«Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұлтанына» Дубайға жолдама берілді

0
1297

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ана тілі аруы – Жігіт сұлтаны» – 2021 байқауы өтті. Студенттер сенаты ұйымдастырған байқауға оқу орнының студенттері және Алматы қаласы университеттерінің жастары қатысты.

Дәстүрлі шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Мұндағы басты мақсат – жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастар­дың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, бүгінгі қыздар мен жігіт­тердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін дамыту, сұлулықты насихаттау. 

Байқаудың алғашқы кезеңіне 200-ге жуық қыз-жігіт өтініш білдіріп, олардың тек 32-сі екінші кезеңге өтті. Ал ақырғы айналымда ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТ, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дан 8 ару мен 8 сұлтан бақ сынады.

Алғашқы бөлімде қатысушылар өздерін өлең шумақтары, ән және жыр-термемен кеңінен таныстырса, сұрақ-жауап барысында бұрымды арулар мен сері жігіттер терең білімі мен биік ой-өрісін танытты. Жастардың көне сөздерді біліп, ел тарихын тарқатуы, қазақтың ұлттық мәдениеті мен ел егемендігі жайында айта білгені көрерменнің көңілінен шықты. Сән үлгілерін көрсету сәтінде талантты жастар ұлттық киімдермен қатар, заманауи CASUAL стилін үйлестіре ұсынса, соңғы бөлімде көпшілікке өз өнерлерін паш етті. Әсіресе өнер сайысында тарихтан сыр шертіп, бүгінгі заманның, қоғамның түйткілді тұсын қойылымға арқау еткен жастардың тапқырлығына көпшілік риза болды. Бірі патриоттық ән шырқаса, бірі қазақтың композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертер көрініс қойды.

Жастардың өнері мен білімін саралаған сайыстың әділқазылар алқасында елге танымал эстрада жұлдыздары мен блогерлері, актерлар, ҚазҰУ-дың департамент басшылары сынды өз саласының саңлақтары төрелік етті.

Нәтижесінде жүзден жүйрік шыққан кіл мықтылар арасынан сән-салтанаты әрі ақыл-ой парасатымен ерекшеленген жеңімпаздар анықталды. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Данияр Жетпісов байқаудың бас жүлдесін иемденіп, «Жігіт сұлтаны – 2021» атағын жеңіп алды. «Ана тілі аруы – 2021» атағына ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті Нұрсәуле Аманжан лайықты деп танылып, ақылына көркі сай аруға бас жүлде табысталды. Екі жеңімпазға демеушілердің атынан Дубайға жолдама берілді.

Сонымен қатар «Жігіт сұлтаны – 2021» байқауы бойынша I орынды ҚазҰУ-дың тарих факультетінің студенті Ернұр Жаңбырбаев, II орынды С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жалпы медицина факультетінің студенті Орынбасар Тәңірбергенов, III орынды ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің студенті Шерхан Тұрта қанжығасына байласа, «Ана тілі аруы – 2021» байқауы бойынша I орынды ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті Құралай Құрман, II орынды ҚазҰУ-дың филология факультетінің студенті Ғанибет Есетова, III орынды ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің студенті Гүлмаржан Ғалымова иеленді. Байқауға қатысқан арулар мен серілер түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Өнерімен көрерменді тәнті еткен талапты жастарға Jewelux компаниясы, DANA NABI, JADO сән үйлері және өзге де көптеген ұйымдар демеушілік көрсетіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here