Өзге елде өрлегендер: Тимур Бекмамбетов

0
3096

Қазақстанда туған, Ресейде танылған, Голливудта жұлдызы жанған қазақ Тимур Бекмамбетовтың есімі соңғы жиырма жылдықта әлемдік киноиндустрияда жиі аталатын болды. Бірнеше туындыларымен бір Ресейде ғана емес, ТМД елдеріне кеңінен танылып, Голливуд актерлерімен табысты жұмыс атқарып жүрген атақты режиссер, клипмейкер, продюсер 60 жастағы Тимур Бекмамбетов «Өзге елде өрлегендер» айдарының алғашқы кейіпкері.

Тимур Бекмамбетов марқұм әкесі басшы болған «Атырау Жарық» кеңсесіндегі мемориалдық тақтаның алдында жерлестерімен бірге, 2015 жыл

АТЫРАУДЫҢ ТУМАСЫ

Тимур Бекмамбетов 1961 жылы 25 маусымда бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырауда дүниеге келген. Әкесі Нұруахит Бекмамбетов – «Гурьев-энерго» (қазіргі «Атырау Жарық») мекемесінде басшылық қызметте болса, анасы – Мирра Богословская (ұлты – еврей) облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде редактордың орынбасары, әдеби қызметкер болды.

Болашақ режиссер Атыраудағы C.M.Киров атындағы №17 орта мектептің түлегі. Мектепті бітірген соң бір жыл Мәскеудің авиация инстиутында оқиды. Кейіннен Ташкенттегі театр-көркемөнер институтын театр мен кино суретшісі мамандығы бойынша аяқтайды.

Иә, екінші жартысын сол Ташкенттен тапты. Өнерлі отбасынан шыққан сұлумен отау тікті. Жанна есімді қыздары дүниеге келді (атақты ВГИК түлегі (Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты), кино саласында еңбек етеді, – ред.). Жас отбасы тоқсаныншы жылдары Мәскеуге қоныс аударды. Кейін екеуі ажырасып кетті.

Шеркеш руынан шыққан әлемге әйгілі тұлға жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан мен Алматыға барып жүргенімен, туған қаласы Атырауға жиі ат басын бұра бермейді. Соңғы рет Атырауға 2015 жылы барды. Туыстарымен көрісті, мектебіне бас сұқты, ата-анасына құран бағыштады. Бұдан бөлек, марқұм әкесі ұзақ жылдар жұмыс істеген «Атырау Жарық» кеңсесіне де аяқ басты. Онда жерлестері Нұруахит Бекмамбетовке арналған мемориалдық тақтаны танымал ұлына көрсетті. Сол кезде жерлестеріне Тимур Бекмамбетов: «Жас ұлғайған сайын туған жер тартып тұрады екен. Енді Атырауға жиі келіп тұрамын», – деп уәде беріпті.

Осы жазда асқаралы алпысқа толған Тимур Бекмамбетов «Screenlife» атты кітабын жарыққа шығарды.

«Менімен бірге screenlife-картиналарын жасағандардың қатысуымен screenlife форматында кітап жаздым. Бұл басылымнан идея мен сценарийден бастап, түсірілім мен монтажға дейін компьютер мен телефонның экранында киноны қалай түсіру керектігін білуге болады», – дейді режиссер.

Айта кетейік, режиссер үш рет үйленген. Жоғарыда жазғанымыздай, алғашқы әйелімен дәм-тұзы жараспай екі жаққа кетеді. Екінші сүйіктісі –  Варвара Авдюшкомен түсірілім кезінде танысады. Костюм суретшісі болып жұмыс істейтін ол 20 жылдай Тимур Бекмамбетовтың музасына айналады. Ерлі-зайыптылар 2019 жылы ажырасты. Сол жылы ол өзінен 30 жас кіші Наталия Фишманмен отау тікті.

Кино әлемінде оны «Бек» деп атайды. Бірақ, режиссердің айтуынша, бұл «атақпен» байланысты емес. Тимур Бекмамбетовпен жұмыс істейтіндер оның тегін дұрыс айта алмай қиналады екен. Мұның бәрі Мәскеуде Бекмамбетов әлі жарнамамен айналысып, кино әлеміне алғашқы қадамдар жасап жүрген кезден басталған. АҚШ-та жетістікке жеткен режиссер көрермендер мен әріптестеріне тегін толықтай айтуы үшін арнайы жаттығу ойлап табады.

«Ойлап тапқан жаттығуымды АҚШ-та бастадым. Тегімді төртке бөлдім: БЕК сөзінің қазақша мағынасы «атақ» екенін американдықтар білмейді, оған қоса, БЕК деген «сыра» бар, содан мен қағазға сыраның суретін салдым, МАМ сөзі ағылшыннан аударғанда «ана» деген мағынаны білдіреді, бала ұстаған әйелді салдым, БЕТ – казинодағы ставкалар,  ОВ – ОН және ОФФ ағылшынша «қосу» және «өшіру» дегенді білдіреді. Осылайша, тегімді төртке бөліп, төрт суретті көрсеттім. Адамдар есте сақтай бастады», – деген еді режиссер бір басылымға берген сұхбатында.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ

Тимур Бекмамбетов 1991 жылы Мәскеуде тележарнама, көркем және деректі кино, музыкалық клиптер түсіретін «Bazelevs production» компаниясын құрады. Сөйтіп, режиссерлік мансап баспалдағын жарнама түсіруден бастаған оның «Империал» банкі туралы тізбекті жарнамалық роликтері көрермен зердесінде ерекше сақталып қалды.

Еңбек жолын Өзбекстанда 1987 жылы «Перед большой дорогой на войну» телефильмінде қоюшы-суретші болудан бастаған оның үлкен кинода алғашқы түсірген картинасы ретінде «Пешаварский вальс» (1993) атты Ауған соғысы туралы фильмін айтуға болады. Одан кейін «Наши 90-е» (1998), «Гладиатрикс» (2000), «ГАЗ – русские машины» (2002) фильмдері көрерменге жол тартты.

Ресейлік фантаст-жазушы Сергей Лукьяненконың кітаптары бойынша түсірген «Ночной дозор» (2004) және «Дневной дозор» (2005) фильмдері Тимур Нұруахитұлына нағыз танымалдылық әкеліп, даңққа бөледі. Осыдан кейін, яғни 2005 жылы Голливудқа да шақырылған болатын қандасымыз.

12 сериялы «Громовы» (2006) туындысын да көрермен жылы қабылдады. Сол жылдары аталған телехикая «Россия» федералдық арнасында эфирге шықса, 2008 жылы «Первый канал», 2011 жылы «Россия-1» арналары қайталап көрсетті.

Эльдар Рязановтың рұқсат етуімен бір емес, бірнеше ұрпақтың сүйікті киносына айналып үлгерген «Ирония судьбы» (2007) фильмінің де жалғасын түсірді («Ирония судьбы. Продолжение»). Бұл картина Ресей киноиндустриясындағы долларлық табыс табу рекордын түбегейлі жаңартқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Қазір Голливудта жұмыс істеп жүрген Тимур Бекмамбетовтың 2008 жылы «Особо опасен» деген туындысы әлемдік прокатқа шықты. Онда басты рөлдерді Голливуд жұлдыздары Анжелина Джоли, Джеймс Макэвой, Морган Фримен сомдаған. Бюджеті 75 млн АҚШ доллары болған фильм прокаттан 341,5 млн АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. Ал, бұған қалайша мақтанбайсыз? Өйткені, Тимур жеткен мұндай зор табысқа сол тұста киноиндустриясы ТМД елдеріне қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған Ресейдегі бірде-бір кинорежиссер жеткен емес еді.

Міне, Тимур Бекмамбетовтың Голливудтағы қолтаңбасы – Universal Pictures компаниясының бюджеті 75 миллион доллар болатын блокбастер түсіретін режиссерді бұрынғы Кеңес Одағынан тұңғыш шақыруы болғандығымен де ерекшеленіп, тарихта қалды.

«Особо опасен» фильмінен кейін атағы әлемге жайылған қандасымыз Елордада өткен V-ші халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің құрметті қонағы болды. Бүгінде Тимур Бекмамбетовтың Қазақстандағы түрлі мәдени шаралардан тыс қалмай, тарихи Отанына жиі келіп тұратыны қуантады, әрине. Оның үстіне қандасымыз Халықаралық Astana экшн-фильмдерге арналған кинофестивальдің негізін қалаушы әрі президенті.

2008 жылдан бері Тимур Нұруахитұлы үздіксіз сапалы фильмдерді түсіріп келеді. Жыл сайын бір, тіпті кейде екі-үш фильмнен түсіретін режиссер 2008-2021 жылдар аралығында «9», «Чёрная Молния», «Ёлки», «Выкрутасы», «Аполлон 18», «Фантом», «Смешарики. Начало», «Ёлки-2», «Президент Линкольн: Охотник на вампиров», «Приключения Алисы. Пленники трех планет», «Джентльмены, удачи!», «Снежная Королева», «Ёлки-3», «Горько», «Игра в правду», «Горько-2», «Ёлки лохматые», «Белки», «Снежная королева-2: Перезаморозка», «Ёлки 1914», «Он – дракон», «Самый лучший день», «Убрать из друзей», «Хардкор», «Бен-Гур», «Время первых», «Ёлки-5», «Взломать блогеров», «Война Токов», «Ёлки новые», «Профиль», «Днюха», «Ёлки последние», «Поиск», «Убрать из друзей: Даркнет» сынды үздік фильмдерін миллиондаған көрермендердің назарына ұсынды. Биыл «Девятаев» әскери-тарихи фильмін жарыққа шығарды.

РЕСЕЙ КИНОСЫН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРГЕН ҚАЗАҚ

Қаратауда (Жамбыл облысы) туған атақты ресейлік фантаст-жазушы Сергей Лукьяненко режиссер Тимур Бекмамбетовтың шығармашылығын қатты құрметтейтінін жасырмайды.

«Мен өзімнің кітабыма ғана бұйрық беретін командирмін, ал фильмде бәрін шешетін Тимур», – дейді фантаст-жазушы.

Көзі тірісінде РФ Халық әртісі Валерий Золотухин: «Мен Тимур Бекмамбетовтың шығармашылық жұмысынан керемет қанаттандым. Өйткені, ол мен бұған дейін кездестірмеген, тіптен бөлек режиссерлік әдіспен жұмыс істейді екен. Ресей киносы, сөз жоқ, өркендеп келеді. Жақсы ма, жаман ба, ұнай ма, ұнамай ма – маңызды емес, үлкен қаржы жұмсалып, үлкен табыс түсіп жатқан соң оған сұраныс бар. Демек, кино саласына Тимурдың қосып жатқан үлесі зор», – депті.

Кино өнерінде бағын сынаған әрбір режиссерге Ресей театры мен киносының жарқын жұлдыздарының бірі, аузы дуалы марқұм Валерий Сергеевичтің мұндай пікірін естуден артық құрмет пен атақтың керегі болмас. Сол пікір орыс кино өнерін ХХІ ғасырда жаңа белеске, әлемдік деңгейге шығарған атыраулық Тимур Бекмамбетовтың маңдайына жазылыпты.  Мұның бәрі Атырауда туған ұлдың құдай берген табиғи дарыны мен шығармашылық ізденісінің арқасы болса керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әлбетте, Голливуд көптеген актерлер мен режиссерлер үшін баяғыда-ақ қол жетпес арманға айналғанын жасыра алмаймыз. Ал, Атыраудың тумасы осындай үлкен жетістікке қол жеткізіп, әлемдік киноиндустрияның тарихында есімі алтын әріптермен жазылып, қазақтың атын әлемге танытып, мәртебемізді асқақтатып жатса, әр қазақтың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні заңдылық.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here