға қрай құлашын сермеген мына әлем көшінен қалып кетпейік десек, бұл артылған жауапты істі бүгіннен бастағанымыз абзал.

Ш. Құттыбаев
Филология және көптілді білім беру институтының
магистрі, аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here