Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы қалай тойланады?

0
4304
Тарихи деректерге сенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туған, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасаған ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында тұтқынға алынған...

Азаттық таңы атқалы тарихи тұлғаларымызды дәріптеу ісі мықтап қолға алынды. Әсіресе, ел аузында жиі айтылмайтын ірі қоғам қайраткерлерін ұрпаққа кеңірек таныстыру ісі де ресми түрде аталып өтуде. «Шынайы тарихты ешкім, ешқашан өзгерте алмайды» деген осы болар. Бұл жақсы бастама – елдің тұтастық келбетін, ұлттың өмірлік ұстанымын бекітуде үлгі боларлық ізгі қасиет.

Бейбарыс сұлтан 1266 жылы Каирдің орталығынан мәмлүк сәулет өнерінің үлгісінде мешіт салуға әмір берген, «Мысыр мен Шам елі төрт құбыласы түгел біртұтас мемлекет болсын» деген ниетпен мешіттің пішінін төрт бұрышты етіп бекіткен…

Осынау ерлік пен елдікті ту еткен мемлекет қайраткерінің бірі, Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті, Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған әрі оны 17 жыл билеген Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы Мысыр мен Қазақстан арасында кеңінен аталып өтілмек.

Мәмлүктер мемлекеті туралы сөзді әріден қозғасақ, ол дәуір құл саудасы өркендеген кезеңге барып тіреледі. Яғни, он үшінші ғасырдың орта шенінде Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, жас қыпшақтар құлдыққа сатылып, әскери дайындығын жақсарту үшін Ніл өзенінің ортасындағы аралға жіберіліп отырған. Мысыр билеушілері мемлекетті жаулардан қорғау үшін жергілікті халықты емес, көшпелі түркі жастарын қолданған. Себебі, олар өте шабандоз әрі мықты сарбаз болды. Сондықтан оларды арабтар «мәмлүктер» деп атаған. Жас мәмлүктердің ішінде Бейбарыс өзін мықты сарбаз және қабілетті стратег ретінде көрсетіп, көп ұзамай Мысыр сұлтанының жеке гвардиясының қолбасшысы боп тағайындалды. Сондай-ақ, Бейбарыс ислам әлемін күрескерлердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарған батыр да жігерлі қолбасшы болған. Елдің әл-ауқатын көтеруде де орасан еңбектер атқарып, асыл дінімізге ерекше құрмет танытқан Бейбарыс медреселер салуға да көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір «Бейбарыс мешіті» деп аталады. Ол қарапайым құлдан мемлекет билеушісі дәрежесіне жеткен ерекше жаратылыс иесі. Міне, Бейбарыс есімінің Мысыр тарихында бүгінге дейін сақталуының құпиясы осында жатыр.

Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығының шымылдығы өткен айда Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен ашылды

Жалпы Мәмлүк мемлекеті билік жүргізген дәуірді кейбір араб тарихшылары «алтын жылдар» деп баға берген. Себебі, сол кезеңдерде мемлекет бұрынғыдан да гүлденіп, халықтың әл-ауқаты артып, елге әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер келе бастаған. Тіпті, қолөнер, ауыл шаруашылығы, ғылым және сауда қарыштап дамыған. Сол кезеңде тұрғызған мешіттер, медреселер, бекіністер мен көпірлер күні бүгінге дейін сақталған.

Сонымен, биыл Мысыр мен Қазақстан елдері бірігіп, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шараларды талқылап, оның ішінде 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарын және олардың 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтілмек болып бірауыздан өткен жылы бекітілген болатын. Мұнымен қоса еліміздің қалалары мен елді мекендерінің көшелері мен алаңдарына, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылып, Астана, Алматы қалаларында, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттау.

Атаулы датаға дайындық бір жыл бұрын басталып, былтырғы жылдың қыркүйек айында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған еді. Осы кездесу барысында Мемлекет басшысы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге Қазақстан тарапы да өз үлесін қосатынын айтса, Мысырдың мәдениет министрі де екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың ілгерілеуіне көңілі толатынын, осы бағыттағы байланысты одан әрі кеңейтуді қолдайтынын жеткізді.

Бұл тұрғыда Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф те әлеуметтік желіде өз оқырманымен тың мәліметтерін бөлісті. Атап айтсақ, елшінің Instagram парақшасында мерейтойға орай Мәмлүктер дәуіріндегі әр түрлі кәдесыйларды шығару үшін кәдесый шығаратын «Konouz» зауытымен Сұлтан Бейбарыстың дулығасы, әскери сауыты, қылышының нұсқаларын жасап беруге уағдаласқанын және мысырлық шеберлер жасаған бұл бұйымдар Қазақстанның мұражайларында лайықты орын алатынын, Каир губернаторы, генерал Халид Әбдел-Әл Әбдел-Хафезбен кездесу барысында ежелгі Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын, осы тұрғыда Каирде Қазақстанның Мәдениет күндерін өткізу жоспарланғанын жазды. 

Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығының шымылдығы өткен айда Астанада ашылды. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, еліміздің және шет мемлекеттердің белгілі қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссиялар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін жеткен, қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы халықтың, тарихтың, ар-ұжданның алдындағы жауапты той болмақ.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here