Жастар «Тұғырлы тәуелсіздік» республикалық жас ақындар айтысына қатысты

0
1362

30 қараша күні Казталов ауланында Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Казталов ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Айтысқа Маңғыстау, Атырау облыстары мен Алматы қаласының, Казталов, Сырым, Жаңақала, Теректі, Ақжайық аудандарының жас ақындары қатысып, бақтарын сынады. Ақындардың өнеріне Ақжайық айтысының көшбасшысы, журналист, жазушы, Қазақстан жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, Жетінші алтын домбыраның иегері, ақын қыз Жансая Мусина, айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы Талғат Мықи, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қазылық етіп, шайырлар өнеріне өз бағаларын берді. Айтыс шымылдығын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл мен Атырау облысынан келген ақын Алшынбек Мұқанғалиев ашып өнерге сусаған халықтың шөлін жырларымен сусындатты. Ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен сырымдық Қондыкер Елеуов жырсүйер қауымға аға мен іні арасындағы айтыс өрнегін көрсетті.

Ал сырымдық Санат Каримов пен теректілік ақын Әділ Ахметовтың жұбы осалдық танытып, бірі оза шауып, бірінің бабы болмады ма, әйтеуір іркіліп қалды. Айтыстың І айналымын алматылық ақын Райымбек Өтепов пен маңғыстаулық ақын Сәндібек Ботабаевтың тартысты бәсекесінен соң, жерлес ақынымыз Естеміс Мұқанбетов пен атыраулық ару Фариза Жетпісбаева қыз бен жігіт айтысымен түйіндеді. Қазылар алқасы екінші айналымға жас ақындар Райымбек Өтепов, Алшынбек Мұқанғалиев, Мейірман Шәкенов, Сәндібек Ботабаевтың өткен хабардар етіп, суырылып оза шапқан төрттік ІІ кезеңнің шырайын келтірді.

Жыр додасын тамашалуға келген халық санында шек болмады. Дегенмен, ұйымдастырушылар оны да ескеріп, арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырды. Айтысты «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан да тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік туды.

Республикалық жас ақындар айтысында жүлделі ІІІ орын маңғаз өлке Маңғыстаудан келген Сәндібек Ботабаевқа бұйырса, ІІ орынды Қаратөбе ауданының тумасы, Алматының білімгері Райымбек Өтепов, І орынды Атырау облысынан келген ақын Алшынбек Мұқанғалиев иеленді. Жыр додадысынң бас жүлдесін қанжығасына Ақжайық ауданының ақыны Мейірман Шәкенов иеленді.

Марапаттау салтанатында айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла шайырларымыздың айтысына бағасын беріп, сыны мен мінін айтып, топқа қосқан жыр сәйгүліктеріне сәттілік тіледі. Аудан әкімі Альберт Есалиев аудан халқы атынан республикалық айтыс қонақтарына, жеке кәсіпкер Самат Хамзаұлына алғысын білдіріп, қазылар алқасының құрамына естелік сыйлықтар табыс етіп, аудан халқы атынан Ақжайық айтысының көшбасшысы Бауыржан Халиоллаға тұлпар тарту етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here