Сүйінші! Әлихан Бөкейхан есімі Қарағандының Октябрь ауданына берілді

0
1430

Осыдан 90 жыл бұрын негізі қаланған, 1934 жылы қала мәртебесін алған Қарағанды қаласында 500 мыңдай халық тұрады. Халық саны бойынша еліміздегі бесінші қалада екі аудан бар: Қазыбек би және Октябрь. Біріншісі 2001 жылға дейін Советский аталды. Ал, екіншісінің атауын өзгерту оңай болмай шықты. Мысалы, осы ауданға Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі алғаш рет 10 жыл бұрын көтерілді. Дегенмен, Қарағанды қаласының әкімдігі Октябрьді Әлихан Бөкейханға қимай жүріп алды.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп алты алашқа адал қызмет еткен Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толды. Бірақ, қазақтың бағына туған, халқы үшiн жанын берген ұлт көсемі өзінің туған жерінде лайықты ұлықталмай келгенін, Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру мәселесінің бақандай 10 жылға созылып кеткенін өзі негізін қалаған «Қазақ» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі (Қараңыз: «Октябрьмен қоштасу қиын екен…», №10, 09.03.2021).

Әрине, ештен кеш жақсы. Көңілге бір медеу боларлығы – күні кеше Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан атын беру туралы Қарағанды облысының әкімдігі қаулы және Қарағанды облыстық мәслихаты шешім қабылдады. Осылайша, бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тарту болды.

Иә, бұл сүйінші сұрайтындай-ақ жаңалық! Өйткені, Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесінің көтерілгеніне де 10 жылға жуықтағанын жоғарыда жаздық. Айталық, 2012 жылы сол тұста «Болашақ» университетін басқарған Нұрлан Дулатбеков Қарағанды облыстық ономастика комиссиясына қала ауданына Алаш қайраткерінің есімін беру туралы ұсыныс жолдаған болатын. Дегенмен, бұл мәселе «халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген» деген желеумен жабулы қазан күйінде қалып келіп еді.

Сөз болып отырған ауданға Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесі 2016 жылы оңтайлы шешілетіндей болып көрінді. Себебі, Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойында халықтан сүйінші сұрады. Оған бәріміз қуандық. Бірақ, әкім уәдесінің соңы сиырқұйымшақталып кетті.

Бұған дейінгі әңгіме ауанына қарасақ, Қарағанды басшылары Әлихан Бөкейханның есімін қаланың аудан атына беруге батылдық таныта алмай келген ұқсайды. Қаланың 40 пайызын құрайтын орыстарға жалтақтады. Әрине, атқа мінерлер мұны ашық айта алмады. Сөйтіп, шенділер Октябрь ауданын Әлихан Бөкейханның есіміне ауыстыру жұмыстарының созылып кеткеніне түрлі сылтау айтты. Айталық, Қарағанды қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаеваның сөзіне қарағанда, әкімдік 225 мың халқы бар ауданның атын өзгерту үшін қанша шығын кететінін есептеп шығарған. Өйткені, Октябрь ауданының әкімшілігі, прокуратурасы мен полиция бөлімі секілді мемлекеттік мекемелер мөрі мен құжатын бюджеттің қыруар қаржысына ауыстыруға тура келеді.

Негізі бұл сылтау ғана, мәселе ақшада емес, мәселе қаланың Октябрь ауданына ұлт көсемінің есімін қимайтындарда болып тұрғанын көктемде газетімізде ашық жаздық. Мысалы, Нұрмұхамбет Қанапияұлының 2016 жылғы мәлімдемесінен кейін құрамында бірнеше мүшесі бар «Сарыарқа» пікірталас клубының мүшесі Юрий Мирзоев: «Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың Әлихан Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымын», – деп жасырмай айтты.

Юрий Мирзоев сияқты Дмитрий Бойка дейтін тағы біреу: «Октябрь ауданының атауы өзгерсе, бұл шараға мемлекет қаржысы босқа кетеді», – дегенді желеу етті. Яғни, шығын туралы сылтауда «желдің қайдан соққанын» ішіміз сезеді. Көзі тірісінде Әлекеңнің өзі айтқандай, «көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр» болды.

Әрине, Юрий Мирзоев, Дмитрий Бойка сынды шовинистердің көзқарастарынан кейін шенділердің ұлт көсеміне аудан атын беруді жылы жауып қоя салулары немесе кешіктірулері жер мен елдің иесі қазақтың алдында ұят тірлік болғаны жасырын емес.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осы олқылықтың орны толды. Оған жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп жазғаны түрткі де болған шығар.

Қалай десек те, 155 жылдық мерейтойы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан есімі енді Қарағанды қаласындағы бір ауданға беріліп отыр. Қуан, қазақ!

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here