Ескі пәтер мен көлікті жаңа пәтерге қалай айырбастауға болады?

0
6412

Тұрғын үй нарығында «Trade-in», яғни ескі пәтерді жаңаға ауыстыру бағдарламасы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлемде жұмысын бастаған бағдарламаның Қазақстандағы бағыты қандай? Жалпы, «Trade-in» деген не? Жылжымалы мүлікті жылжымайтын мүлікке ауыстыруға бола ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегін сараптап көрейік.

ЕЛІМІЗДЕ «ТRADE-IN» ТРЕНДКЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

«Тrade-in» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «сауда-саттық» деген мағына береді. Біздің тақырыпқа тураласақ, «пәтер сатып алу» немесе «ескі пәтерді жаңасына ауыстыру». Тозығы жеткен үйді жап-жаңа пәтермен айырбастай қоймайды, әрине үстемақымен. Мысалы, сіздің ескі үйіңіз 10 миллионға бағаланды дейік. Сіз 20 миллион теңге тұратын жаңа пәтерге қызығып отырсыз. Онда арнайы құрылыс компаниясымен мәміле жасасасыз да, жаңа тұрғын үйдің кілті мен құжатын қолыңызға аласыз. Есесіне, ескі тұрғын жайыңызға қоса үстіндегі 10 миллион теңгені өтеуге тура келеді.

Рас, бұл бағдарлама өте тиімді. Бір жағынан тұтынушы ескі пәтерін сатудың машаһатын көрмейді әрі жаңа пәтерге орналасады. Ал, компания салынып жатқан нысанға тұтынушыны іздемейді, олар өздері келеді.

Аталған бағдарлама шетелде үлкен сұранысқа ие. Тек қана тұрғын үй нарығында емес, автокөлік, түрлі техникалар сату және сатып алу үшін тиімді жол ретінде қарастырылады. Ресейлік нарықта 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жоба шет елдер үшін де жат емес. Ресей Федерациясы алты жыл бұрынғы дағдарыста тұрғын үйлердің бос қалуын осындай тиімді бағдарлама ойлап табу арқылы шеше білген. Бұл елде «Тrade-in»-нің тиімділігін түсінген тұрғындар саны 2018 жылдың өзінде жылжымайтын мүлікті сатудың жалпы көлемінің 20 пайызын құраған. Ал, 2019 жылы 28 пайызға артып, әр үшінші пәтер осы бағдарлама арқылы сатып алынған.

Биыл елімізде «Тrade-in» бағдарламасы аясында «Auto Тrade-in» жаңа жоба іске қосылды. Енді бағдарлама арқылы тұтынушы өз көлігін жылжымайтын мүлікке айырбастай алады…

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫЛЫП ЖАТЫР?

«Тrade-in» сауда-саттық бағдарламасы Ресейде ғана емес, Қазақстанда да 2015 жылдары қызу талқыға түсті. Алғашқыда халық аталған жүйені түсінбеді ме, әйтеуір бағдарламаны бірден қабылдай қоймағаны анық. Кейінірек, 2018 жылдардан бастап оған сұраныс артып, компаниялар осы жүйе бойынша жұмыс жүргізе бастаған.

Ең алғаш рет Қазақстанда осы бағдарламамен​ 2019 жылы «BI Group» құрылыс компаниясы жұмыс істей бастады. Компания қызметін бастамас бұрын ресейлік тәжірибелі агенттікпен келісімшартқа отырған. Ал, қазіргі уақытта сауда-саттықтың аталған бағдарламаға негізделген түрін көптеген компания ұсына алады. Атап айтар болсақ, бұндай ірі компаниялар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында шоғырланған. Сондай-ақ, кей өңірлерде де тұтынушыларға «Тrade-in» бағдарламасы аясында қызмет көрсетіліп жатыр. Бұл компаниялар тек жаңаны ескіге айырбастаумен ғана емес, оны сатуға да көмек береді.

Қазақстан нарығында алғашқы болып мұндай схеманы автодилерлер қолданды. Яғни, тұтынушыға ескі көлікті қосымша төлеммен жаңасына айырбастау қызметі ұсынылды. Кейін бұл бағдарламаның берекесін гаджет өндірушілер көре бастады. Тиімділігі тайға таңба басқандай көрінген «Тrade-in» бағдарламасы кейіннен құрылыс компаниялары арасында кеңінен қолданыла бастағанын көз көріп, құлақ естиді.

«BI Group» құрылыс компаниясының қайта сату бөлімінің басшысы Айшат Таспаеваның сөзінше, аталған бағдарлама жеке пәтері болғанымен, өмір сүру сапасын жақсартқысы немесе тұрғылықты ауданын ауыстырғысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік. Бағдарлама аясында жылжымайтын мүлікке арналған опцияларды кең көлемде таңдау, жеке жеңілдік пен белгіленген мерзім ішінде жаңа пәтер сатып алу мүмкіндігі, сондай-ақ құқықтық қолдау көрсету жағы да қарастырылған.

ЕСКІНІ ЖАҢАҒА АЙЫРБАСТАУДЫҢ АЛТЫ ҚАДАМЫ

«Тrade-in» бағдарламасы бойынша жылжымайтын мүлікті айырбастау бірнеше міндетті кезеңдерді қамтиды.

Алғашқы қадам – өтініш беру. Яғни, жылжымайтын мүлікті сатып алғысы келетін адам сату бөліміне ресми түрде өз өтінішін қалдырады. Одан кейін арнайы мамандар іске кіріседі. Тұтынушыға жылжымайтын мүлікті бағалаушының қызметі ұсынылады.

Келесі қадамда екінші реттік тұрғын үйді бағалау рәсімі жүргізіледі. Компания мамандармен бірлесе отырып сату бағасын ұсынады. Айта кетерлік жағдай, ұсынылған бағаға тұтынушы қанағаттанбаса, сол жерден жұмысты тоқтата алады. Яғни, ұнамаған жағдайда бағдарламадан бас тарту жағы да қарастырылған.

Егер құрылыс компаниясы мен клиент арасында келісімді іс жүргізілсе, төртінші қадамға аяқ басуға болады. Бұл ретте қос тарап сатып алу құнын келісіп, екінші кезектегі тұрғын үйді сатып алушыны іздеуге кіріседі. Айта кетейік, бұл этапта тараптар екі келісімшартқа қол қояды. Біріншісі – жылжымайтын мүлікті сату туралы, екіншісі – жаңадан салынып жатқан ғимараттан қалаған пәтерге алдын ала тапсырыс беру туралы. Бұл үшін жалпы соманың 10 пайызын төлеу қажет.

Одан кейін сату бөлімі дилерлік агенттіктің көмегімен екінші кезектегі пәтерді сатуға кіріседі. Ескі пәтерден түскен ақша жаңа тұрғын үйдің өтемін төлеуге жұмсалады. Ал, үстемақы екі тараптың алдын ала бекіткен шартында көрсетілген мерзімге дейін төленуі керек.

Ең соңғы қадам – өзара келісім. Клиент салынып жатқан пәтерге үлестік қатысу туралы шартқа қол қояды. Әрі қарай төлем келісім бойынша жүргізіледі. Ал, жаңа тұрғын үй қолданысқа берілгеннен кейін тұтынушыға өзі таңдаған пәтерде қоныс тойын тойлауға рұқсат.

Бұл негізде қос тарапқа да өзіндік міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеледі. Компания ескі пәтерді сату үшін нарықтағы соңғы ұсыныстар негізінде белгіленген бағаны тұтынушыға ұсынады. Сондай-ақ, компания бағдарламалық қызметке жүгінген тұлғаның мүлкін орташа нарықтық бағамен сатуға шығаруға құқылы. Ал, пәтер иесі өз кезегінде ескі пәтерін жаңа сатып алушыға көрсету, баға туралы келіссөздер жүргізу сияқты жұмыстарға жауапты. Егер қос тараптың бірі өз міндетін дұрыс атқармаса, екінші жақ келісімшартты тоқтата алады.

ЕСКІДЕН ҚҰТЫЛУ МА, ӘЛДЕ АҚШАДАН ҰТЫЛУ МА?!

Иә, айырбастауға ұсынылатын тұрғын үйге қатысты бірнеше талаптар ескерілуі қажет. Жаңа пәтерге айырбастау мүмкіндігін алу үшін бірінші тұрғын үй 2000 жылдан бері қарайғы уақытта салынған, барлық құжаты толық және қалалық коммуналдық желілерге қосылған болуы керек. Сондай-ақ, онда заңсыз қайта құрулар мен күрделі жөндеуді қажет ететін ақаулар болмау жағы басты назарға алынады. Тұрғын үйдің тозуы 40 пайыздан артық болса, яғни үй өте ескі болса, онда жаңа пәтерге айырбастау мүмкіндігі жоқ.

Айта кетерлік жайт, жер учаскесі, коттедж үйлер, жатақхана бөлмелері, сәулет ескерткіші болып табылатын ғимараттар, ауданы 200 шаршы метрден асатын пәтерлер және тұрғын емес үй-жайлар мен автотұрақтар бағдарламаға қатыса алмайды.

Егер ескі пәтер сатылып кетсе, бірақ жаңадан салынып жатқан ғимаратты қолданысқа беруде мәселелер туындаса, бұл тәуекел етіп бел буған екі тарапқа да әсерін тигізеді. Мұндай жағдайда жаңа пәтерге меншік иесінің құқығын тіркеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Ал, жаңа үй уақытылы қолданысқа берілсе, онда қоныс тойдың ауылы алыс емес дегенді білдіреді.

Тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін тұтынушы үш айдың ішінде ескі пәтерді босатуға міндетті. Олай болмаған жағдайда, мәміленің күші жойылады. Егер үй үш ай ішінде сатылмаса, мердігер компания келісімшартқа сәйкес бекітілген қаржыдан он пайыз ұстап қалады. Бұл жаңа ғимараттағы пәтерді алдын ала брондағаны үшін төленетін ақы.

Осы жерде сұрақ туындауы заңды. Ескі пәтерді үш ай ішінде сату қажет болса, ал жаңа ғимарат құрылысы енді ғана жүргізіліп жатса, сатып алушы қалған уақыт аралығында қайдан пана табады? Бұл сұрақтың жауабы еш жерде нақты қарастырылмаған. Бір түсінгеніміз, «Тәуекел түбі – жел қайық» деп бірнеше жылдан кейінгі жаңа пәтерді мақсат етіп, бел бууға тура келеді. Ал, жаңа ғимарат құрылысы ерте аяқталса, нұр үстіне нұр болары анық.

Және бір тиімсіз тұсы – ескі пәтерді сату кезінде арнайы агенттіктерге төленетін қаржы да пәтер иесінің қалтасынан төленеді. Сондай-ақ, жаңа ғимараттардың барлығы «Тrade-in» бағдарламасы аясында айырбастауға беріле бермейді. Елордадағы «Baisanat», Алматыдағы «Koktobe City» тұрғын үй кешендері аталған бағдарлама жобасымен жұмыс жүргізе алады.    

КӨЛІКТІ – КЕШЕНГЕ

Биыл елімізде «Тrade-in» бағдарламасы аясында жаңа жоба іске қосылды. Бұл бойынша құрылыс және автокөлік компаниялары өзара келісімге келе отырып «Auto Тrade-in» деп аталатын бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама арқылы тұтынушы өз көлігін жылжымайтын мүлікке айырбастай алады.

Алғашқы кезең болғандықтан бағдарлама игілігін тек ірі қаладағы тұрғындар ғана көре алады. Үй сатып алу үшін автокөлікті пайдалану мүмкіндігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтау қалаларында қолжетімді.

Тұтынушы ең алдымен «BI Group», «Nova City» компанияларына тиесілі жылжымайтын мүлікті таңдайды. Бұл жерде бастапқы жарнаға ақы төлеу қажеттігі туындайды. Сатып алушы ол үшін автокөлікті пайдалана алады. Тұтынушы «Aster» компаниясының кез келген автосалонына барып, тиісті құжаттарды реттейді. Одан кейінгі шаруа «Тrade-in» бағдарламасы аясында жүргізіледі.

Сондай-ақ, «Rams Qazaqstan» құрылыс компаниясы туралы да айта кеткеніміз жөн. Бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға аталған құрылыс компаниясына тиесілі тұрғын үй немесе кеңсені сатып алу үшін өз көлігін алғашқы жарна ретінде пайдалану мүмкіндігі беріледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп сақтанады қазақ. Аталған бағдарлама негізінен тиімді. Өз бетіңізше жаңа ғимараттан пәтер алу қиындық туғызуы ықтимал. Әрі ескі пәтерді сатуда арнайы мамандар іздеп әуреге түспейсіз. Маманды компания ұсынады. Сіз тек ақшасын төлесеңіз болғаны. Бірақ, тұтынушы екінші жақты да назардан тыс қалдырмағаны абзал. Бұл адамдарды алдауға арналған бағдарлама емес. Барлығы заңды, келісімшарт негізінде жүргізіледі. Дегенмен, тәуекел етпес бұрын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, барлық шығындар мен пайданы есептеп алған жөн. Және заңнан, тұрғын ғимараттардың құрылысынан, нарық пен экономикадан хабарыңыз болғаны абзал. Әйтпеген жағдайда, «жыртық лашығыңызға» да жете алмай, сан соғып қалуыңыз әбден мүмкін.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here