Бауырлас елге бауырмалдық танытты

0
1233

Алматыдағы TURAN international business тобының ұжымы Түркиядағы зілзала болған аймаққа гуманитарлық көмек көрсетті. Апат штабына 4 млн теңгенің қажетті заттарын, жылы көрпе-жастық, балалар киімдерін жөнелтті.

Ұжымның арнайы уәкілі белгілі ақын, сазгер, журналист Ерлан Төлеубай зілзала болған Қаһарман-мараш аймағында болып, өздері жіберген көрпе-жастықтарын аталған өңірде қазақтар тіккен киіз үйлерге жеткізуге үлес қосты. Сол топта «Асыл тас» серіктестігінің өкілдері мен журналистер де бар. Осы топқа Ыстанбұлдағы қандасымыз қоғам белсендісі Айша Саваш та қосылды. Ол осымен үшінші рет апат аймағында болды. Азық-түлік тиелген жүкті ала барды. Қазақтардың бастамасымен құрылған (ұйымдастырушылардың бірі – Нұрбек Бекбау) 100 киіз үйдің алаңында бірге болды. 100-ден астам қазақтың киелі үйінің арасында қызылордалық ағайынды кәсіпкерлер Мұрат пен Марат Сәрсенбаевтардың «Абай Дәулет» компаниясының алты қанатты ақшаңқан үйі де бар. Қажетті бұйымдарды осы үйлерде тұрып жатқан түрік ағайынға табыс етті. Бұл киіз үйлерде әйгілі боксшы Қанат Ислам жіберген 50 жылыту пешінің әр үйге 2 данасы қойылған. Бұл – бауырмалдықтың, туысқандықтың жылуы.

Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығында болған Ерлан Төлеубай алдағы уақытта зілзала зардабын тартқан ағайындарға тағы да көмек көрсетілетінін жеткізді.

Ержан УӘЙІС,
«Qazaq» газетінің арнайы тілшісі

ТҮРКИЯ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here