Қыздар университетінде педагогикалық идеялар фестивалі өтті

0
981

Педагогикалық жоғары оқу орындары, колледжер мен мектептердің арасындағы өзара іс-қимылды қалай нығайтуға болады? Болашақ педагогтің моделі қандай болуы тиіс? Жұмыс берушілер мен студенттер арасындағы байланысты арттырудың тетіктері қандай? Осы және өзге сауалдарға жауап іздеу мақсатында ұйымдастырылған педагогикалық идеялар фестивалі өз мәресіне жетті.

5 күн бойы еліміздегі білім беру ұйымдарының педагогтері мен мұғалім мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушылары өзара тәжірибе алмасып, озық ойларын ортаға салды.

Өмір бойы үздіксіз білім беру қағидасын жүзеге асыру мақсатындағы фестивальға 500-ден астам педагог қатысты.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Кластерлік білім беру – жүзеге асыру және перспективалары» тақырыбындағы іс-шара аясында Университеттің жетекші ғалымдары мен мектептердің жетекші әдіскер мұғалімдері 40-қа жуық шеберлік сыныптар мен ашық сабақтар өткізді.

Сонымен қатар, «Share» халықаралық жобасының директоры, «Назарбаев Қоры» білім беру бойынша бас талдаушысы Назипа Аюбаева, «Ustaz Professional Learning Centre» Білім-инновация мектеп-интернаттарының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев, «Learn» жобасының көшбасшысы Диана Цой, «BilimInvest» білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығының президенті Кулянда Батырбекова түрлі тақырып аясында танымдық кездесулер өткізіп, пайымды ойларымен бөлісті.

Фестивальдің жабылу рәсімінде Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай шара қатысушыларына оқу орнының ұжымы атынан алғысын білдіріп, бір топ белсенді педагогтер мен жұмыс берушілерді «Алғыс хатпен» марапаттады.

Салтанатты рәсімнің екінші бөлімінде Университеттегі өнер ұжымдары мен талантты студенттері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірқатар жеке білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады.

Келісім жасасқан ұйымдар қатарында «BilimInvest» білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығы, Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығы, №113 бөбекжай-балабақша сынды мекемелер бар.

Меморандумға сәйкес алдағы уақытта Университет білім алушылары мен түлектері аталған білім ордаларында тәжірибеден өтіп, кәсіби деңгейлерін шыңдауға мүмкіндік алмақ.

– Заманауи мектеп алдына қойылған міндеттерді шешуде мұғалім жұмысының маңызы зор. Бұл орайда педагогикалық жоғары оқу орны мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату өте өзекті. Фестиваль барысында ұстаз мамандарын даярлайтын оқу орындары, колледждер мен мектептер арасында өзара іс-қимылды нығайту басты назарға алынып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы мұғалім мәртебесінің артуына тың серпін береді деп ойлаймыз, – деп атап өтті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жандар Асан.

Маркетинг және коммуникациялар департаменті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here