Орынды ұсыныс (Газет көтерген мәселе қолдау тауып жатыр)

0
6656

Туған еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Елбасы мен Президентіміздің басшылығымен көп шаруа жүзеге асырылды. Әсіресе, халқымыздың азаттығы мен бостандығы жолында ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды құрметтеуде, есімдерін ел есінде мәңгіге қалдыруда атқарылған шаралар жан сүйсіндіреді. Мәселен, жуырда Елорданың бірнеше мектептеріне белгілі тұлғалардың есімі берілсе, күні кеше ғана Қарағанды қаласының бір ауданы Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның атымен аталды. Өте құптарлық бастама, өңірлік деңгейдегі мектептерге де сол ауылдан шыққан жергілікті тарихи тұлғалардың есімі беріліп жатса несі айып.

Алайда, өз деңгейінде еленбей келе жатқан тұлғалар бар. Солардың бірі де, бірегейі де – Алаштың көрнекті қайраткері, Ресей думасының мінберінен алғаш сөйлеген қазақ, қазақтың тұңғыш заңгерлерінің бірі, заманында «Ахаң юст» атанған Торғай елінің тумасы Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов.

«Ахаң юсттің» халқы үшін, оның нұрлы болашағы үшін жасаған еңбегі орасан. Соның бәрін тәптіштеп тізіп шығудың өзі біраз уақыт алады. «Ахаң юст» туралы бұған дейін жергілікті және орталық баспасөзде тарихи-танымдық материалдар жарияланғаны белгілі. Сондықтан өмірдерегіне тоқталмай, қайраткердің істерін насихаттау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталуды жөн көрдік.

Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановты басы Алаштың көсемі, Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейхан болып ерекше құрмет тұтқаны белгілі. Мәселен, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басында Орынборда жиналған қазақ зиялыларының ортасында аса сыйлы үш-төрт адам болды. Екеуінің  есімі Ахмет-тін. Жұрттың құрметі сонша, екеуін не аты-жөнін, не кеңестік «жолдаспен» атаудың өзін жөн көрмеген. Үлкен-кіші екеуін де Ахаң деп аялаған. Сондықтан бірін – «Ахаң юст», екіншісін – «Ахаң прос» деп даралап алған.

Ахаң простың кім екені бүгінгі ұрпаққа жақсы аян. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Орынборда Казревком мүшесі, оқу-ағарту комиссары, бүкіл білім беру, ғылым, баспа, мәдениет, оқулық мәселесіне тікелей ұйытқы адам Ахмет-прос болмай қайтеді?!

Екіншісінің неге Ахмет-юст аталуы енді түсінікті шығар. Ондай мәртебеге, әрине, зеректі заңгер, әділ төреші адам ғана лайық болмақ. Ахаң-юст деген құрметке ие тұлға – Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов еді. Міне, Кеңес заманында есімі ескерілмей, ұлттық энциклопедиямызға енбей қалғандықтан, Бірімжановты білетіндер бірен-саран. Әбіш Кекілбаевша айтатын болсақ, «Ахмет Бірімжанов әлі күнге дейін тарихтың абақтысында ұзағырақ отырып қалған тұлғалардың» тізімінде тұр.

Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Еркін Әбілман тарихымызға жаңаша мұқият көңіл бөліп, зерделеуге зор мүмкіндік беретін Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты берген сұхбатында: «…Мәселен, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан тарихи тұлғалар туралы айтатын болсақ, «Ахаң юст» атанған Алаштың көрнекті қайраткері Ахмет Бірімжанов деген азаматтың болғаны туралы ауыз ашпаймыз. Неге?» деп Тобыл-Торғай өңірінің басқару тізгінін қолына ұстаған басшыларға сауал қойған болатын (Қараңыз: «Қостанай таңы» газеті, 28.11.18 ж.). Шындығында, Ахмет Бірімжанов орынсыз ұмытылып, осы кезге дейін аты өз деңгейінде аталмай келеді.

Биыл желтоқсан айының 7 жұлдызында «Ахаң юст» атанған Алаштың көрнекті қайраткері Ахмет Бірімжановтың туғанына 150 жыл толды. Осы мерейтой қарсаңында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Qazaq» газетіне «Ағайынды Бірімжановтар ескерусіз қалмаса екен…» атты мақала жарияланды. «Әділет,  шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, кешігіп жетеді» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тарихтың көлеңкесінде қалып қойған Алаштың көрнекті қайраткерін жарық дүниеге шығару жұмысы осы мақала баспасөз бетіне шыққан соң қолға алынды.

Жуырда (17 қараша) осы көтерілген мәселеге байланысты Жангелдин ауданы Шеген ауылындағы Амангелді орта мектебінің педагогикалық ұжымы тарихи әділеттілікті орнына келтіру үшін аталмыш орта мектепті сол жерде туған Алаштың көрнекті қайраткері Ахмет Бірімжановтың атымен өзгерту жөнінде жиын өткізді. Мектеп ұжымының қабылдаған шешімін Шеген ауылының тұрғындары да қолдап, аталған білім ошағына киелі Тосынның төл тумасы Ахмет Бірімжановтың есімі берілуі ел Тәуелсіздігінің торқалы тойына тамаша тарту болғанын айтуда.

Сондықтан Шеген ауылы ұстаздарының тарапынан көтеріліп отырған ұсыныстың жүзеге асуына Жангелдин ауданын басқарып, киелі Торғай жерінде ұлттық рухымыздың салтанат құруына еңбек етіп келе жатқан билік басындағы азаматтар ықыласпен қарайды деп үміт етеміз. Өзінің ұлы перзенттерін ұлық тұту, ардақтау – өсер елдің абыройлы парызы екенін ұмытпауымыз керек. Біз сыртта жүрсек те, Торғайдың кіндігінен байланған төл перзенттері  ретінде істің сәтті аяқталуына тілектеспіз. Түптеп келгенде, зиялылық пен парасат жеңіп, жеңіс – нағыз табандылық танытқан Шеген ауылы орта мектебінің ұжымы жағында болады деп сенеміз.

P.S. Торғайдан шыққан тарихи тұлғаларды қастерлеу, ұлықтау – баршамыздың парызымыз. Осы турасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу – сіз бен бізге аманат» деген ұлағатты сөзін қолдап, Шеген ауылы ұстаздарының орайы келіп тұрған игі бастамасына атсалысайық, ағайын!

КӘРІМЖАН БЕКБОЛАТОВ, зейнеткер, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы.

САҒИ ӘБІЛХАСЕНОВ, зейнеткер, қарт журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

АСҚАР БАЙЖҰМАНОВ, зейнеткер, ҚазССР-не еңбегі сіңген дәрігер, Арқалық және Жангелдин ауданының Құрметті азаматы.

КЕҢЕСБЕК МӘУЛЕТОВ, зейнеткер, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі, Мемлекеттік банк саласының ардагері.

РАҚЫМ РЫСКЕЛДИН, зейнеткер, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы.

ИБРАҺИМ АҒЫТАЕВ, зейнеткер, ҚР-нің «Үздік өлкетанушысы» төсбелгісінің иегері.

ҒАЛЫМ БАЙНАЗАРОВ, зейнеткер, э.ғ.д., ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, Мемлекеттік банк саласының ардагері, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі.

СЕРІКБАЙ ОСПАНОВ, ақын, ф.ғ.к., профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, Әлем халықтары және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай қаласының Құрметті азаматы.

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

КЕҢЕС АРЫСТАНОВ, зейнеткер, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, ҚР ІІМ құрметті ардагері.

СҰЛТАШ ОСПАНОВ, зейнеткер, Мемлекеттік қызмет ардагері.

ЖҰМАБЕК ЖАНДІЛДИН, байырғы журналист, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының академигі.

РАУЫЛ АХМЕТЖАНОВ, зейнеткер, Мемлекеттік қызмет ардагері.

РОЗА ӘБДІКӘРІМОВА, х.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТОВ, журналист, э.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры.

ЖАНТЕМІР ХАМЗИН, кәсіпкер,  тех.ғ.д., «Отырар» жастар тұрғын үй кешенінің Бас директоры.

ГҮЛМИРА СҰЛТАНҒАЗИНА, Ахметтанушы, т.ғ.к., Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры.

ДАНИЯР ИХСАН, Ғазымбектанушы, жас зерттеуші-ғалым, «Қыр баласы» қоғамдық қорының ғылыми қызметкері.

 РҮСТЕМ БІРІМЖАНОВ, ұрпағы, х.ғ.к., «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының жоғары технологиялар институтының бас ғылыми қызметкері.

ЕРТАЙ ҚАРАБАЛА, ҚР ІІМ зейнеткері, «Тархан ұрпақтары» қоғамдық қордың үйлестірушісі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here