Облыстық айтыс тәуелсіздіктің мерейтойына арналды

0
297

«Тәуелсіздікке тағзым» байқауына көптен бері бас қоспаған өңірдің айтыскерлері жиналды. Үздік ақынды анықтау екі күнге созылды.

Айтыс Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының сахнасында өтті. Айтыскерлердің қолдаушылары облыстың барлық қалалары мен аудандарынан келді. Жалпы алғанда байқауға 28 қатысушы жиналды. Жеңімпазды анықтаған әділ қазылар алқасының құрамына танымал ақындар, жазушылар мен журналистер енді. Олардың қатарында «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттің профессоры Аманжол Әлтаев, павлодарлық ақын Арман Қани, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров және «Naizatas» әдеби журналының бас редакторы Асыл Әбішев болды.

Айтыскерлер екі күн қатарынан сөз додасында сайысып, шеберліктерін көрсетті. Мәре айтыста ақтоғайлық Абзал Қабдраш пен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев кездесті. Нәтижесінде Аспанбек Шұғатаев бас жүлдені жеңіп алды, ал, Абзал Қабдраш бірінші орын иегері атанды. Екінші орынды Екібастұздың намысын қорғаған Рауан Қайдар мен павлодарлық Қуаныш Шарманов өзара бөлісті. Үшінші орынға Успен ауданынан келген Бөкен Жігер мен павлодарлық Мизан Жұмәлі табан тіреді.

Марапаттау рәсіміне Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты. Ол Ертіс-Баян өңірінде «Желдірме» ақындар мектебі жұмыс істейтінін және жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында қалалық және аудандық айтыстар өткізілетінін еске салды. Аймақ басшысы бәрін айтыстың табысты аяқталуымен құттықтап, айтыскерлердің арасындағы сөз додасы дәстүрге айналатынына үміт білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here