Кітап оқыған озар…

0
3032

25 наурыз күні Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Жыл – он екі ай» балалар журналының ұйымдастыруымен «Кел, балалар, оқылық!» атты интеллектуалды байқау өтті. Байқауда №147 мектеп-гимназия мен №53 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушылары өзара бақ сынады. Бұл сайыстың басты мақсаты – балаларды кітап оқуға ынталандырумен қатар, ұлттық таным көкжиегін кеңейту. Әділқазылар алқасында публицист, жазушы және «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы, публицист, балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов, терапевт, дәрігер Меруерт Сартымбекова болды.

Интеллектуалды байқау алты кезеңнен құралды. Алғашқы айналымда оқушылар «Алаш» (№147 мектеп-гимназия) және «Жас Ұлан» (№53 мектеп-гимназия) тобына бөлініп, өз топтарын таныстырса, келесі айналымда қазақ тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бейнесін тану бойынша білімдерін саралады. Үшінші айналымда берілген ұйқастар бойынша өлең шығарып, берілген мәтін бойынша мақал-мәтелдерді еске түсірді. Көрермендер де сайыстан тыс қалмай, «Жанкүйерлер сайысына» қатысты. Көрермендер арасында мақал-мәтел, жұмбақтар бойынша берілген тапсырмаларға жауап беріп, өзі қалаған топқа 1 ұпайдан беріп отырды. Келесі айналымда топ басшылары арнайы викториналық сұрақтарға жауап берді. Соңғы айналым «Бұл не?» деп аталды. Сайыстың шарты бойынша қораптың ішінде жасырылған затты берілген мәліметтерді саралай отырып табу керек болды.   

Байқау соңында «Жас Ұлан» тобы 1-орынды, «Алаш» тобы 2-орынды иеленді. Одан бөлек, сайыс барысында белсенділік көрсетіп, жаңылпаш, өлең және мақал-мәтел айтқан, жұмбақ шешкен оқушылар да арнайы Алғыс хаттарға ие болды. Шараға келген барлық балаларға «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы «Жыл – он екі ай» журналын және балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов өздерінің кітаптарын сыйға тартса, шараның басы-қасында жүрген Рабиға Қалдыбайқызы осындай байқаулар балалардың рухани дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here