Тәуелсіздікке тарту: «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешені

0
1116

Кеше, 25 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында Қазақ елінің азаттығы үшін күрескен Алаш арыстарына арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешеннің ашылуында «Алаш ұраны» гимні орындалып, «Алаш» партиясының туы көтерілді.

Мемориалдық кешенде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды белгілі Алаш қайраткерлерінің барельефті бейнелері бар.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Темірбек Жүргенов пен Ұзақбай Құлымбетовтің туыстары, қоғам қайраткерлері мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ең қилы кезеңдерде халқымыздың жігері жасып, қайраты қайтқан жоқ. Азаттық жолында құрбан болған асыл азаматтардың ерлігі арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сөйтіп, тарихтың көлеңкелі тұстарын қайта зерделеп, жоғалған рухани құндылықтарды қалпына келтіруді қолға алдық. Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарды ұлықтап, олардың тауқыметке толы тағдырынан тағылым алуға тиіс. Тарихтан тағылым алмағандар үшін қасырет әрдайым қайталанады. Бүгінгі «Азаттықтың ақ таңы» тарихи кешені Тәуелсіздік жолында күрескен Алаш қайраткерлеріне, олардың мұрасына деген адалдығымызды аңғарту мақсатында ашылып отыр. Сан ғасырлар армандаған тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі ұрпақ бабалар рухына бас иіп, тағзым етеді. Тарихи жадымызды жаңғыртуға бағытталған ісіміз оңынан болсын», – деді Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде.

Шара соңында қонақтар мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында орналасқан «Азаттықтың ақ таңы» атты рельефті композицияның биіктігі – 5 метр, ал ұзындығы – 7 метр. Жоба авторы – мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here